Қанатты сөз – қазына. 1-кітап - страница 3
– Мана көз ұшында біз көргеннен биенің бұтында отырып едің, сонан бері биеңді сауып отырдың ба, жоқ жай отырдың ба? Біз соның жайын білейін деп жаныңа келіп едік, – депті.
– Биемнің жуырда иімейтұғын жаман мінезі бар еді, сол мінезі ұстап, күні бойы иімей, жаңа ғана сіздердің алдыңызда зорға иіді, – дейді.
– Бәсе, солай ғой, онан басқа манадан бері сауып отырған болсаң, бір көл болып ағарлық болды, – дейді жолаушылар. Кісілер былай кетісімен, сүтті сабасына құйса, көнектің түбіндегі қара тас төрт бөлінген екен. «Адам тілі тас жарады, тас жармаса, бас жарар», – деген сонан қалған екен. Егер ол тасты салмағанда, биеге кәдік* болады екен.
АҒАЙЫН АРАСЫН ЛАСТАМА
СЫРТТАН ӨСЕК АЙТЫП ДАТТАМА
Сүлеймен деген ағайын болыстықтан дәмесі болып Мәтжан бидің сыртынан күңкілдеп сөз жүргізсе керек. Осындай алып-қашты сөзді сырттай естіген Мәтекең бір күні Сүлейменнің үйіне келіп, «Осы мөрді бір ыңғайлы болса тапсырам деп ойлап қоямын. Бір ойым осы Сүлейменнен артық кім бар деп те қояды», – деп Мәтекең сөз бастайды. Сонда Сүлеймен: «Ойбай, Мәтеке, айта көрмеңіз, мен тек отбасынікімін ғой. Ортаға түссем бүрісіп-тырысып қаламын ғой», – деп ақталыпты.
Сонда Сүлекеңе қарап: «Ағайын арасын ластама, Сырттан өсек айтып даттама», – деп жеңілауыздығын бетіне басқан екен.
Ағайын арасына от салып, бір-біріне айдап салып, шағылыстырма, ұрыстырма. Олардың сыртынан өсек – сыпсың сөз айтып, бір-біріне жамандама. Одан саған пайда түспейді, осы ерсі істерің ертелі-кеш жұрт құлағына жетіп, жаманатты боласың деген астарлы ой жатыр.
АҒАРЫП АЛДЫМА ТҮСПЕ
ҚАРАЙЫП СОҢЫМНАН ҚАЛМА
Бәйдібек бидің бәйбішесі – Сарықыз, екінші әйелі – Зеріп, кіші әйелі – Нұрила (Домалақ апа, Домалақ ене) деген кісілер болған. Сарықыз бәйбішелік жолын арқа тұта ма, жоқ әлде табиғаттың бойына дарытқан қасиеті ме, әйтеуір, төңірегіне қатал, адуын мінезімен танылады. Әсіресе ақыл-парасаты кемел Нұриланы Бәйдібек биден қызғанып, қисынсыз жерде мінез көрсетеді екен.
Бірде Нұрила тезек теріп үйіне қайтып келе жатса, алдынан Сары (Сарықыз) бәйбіше шығып, қамшы жұмсай бастапты. Сары бәйбішенің Нұриланы жазықсыз зәбірлеп жатқанын көрген келіні Сыланды (Иісті) жүгіріп шығып араша түседі. Адуын бәйбішенің сермеген қамшысына арқасын тосып, Нұриланы қорғаштайды.
Осы оқиғадан кейін Сыландыға риза болған Нұрила: «Ағарып алдыма
Кәдік* – қауіп, зақым.
түспе, қарайып соңымнан қалма», – деп батасын береді.
Дуалы ауыз, қасиетті Нұриланың батасы қабыл болып, Сыландының ұрпағы өсіп-өнеді. Бірақ, көптігі жөнінен Нұриланың ұрпағынан асқан емес. Бұлай болуы Нұриланың «Ағарып алдыма түспе, қарайып соңымнан қалма», – деген батасына байланысты еді дейді.
Бәйдібектің тоқалы Нұриладан – Тілеуберді (Жарықшақ), Жарықшақтан – Албан, Суан, Дулат тарайды. Бұларды қараүйсін деп те атайды.
Жалмамбеттің екінші әйелі Сыландыдан – Ысты, одан – Ойық, Тілік, Сызық туған. Жалмамбеттің кіндігінен тараған шапырашты, ысты, ошақты аталарын жинақтап «Ақүйсін» деп те атайды.
АҒАШ ЕКСЕҢ, КҮНӘҢ ЖЕҢІЛДЕЙДІ
Ертеде бір қандықол қарақшы тәубе еткісі келеді. Ол Шайқы Бұрқы әулиеге келіп:
– Мен қырық жыл бойы қан төктім. Зұлымдықтан басқа іс жасамадым. Енді тәубеме келдім. Не амал жасасам, Алла күнәмді кешеді? – деп сұрайды. Шайқы Бұрқы:
– Жол жиегіне жеміс ағашын ек. Өткен-кеткен жолаушылар саясына паналасын. Жемісін жесін, шөлін қандырсын, – дейді.
Қарақшы жолдың жағасына көп ағаш егіп, баптап өсіреді. Арада бірнеше жыл өткенде ағашы жайқалып, бауға айналыпты Жолаушы дем алып, керуен ат шалдыратын саялы баққа айналады. Бір күні Шайқы Бұрқы жолаушылап келе жатып, қарақшының бауына кезігеді.