Читать онлайн Кеңес Оразбекұлы - Қанатты сөз – қазына. 2-кітап



© Кеңес Оразбекұлы, 2020


ISBN 978-5-4498-8981-2 (т. 2)

ISBN 978-5-4498-7632-4

Создано в интеллектуальной издательской системе Ridero

Кеңес Оразбекұлы


Қанатты сөз – қазына


2 -кітап


Қанатты сөзге байланысты ой-түйіндеулер мен мысал-деректерді жинап, құрастырған, мән-мағынасын түсіндірген Кеңес Оразбекұлы Дүйсен.


«Қанатты сөз – қазынаның» бұл екінші кітабында халық арасына кең тараған мақал-мәтелдер мен қанатты сөздердің, тәлімді сөз тіркестерінің 700-ден аса үзінді-үлгілерін жинап, құрастырып беріп отырмыз. Олардың шығу тегін танымал жазушылар мен этно-графтардың, тарихшылар мен журналистердің, тағы басқа мамандық иелерінің халық салт-дәстүрлері мен этнографиясына, тарихы мен өмір-тіршілігіне, ру шежірелері мен табиғи құбылыстарға қатысты ой-түйіндеулерінен, мысал-деректерінен үзінділер келтіріп, әр қайсысын түсіндірмелермен толықтырып отырмыз.

Бұл кітап та қазақ оқырманының қуанып табысатын, дүркін-дүркін сүйсіне қолына алып, ондағы ойларды өмірлік бағдарына айналдырып, әр шаңырақтың қымбат рухани қазынасының қатарына қосар деп сенеміз.

Жинақ балалар мен шәкірт жастарға, ұстаздар мен көпшілік оқырманға арналған.


«Кейде дәу ірі қараны пышаққа жыққан отбасы бір аяғын жылқы етіне немесе жылқы сойғаны сиыр етіне алмастыратын. Осылайша ел іші жылқы етінен де, сиыр етінен де ауыз тиетін. Ал қаңтар-ақпан айларында ауылдың үлкендерін шақырып, «соғымнан дәм татқызу», «шеке жегізу» деген жоралғылар жасалатын. Келген қонақтың бәрі: «Соғымдарыңыз шүйгін болсын», – деген тілек айтатын. Сөйтіп ауыл болып бірін-бірі қонаққа шақыру қыс бойы жалғасатын еді. Бұл халықтың бауырмашыл, бірлікті де берекелі болуына жақсы үрдіс бастамасы десек қателеспейміз. Соғым басына келе алмаған сыйлы адамдардың сыбағаларын анам сарымайдай сақтайтын. «Ескерсең ескі асыңнан сақта», – деген сөз осыны айғақтаса керек. Қысты күні жүре алмайтын кемпір-шалдардың сыбағаларын анам жеке-жеке дорбаға салып, оны шанаға байлап, бір парақ қағазға керекті мәліметтерді жазып, осы кісілердің үйлеріне апарып бер дейтін. Бұл мәртебелі шаруаға мені жұмсағанына мәз болып, барған жеріме: «Сыбаға әкелдім», – деп мақтанышпен ұсынатынмын. Разы болған қарттардың баталарын алып, қолыма ұстатқан тәтті мәмпәсилеріне тойып қайтатынмын. Шіркін, қазақтың соғымы ұзақ қыста таусылмайтын мейрам еді. Қазір бәрі өзгеше…». (А. Сексенбаева, 37.).

Сый-құрметің, сыбағаң үзілмесін, қарым-қатынас жасап тұр деген мағынада ұғынылады.

А

АБЫЛАЙ АСПАС АСУ

(Екінші нұсқа) *


«Абылай хан „Жайыл қырғынын“ жасаған соңғы жорығында қазақ пен қырғыздың нақты шекара сызығын белгілеп, ащы ішекше созылып бара жатқан қоныс дауын түбегейлі шеше алды. Бұл жөнінде Халел Досмұхамбетов « Кенесарының соңғы күндері» атты шығармасында:

«Қонысқа таласып қырғыздармен де бір мезгіл соғысты. Ақы-рында қырғыздармен келіс қылып, жердің шегін айырды. Алатаудың қыры екі ағайынды жұртқа шекара болды. «Абылай аспас асу» деген сөз сонан қалды» (Х. Досмұхамбетов. «Кенесарының соңғы күндері» 1994. Жалын. №9 – 10) дейді». (М. Исахан, Р. Оразов,50.29.10.2009.).

«Абылай аспас асу» дегеннің мағынасы, бұл асу шекара, одан Абылай ханның өзі аса алмайды, оның ар жағына Абылайдың бұйрық-өкімі жүрмейді деген сөз.


АДАЙДЫҢ БЕЙІТТЕРІН КӨРГЕНДЕ ӨЛГІҢ КЕЛЕДІ


«Кіші жүз ру-тайпаларының арасында, әсіресе, адайлар арасында бейіт соғу, мола салу, құлпы тас орнату дәстүрі айрықша дамыған. Үстірт үстіндегі, Арал төңірегіндегі байтақ қорым-пантеондар қазақ-тың молалық-сәулет өнерінің озық үлгілері болып табылады. Әйгілі тұлғаларды даралап жерлеу, сын тастарды әулет-ата мен ру-тайпа бойынша көшелеп орнату, қыз-келіншектерге оқшау шоғыр етіп там соғу сияқты ежелден бастау алған дәстүр назар аударарлық.

Қарақалпақстанның Қоңырат ауданындағы Дәуіт ата қорымында адай қыз-келіншектеріне бірінен-бірі әсем ақшаңқан күмбездер шоғыры бөлек соғылған.

Мұндай молалық – сәулет өнерінің үлгілерінен байырғы наным-сенімнің белгілерін айқын байқауға болады. Жергілікті ұлутас сияқты құрылыс материалдары дәстүрлі наным-сенімді айрықша кие тұтып, адам ықыласының заттана көрініс табуына мол мүмкіндік берген». (А. Сейдімбек, 93. 626-бет).

Бұл сөз тіркесі бір жағынан адайлардың бәсекелестікпен салынған бейіттеріне таңданысты байқатса, екінші жағынан өзінің де басына осындай бейіт орнар ма екен дегендей аңсарлы ойды жеткізеді.


*«Қанатты сөз-қазына», 1-кітабын қараңыз.


АДАМ – ӘРІ ЖОЛ, ӘРІ ЖОЛАУШЫ


«Сопылар „адам – әрі жол, әрі жолаушы“ дейді. Кез келген адамның жетістік әрі қателіктерімен өзі басып өтер өмір жолы бар. Ол – соның жолы, яғни адамның өзі – жол. Сонымен бірге отырсаң да, тұрсаң да, ұйықтап жатсаң да, сен бұл пәниге уақытша келген жолаушысың. Бәріміздің баратын, тоқтайтын межеміз – бір. Сон-дықтан өлетін-өлмейтін кезін пенде білмейді. Бұл бір Аллаға аян». (Б. Момышұлы, 15.71-б.)

Иә, әр адам өзінше жол, артында отбасылық, ел ішілік өмір қолтаңбалары қалады. Атқарған еңбек нәтижелері, шығармашылық, ғылыми еңбектері қалады дегендей.

Сондай-ақ Б. Момышұлы айтқандай әр адамның өз жолы, өз тағдыры бар, яғни, әр адам өзінше бір жатқан жол. Ол жолды қанша қаласа да басқа адам қайталай алмайды, сүре алмайды. Сондай-ақ әр адам аумалы-төкпелі, ащылы-тәттілі өмірдің, тағдырдың иесі, ұзынды-қысқалы шым-шытырық өмір жолының жолаушысы. Оны басқа адам қанша қаласа да алмастыра алмайды. Адамның әрі жол, әрі жолаушы болатыны, адамдардың бір-бірін құрметтеп, бағалап, жолдарын қия кеспеуі тиістігін осылайша ұғындырып тұр емес пе.


АДАМЗАТТЫҢ БӘРІН СҮЙ БАУЫРЫМ ДЕП


«Абай гуманистік көзқарасты насихаттады. Ол адам атаулы жаратылысында бірдей деп қарады. Өзін өзгеден артық санай-тындарды сөгіп, „менімен сен тең бе деп мақтанасың, білімсіздіктің белгісі ол баяғы“ деді „Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп“; „Атаның баласы болма, адамның баласы бол“ дейді. Ол жалпы адамзатты түгел сүюге және оларды тең көруге үндейді, өте-мөте ауыр азап арқалаған мазлұмдарға* жанашырлық істеп, іш күйдіруді дәріптейді. „Мазлұмға жаның ашып, ішің күйсін, қаракет қыл, пайдасы көпке тисін“ дейді». (М. Қани,55. 348-б.).

«Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп». Былайша айтқанда, өз туғаныңмен, бауырыңмен қандай қатынаста болсаң, өзге адамдармен де сондай қатынаста бол деген ойды жеткізіп тұр. Абайдың үлкен гумманист ақын екені осы сөзінен-ақ аңғарылып тұрғандай.


АҒАЙЫННЫҢ АТЫ ОЗҒАНША,

АУЫЛДАСТЫҢ ТАЙЫ ОЗСЫН


«Жазда болатын ас-тойлардың бір қызығы бәйге. Жүйрік аттары жорғаларын, сәйгүліктерін баптап жарататын. Аты бәйгеден келген қазақтың қуанғаннан төбесі көкке жеткенддей болады. Ондағы бәйгеге келген жүлде емес (кейбір астарда бірінші бәйгеге жүз қараға дейін, кейде одан да көп жүлде тігілетін) – атағы. Жүлдеден ат иесі өзіне ырымға деп бірдеңе алып қалғаны болмаса, негізі оны ауылдастары, туған-туысқандары, жолдас-жораларына бөліп беретін. « Ағайынның аты озғанша, ауылдастың тайы озсын» деген мақалдың шығуына осы дәстүр де себеп болуы мүмкін. Бұл- қазақтың ұлттық мінезінің бір көрінісі». (С. Қалиев, М. Оразаев, М. Смайылова, 57.104-б.)

Бұл мақал ауылдасқа, көршіге, дос-жаранға деген тілектестік ниетті білдіру, байқату үшін айтылады.


АҒАЙЫН ТАТУ БОЛСА АТ КӨП,

АБЫСЫН ТАТУ БОЛСА АС КӨП

(Екінші нұсқа) *


«Ағайынды жігіттердің әйелдері бір-біріне «абысын» болады. Абысындар өзара жақын, сырлас, мұңдас болады, бірігіп, ынтымақты жұмыс істейді. Бір-бірінің өкпе, назын, әзіл қалжыңын кектемеуі керек. Қазақта «Ағайын тату болса ат көп, абысын тату болса ас көп» деген сөздің философиялық мағынасы осындайдан шыққан. Абысындардың үлкені «шешей», кішісі «келін» деп аталады.

Халықтың тағылымында «абысын асы» деген дәстүр бар. Ері жолға шыққанда, олар абысындарын шақырып, дастарқан жайып, әңгіме-дүкен құрады. Бұл дәстүр олардың сыйластық, татулық, бірлік-ынтымағының белгісі әрі ұлттық тәрбиенің бір түрі» (С. Кенжеахметов, 43. 202-203-б.).

Яғни, ағайын мен ағайын, абысын мен абысын тату, ынтымақты болса, үйлеріне береке байлық, молшылық та келеді деген ойды береді.


*«Қанатты сөз-қазына», 1-кітабын қараңыз.


АҒАЙЫННАН ЖАТ ЖАҚСЫ – СЫЙЛАСА АЛСА,

АРҒЫМАҚТАН ЖАБЫ ЖАҚСЫ – ШАБА АЛСА


«Біреудің жанына екінші біреу көшіп келгенде, оның керегесін жайысып, шаңырағын көтеріп, уығын шаншысу – қазаққа бұлжы-майтын тәртіп. Жаңа көршінің үйі тігіліп болған соң, көмектескен көршілер бір-бір малын сойып, оны үй ішімен асқа шақырады. Бұған ауыл болып мәре-сәре болады. „Көрші хақысы – тәңір хақысы“ деп түсінетін қазақта, міне, осыдан бастап өзара көмек, қормалдық, сенім басталады. Алым-берім жүреді. Мұның негізгі ұйытқысы – әйелдер. Бұлар бір-бірімен етене болып кетсе, еруліктің жалғасы берекеге ұласады. Көршілерде той-томалақ, өлім-жітім ортақ атқарылады. Бірге қуанып, бірге қайғырады. Содан келіп „Ағайыннан жат жақсы – сыйласа алса, арғымақтан жабы жақсы – шаба алса“ дегенді қазақ осыдан шығарған». (А. Жүнісұлы, 9. 13.04.1995.)

Ағайындарымен, жақын дос-құрбыларымен араласып-құраласып, барысып-келісіп сыйласуды білмейтін тұйық, жатбауыр адамдарды сынағанда айтылады.


АҒАСЫ БАРДЫҢ ЖАҒАСЫ БАР,

ІНІСІ БАРДЫҢ ТЫНЫСЫ БАР


«Қазақта ағаны арқа, ініні медет тұтады. Содан: „Ағасы бардың жағасы бар, інісі бардың тынысы бар“ деген мақал тараған». (М. Рүстемов, 86.75-б.).

Бұл – бірге туған бауырлар немесе жақын, ағайын адамдар бір-біріне қарайласып, көмектесіп тұрады. Сондайда ағасы інісіне сүйеніш, қорған болады, інісі ағасына қолқабыс етіп, қолын ұзартады, тынысы болады дегені.


АҒЫ БАРДЫҢ – БАҒЫ БАР


«Сүттен қымыз, шұбат, айран, қатық, сары май, ірімшік, құрт, сүзбе, қаймақ сияқты ішетін, жейтін, сусындайтын алуан түрлі тағам әзірлейді. „Ағы бардың – бағы бар“ деп қазақ халқы сүт тағамын бақыт несібесі деп білген». (С. Қалиев, М. Оразаев, М. Смайылова, 57. 67-б.)

Яғни, сиыры, сауын малы бар үйдің бағы бар дегенді білдіреді. Бір сиыр бір үйлі жанды, тіпті артылып бара жатса, көрші-қолаңды ақпен жарылқап, сүтін сатқанның өзінде тиын-тебенін айырып, күн көрісіне сеп болмай ма.


АЗДЫҢ АТАСЫ БІР


«Ұрпақ сабақтастығы ұзарып, түпкі атадан өрбіген үрім -бұтақтың арасы бірнеше буынға ұласады. Алайда, ұрпақ қаншалықты өсіп-өнсе де өзінің этнотегін, әсіресе, түпкі атасын ұмытпайды. Сөйтіп, бірнеше ауыл құрайтын жеті атаға дейінгі әулеттер жиынтығы аталастар ретінде айғақталады. Аралары жеті атаға толған аталастар өзара қыз алысып, қыз беріскенімен, өмірдің бір қуаныш, бір өкініш сәттерінде бір-біріне қарайлас болып отырады. Ал, дәстүрлі өмір-салтта болып тұратын жұт, індет, жаугершілік сияқты нәубеттер салдарынан селдіреген аталастар, әдетте түпкі ата-тегін тірек ете отырып, өзара қайтадан кіріге түсетін болған. «Аздың атасы бір» деген мәтел сөзің мәнісі осында. (А. Сейдімбек, 93. 132-б.).

Адамдар өзара күш біріктіріп, қорғаныс, шабуылға дайындалғанда немесе бір іске жабыла жұмылғанда, «Аздың атасы бір» деп, осы мәтелге жүгінген. Яғни, «бес саусақ біріксе, бітпейтін іс жоқ» дегендей мағынаны береді.


АЗ ТАМАҚҚА БАУЫРШЫНЫҢ КЕРЕГІ ЖОҚ


«Бауыршы – ХIV-ғасырларда Дешті —Қыпшақ үлкен мәжіліс-терінде ет турауға шебер, ұста адамдарды арнайы ұстаған. Бұларды „бауыршы“ деп атаған. Ибн Баттута саяхатнамасында Өзбек ханның мәжілісінде болғанда, бұл туралы былай деп жазыпты: Мәжілістер болғанда бауыршылар келеді. Бәрі арнайы жібек киім киіп келеді. Олар етті ұсақтап турайды. Ет тураудың нағыз майталмандары», – дейді.

Бауыршы ескі түркі тілінде бар сөз. Қазақта «Аз тамаққа бауыршының керегі жоқ» деген мақал бар». (Н. Құлмаханбетова, 52. 221-б.).