Бақытты болуды үйреніңіз! 2 Бөлім - страница 2
Сіз қызанақ отырғызып жатқанда, оларға аллергияңыз болса да, ол жерден қызанақ тұқымы өніп шығады. Қызанақ сіздің аллергияңыз бар екен деп сізді аямайды. Яғни қанша өмір заңдылықтарын жақтырмасаңыз да себебін жасағаннан кейін салдарын көресіз. Сондықтан да себебін жасамас бұрын салдары туралы ойлану керек. Жаратушының ескертуіне және оның заңдылықтарына құлақ асу керек.
Сіздің шындық (Ақиқат) деп жүргеніңіз қандай құндылықтар мен сенімдерге негізделгені туралы ойланыңыз. Біздің əрқайсымыз өмірге келген кезден бастап күндер, айлар, жылдар бойы багаж жинаймыз жəне оның ішінде неше түрлі (əр алуан) көзқарастар, ой-пікірлер, түсініктер мен сенімдер жатыр.
АҚЫЛ АЙТПАҢДАР!
«Өз ақылым өзіме жетеді», «Ақыл айтпаңдар маған мүлдем» дейтін адамдар өте көп, олардың сенетін түсініктері мен өмірлік ұстанымдары:
1) Маған жаңа идеялар, ойлар (сенім мен түсінік) қажет емес.
2) Менің өмір туралы өз ой-пікірім бар жəне оларды өзгертуге ешкімнің хақысы жоқ.
3) Мен өзімді өмір бойы дұрыс басқарып келемін, менің сенімім (ой жүйем) дұрыс емес деп айтпаңдар.
4) Мен ақыл айтатын адамдарды естігім, көргім, оқығым келмейді.
Сондықтан біреуді бір идеологияға, əсіресе өзі жайлы шындыққа, жалпы ақиқатқа сендіруге тырысқанда, абай болу керек. Ойлана отырып, талап қоймай, ақылмен жеткізу керек.
Əрқайсымыз өмір сүріп жатқан ортамызда, өздерінің өмір, дін, саясат туралы, өздерінің ой-пікірлері сенімдері мен түсініктері бар. Оларға шабуыл жасау арқылы сіз жорықтан жеңіліспен ораласыз.
Өткен тəжірибе негізінде қалыптасқан немесе басқа адамдардан алынған көптеген наным-сенімдеріміз ақиқатқа сəйкес келмейді, бірақ дүние қызығы, рахаты мен ләззаты деп, жан сақтау үшін біз жалғанға сенеміз. Өзін-өзі сақтау инстинкті (Эгоизм) мен жалған сенімділікке деген қажеттілік теріс əсер ететіні соншалық, біз дүниені ойынға айналдырып өз ережелерімізді, заң-қағидаттарды ойлап табамыз жəне өзімізді осының барлығына шын мəнінде ақиқат деп сендіреміз. Негізі бұл шындық болса да жалған ақиқат.
Бізге еш қатысы жоқ адамдардың сенімін сіңіру, түсінігін қабылдау ақыр соңында құлдыққа алып келеді. Өкінішке орай, біздің айналамыздағы, ортамыздағы адамдар көбіне бұрыс, қате жалған сенім мен түсінік қалыптастырған. Жалпы теріс, жағымсыз, негативті орта адамның өзін-өзі жүзеге асыруына жетістікке жетуіне кедергі келтіреді, бізді шектейді. Екі өмір бақытының біріншісінен ұтылуға себеп болып жатады.
Əділдік болмаса сенім де болмайды. Қоғамда әділдік орнату үшін, бірінші адам әділдікті іште орнатуы керек. Құр бос сөз адамды ақиқатқа сендірмейді.
ҚАТЕ ТҮСІНІКТЕРДЕН АРЫЛЫҢЫЗ
Бақыт = сенімділік пен әрекет (жоғарылату) / қателіктер мен кемшіліктер (азайту)
Адам дүниелік ж/е ақыреттік жетістікке, жеңіске жету мүмкіндігі сенімділіктің жоғарылауына не қате, бұрыс сенім мен түсініктен бас тартуға дайын болуына байланысты. Ауру, кедейлік, сəтсіздік – мұның бəрі өзіне деген сенімсіздіктің, шектеулі мүмкіндіктер мен қабілеттерге деген сенімнің нəтижесі. Ең өкініштісі, біз кейбір жағдайларда өмірдің ақиқат қалағанындай емес екенін түсінген кезде де өмірімізді өзгертуден, жақсартудан қорқамыз, себебі жалған сенім мен түсінік терең орнығып алған. Мысалы сіз бұл кітапты соңына дейін оқи алмасаңыз, сіз өз шындығыңызды өзгертуден қорқасыз деген сөз, сіз өзіңізден басқа ақиқат бар екенін мойындағыңыз келмейді деген сөз.
Біз психологиялық жайлы, қолайлы, ыңғайлы аймақты іздейміз, ол біз үшін қаншалықты жойқын болса да, себебі біз салдарын білмейміз. Ең бастысы, проблемалар мен өзіңіз, өзге, өмір, Құдай туралы қате түсініктерден арылудың жалғыз жолы – біз үшін ыңғайсыз, жағымсыз болған шындық пен ақиқатты мойындау. Ақиқатты жасыру, өзің жайлы шындықтан қашу құлдық пен тәуелділіктің себебі. Ақиқат үгіт-насихатталуы керек, ал өзіңіз жайлы шындықты жасырмауыңыз керек, ол бəрібір ақыретте аян болады. Ақиқат пен шындықтан қашудың орнына өзіңізбен айналысу, жұмыс істеу керек. Ең бастысы дұрыс иман келтіру. Ол жан мен тәннің үйлесімін (балансын) реттеу. Яғни дүние мен ақыретті қатар ұстау.