Көттi қысқан бай болар - страница 7



1.8.1 Адамдарды манипуляциялау: нарық vs реттегіш

Алайда, көпшілік қауіпті. Америкада реттегіш нарық ойыншыларын манипуляция үшін жазалайды. «Миллиарды» атты сериалын тамашаласаңыздар, Америка прокуратурасы осы жағдайларды қадағалайтынын көресіз. Ірі ойыншы құнды қағаздың нарықта құнсызданғаны туралы өтірік дүрбелең тудыртса немесе бағасын көтеріп, ішкі көздер ақпарат арқылы өсек таратса- АҚШ-тың құнды қағаз бен қорлар бойынша комиссиясының қаһарына ілігеді. Ол үшін адамды түрмеге отырғызып, лицензиясын айырылтуға дейін барады.

Ол неге заңсыз? Адамдар соған үйір. Баяғы «МММ» немесе басқа да қаржы пирамидалары сияқты. Адамдардың көпшілігі осындай ұйымдардың әділдігін растай бастағанда, бәріміз де сене бастаймыз. «МММ» де солай басталған, алайда бір кезеңде жабылып тынды. Болды. Манипуляция деген осы. Батыста бұндай пирамидалар заңсыз болып табылады. Ертең Дональд Трамп: «Мына, мына компаниялардың акциясын сатып алыңдар, оларға қомақты қаражат салдым» десе, не болмақ? Саларын салар, бағасы да өсер. Ал халық ше? Трамп өз ақшасын шығарып алар, ал компания болса құлдырайды. Ол үшін Трампты түрмеге отырғызар. Ал біздің елде бұл іс заңсыз болып саналмайды, сондықтан бұл іспен айналысатындар саны көп.

1.8.2 Қысқамерзімді бағыт алғандардың әдеттері

Қысқамерзімді бағыт алғандардың бір ерекшілігі-сараңдық. Бұрыңғы кеңес одақ кеңістігінде 10%, 100%, 200%,, 500% табыс табуына уәде беретін «Понци сызбалары» әлі күнге дейін бар. Себебі біздің халық оған әлі сенеді. Қысқасы: қысқамерзімді бағыт сізге – жау! Сіз алданып қаласыз! Ақшаңыздан айырыласыз! Соны ескеріңіз. Оған балама – ұзақмерзімді бағыт.

Герт Хофстед деген социолог қысқамерзімді және ұзақмерзімді теориясын дамытар кезде бірнеше нәрселерді анықтайды. Қысқамерзімді бағыттағы адамдардың басымы – қарапайым жұмысшылар тобынан шықса, ұзақмерзімді бағыттағылар-орта таптағы және буржуазиялардан шыққандар. Осылайша қысқамерзімді бағыт- кедей адамдарға тән, ұзақмерзімді бағыт-байларға тән боп бөлінді. Бұл ғылыми теория өмірде қалай көрінеді? Қысқамерзімді бағыттағы адам жайбарақат өз денсаулығын ойламай, зиянды дәмді тағамды жей береді. Ол оның әдетіне айналып, денсаулығы нашарлап, күткеннен ерте қайтыс болады. Ал ұзақмерзімді бағыттағылар денсаулыққа пайдалы тағамды жеп, өмірін ұзартады. Кока-коласын анда-санда ішеді. Қорқынышты ештеңесі де жоқ. Қысқамерзімді бағыттағылар айналасына әсер етуге тырысып, ақшасын шашып, қарызға батады. Ұзақмерзімді бағыттағылар бір күнгі қуанышын ертеңнің пайдасына құрбан етіп, сырахана, ресторандардың орнына жаттықтыру залына барады.

Ұзақмерзімді бағытты болу үшін өмірдің шұғыл қажеттіліктерінен гөрі инстинкт пен логиканы пайдалану қажет. Логика бізге шылым шекпе десе де, шылым шегеміз. Ал ішкі түйсігіңізді жеңе алсаңыз, логикаға жүгінсеңіз, шылым шегуді доғарасыз. Қысқамерзімді мен ұзақмерзімді бағыттағылардың айырмашылығы осыда. Осындай нәрселер таптық теңсіздікті тудырады. Кедей жерден болсаңыз – ұзақмерзімді бағытта болу қиындау болады. Бұл сіздің нашар адам болғаныңызға емес, тәжірибеңіз бен сіздің отбасыңыз қандай әдеттер мен құндылықтарды құрмет тұтатына байланысты.

1.8.3 Зефирлі тәжірибе

Зефирмен жасалған тәжірибе туралы естіген боларсыздар. Кішкентай балақайларды 10—15 минутқа зефиры бар бөлмеге қалдырып қояды да «Байқа! Сені осы зефирмен қалдырамыз. Жегің келсе жей бер, бірақ мен келгенше жемей күте тұрсаң, бір зефирдің орнына екеуін аласың. Сонда сенде басқалардан екі есе көп болады» дейді. Балалар «Окей, жақсы, түсінікті!» деп қала береді. Олардың жартысы өз зефирін жеп қойса, қалғаны жемей күтіп отыратыны белгілі.