Өмір – сынақ - страница 14



– Жақсы. Мен бұл мәселені ескерейін.

– Ал, орынбасар ше?

– Сен орынбасарың үшін де сұрап тұрмысың?

– Әлбетте. Ол еш жамандық істемеді. Оның көзіне қалай қарамақпын?

Тергеуші

Тергеушілер әртүрлі болады. Олардың түсінік алуы тәсілдері де қилы-қилы. Қаржы полициясы ғимаратына 09.15 келдім. Кіргізетін қағазды рәсімдеуді күтіп отырмыз.

– Тергеуші кім? – деп сұрады адвокат.

Шақырту қағазына қарасам – Әміров Марат деп тұр екен.

– Марат – салыстырмалы түрде айтсақ, жақсы тергеуші, – дейді адвокат.

Менің түрім бұзылып кетсе керек. «Жақсы тергеуші бола ма?»

– Рас-рас, ол басқаларына қарағанда боқтап сөйлемейді, әдепті әңгімелеседі, – деп қосып қойды адвокат.

Адвокат сөзінің растығына тергеу барысында көзім анық жетті. Біздер қуықтай кабинетке кірдік. Компьютерде жап-жас, сымбатты жігіт отыр.

Тергеу басталды. Мен үндемей қалсам, адвокат мен үшін жауап береді.

Тергеуші:

– Анар Ертөлеуқызына сөз беріңіз.

Ол кезде маған әлі де әкемнің атын қосып айтатын. Себебі, әлі де Үкіметтің мүшесімін ғой.

Адвокат:

– Анар Ертөлеуқызы басында сәл қиналыңқырап отыр, – деді.

Тек басында ғана қиналмадым. Адвокат әркез не айту қажетін білді. Тергеуші көп сұрақ қойды. Тергеу біткенше сансырап қаласың. Адвокат мұндай істерде маған қарағанда тәжірибесі мол адам.

Мен, әйтеуір, басшы болып жаным қалған секілді. Қызметкерлер жұмыс істеу қиын боп кетті деп айтып жүрді. Себебі, Қаржы полициясы таңертеңге шақырады да, күні бойы сарылтып дәлізде күттіртіп қояды. Тергеуге кешке таман бір-ақ кіргізеді. Бірақ, менің қолымнан түк келмеді. Құқық қорғау органдары басқа органдардан бір саты жоғары тұрады. Егер олар елдің көзінше біреуді айыптаса, ары қарай тоқтамайды.

Тергеуші шын мәнінде әдепті екен. Өзін өте ұстамды ұстайды. Оны маған арнайы тағайындаған секілді. Тергеушілердің бейәдеп қылығына арызданбасын деген ғой.

Бір жолы ғана ашуыма қатты тиді. Кезекті тергеуде жас тергеуші дауыс көтеріп, пафосты сөздер айтты:

– Сізге Президент орталық мемлекеттік органды басқаруды тапсырды…

Шыдамай кеттім:

– Мені бағалайтын адам сіз емес, – дегенде дауысым жарықшақтанып шықты. Алайда, адвокат қандай жағдай болса да дауыс көтермеңіз деп ескерткен.

Төрт ай бойы сол тергеушінің тергеуіне барып жүрдім. Төрт жылдан кейін экстрадиция жасалған соң мені тағы да соның алдына әкелді.

2009-жылы тергеу жасағанда ол шындықты түсінуге, анықтауға тырысқан еді. Бірақ, барлық қатысушылардың әрекетін Қаржы полициясының тәжірибесіне сүйеніп қана бағалады. Ол мемлекеттік басқарушылардың арасында пара алмайтындары бар дегенге сенбеді.

Егер мемлекеттік тендер қаржысы жалған фирмалар арқылы қолма-қол ақшаға айналса, онда оларды тек сол мемлекеттік органның басшысы алды дегенге сенеді Қаржы полициясы. Ешкімнің ала жібін аттамайтын, бизнестің салық төлемеу үшін түрлі схемалар жасайтынын білмейтін адал мемлекеттік қызметкер бар дегенге Қаржы полициясы сенбейді.

Төрт жылдан кейін ол ештеңені анықтауға тырысқан жоқ. Менің орынбасарларыма қатысты сот үкімі кесілген. Менің қолыма «Статистер ісінің» 35 томын ұстатты.

Команда

Тергеуден кейін жұмысқа келдім. Агенттікте – өлі тыныштық. Ел сыбырласып сөйлесуге көшкен. Сол сәтте тыныштықтың қорқынышты болатынын сезіндім.

Соңғы екі жылда Агенттікте тыныштық деген мүлде болмаған. Тұтас Агенттік бір команда болып жұмыс істеді. Команда – жақсы сөз. Команда – бәрі бір идеяға жұмылып, бір-бірін қас-қабақтан, ыммен-ақ түсінісе жұмыс істеу.