Өмір – сынақ - страница 3
Ел ішіндегі экономикалық саясатты дамыған елдермен салыстырып талдау жасаса, міндетті түрде мүдделер қақтығысы туындайды. Себебі, салыстырмалы сараптама өз мүдделерін ақтамаса, Үкіметтің тең жартысы оны ауыр қабылдайды. Сараптама олардың дұрыс жұмыс істемей жатқанын көрсететіндей қабылданады. Ертеде жаман хабар әкелетін жаушының басын алатындай, Үкімет басшысы кімнің басын алсам деп іздестіретін. 2005-жылы Үкімет басшысы – Ахметов Даниял Кенжетайұлы болды. Өте қағылез, тым өктем адам. Сондықтан, Президентке жазылатын әрбір сараптамалық хатымыздан соң ол министрлерін жинап алып, дүрсе қоя беріп, қатаң жазалайтын.
Бір күні айтарлықтай оқиға болды. 2005-жылы барлық ұлттық компанияларды – шикізаттық, коммуникациялық және жалпы Қазақстанның экономикасының іргетасы саналатын біріктірілген холдингтер құрылды. Холдингтер басшысының бірі ұлттық компанияны басқарып тұрған басшының жалақысы тым қомақты екенін анықтайды. Соны Президент әкімшілігіне хабарлайды. Әкімшілік басшысы Жақсыбеков Әділбек Рыскелдіұлы – ұлттық компания басшыларының жалақысы жөніндегі көрсеткіштерді сұратты. Мен ол кезде Әлеуметтік-экономикалық талдау бөлімінің меңгерушісі едім. Біз барлық компанияларға сұрау салдық. Бәрін бір кестеге жинақтадық та, Ақордаға жібердік. Бір аптадан кейін Қауіпсіздік кеңесінің жиыны болатыны ескертілді. Менің үстімнен қарайтын басшылардың барлығы сол сәтте орнында болмай шықты – әдейі кетіп қалды ма, әлде жағдай солай болды ма, білмеймін. Олар ұлттық компания басшыларының жалақысы туралы есеп берулері керек еді. Бір күн бұрын Қауіпсіздік кеңесінің қызметкері хабарласып, баяндаманы оқитын адам жоқ, соны сіз оқисыз деп айтты. Мен қызмет лауазымым бойынша Қауіпсіздік кеңесінде баяндама жасауға тиісті емес едім. Бірақ, басқа амалым болмады. Ертең қандай шу боларын ойлап, жалақы кестесі мен халықаралық тәжірибе бойынша шетелде мемлекеттік компаниялардың жалақысы қалай жасақталатыны туралы бір парақты ала салдым.
Біздің сауал екінші кезекте тұрған. Мен есіктің сыртында күтіп тұрдым. Бір сағаттан кейін Қауіпсіздік кеңесінің мәжіліс залынан Денсаулық сақтау министрлігінің қызметкерлері шықты. Оңтүстік Қазақстан облысындағы СПИД-тің таралуына байланысты министрді орнынан алды. Сол сәтте жаңасын тағайындады.
Біздің сауал менің баяндама жасауымнан басталды. Мен жалпы ұзынсонар баяндама жасамайтын адам едім. Ал, бұл сауал баяндамасыз да түсінікті болған. Ұлттық компания басшыларының бір айлық жалақысы туралы кестені оқып бердім. Фамилияларын атамадым. Онсыз да жүйкелері тозып отырған қатысушылардың қитығына тигім келмеді.
Сараптамада не дедім? Жалақы тым жоғары. Ұлттық компаниялардың жалақысын реттейтін нормалар жоқ. Дамыған елдерде жалақыны заңмен реттеп, директорлар кеңесі тағайындайды.
Мәжіліс залында қырық адам отырған: Қауіпсіздік кеңесінің мүшелері мен ұлттық компания басшылары. Баяндама соңында екі бет қағазымды бекіткен канцеляриялық түйреуіш жерге түсіп қалғанда зал іші шыбын ызыңы естілердей мүлгіген тыныштыққа оранды. Өз орныма қалай жеткенімді білмеймін. Мен жүріп келе жатқанымды ұрыс-керіс басталып кеткен еді. Президент әрбірін орнынан кезек-кезек тұрғызды. Кейбірін бірден орнынан алып тастады. Мәжіліс залынан бәріміз моншадан шыққандай малмандай су болып шықтық. Мәжіліс залынан шыға салысымен журналистерге арналған брифингке де мен қатысуым қажет екені айтылды. Журналистер холлда камералары мен микрофондарымен дөңгелене тұра қапты. Кешке үйге жеткенімде мұндай жиынға қатысқаннан бір қора тасты аударыстырған оңай ма деп ойладым.