ТҰРАН БАҺАДҮРЛЕРІ НЕМЕСЕ ЕР, БИ, НАРДЫҢ ЕРЛІК ЖОРЫҚТАРЫ - страница 16



Көп өтпей тапқыр жауапқа сүйсініп, риза болған Солон дананың өзі үйінен шығып, Анарыс хан иемді құшақ жая қарсы алады.

Міне, осыдан бастап Эллада елінің ғұламасы Солон мен хан ием Анарыстың достығы қашан ұстазы көз жұмғанша үзілген жоқ. Олардың өзара пікір алысулары мен әңгіме-сұқбаттары сағаттап, кейде күннен түнге ұласатын. Мен түсіне бермейтін терең де күрделі ойға құрылған талдаулар мен заң, жарғыға қатысты мәселелерді шешетін. Кей жағдайларда хан иемнің Солонның өзіне ақыл қосып, тапқырлық танытатын кездері де көп еді.

Сол уақытта Солон мемлекеттік басқару ісіне өзгерістер енгізіп, заң-жарғылардың баптарын жетілдірумен айналысып жүр екен. Сол жарғыларға Анарыс хан иемнің әңгімелерінен түйген көптеген тың ойлар мен біздің даланың даналық үлгілерін қосып, өзгертеді.

Анарыс хан ием Солонмен бірге әр түрлі мәжілістер мен пікірталасуларға қатысып, өзінің де ой ұшқырлығын, сөз шеберлігін танытты.

Бірде Анарыс хан ием грек ғұламаларымен бірге Кіші Азиядағы Лидия мемлекетінің патшасы Крез сарайындағы басқосуда болды. Әдетте ғұламалардың бастары жиыла қалса, ортаға бір ой-пікір тастап, сол жайында өз ой-түйіндерін айтып, әңгіме өрбітетін. Бірақ бұл жолы олай болмады. Крез патша түр-сипатымен өзгелерден ерекшеленіп тұрған хан иеме:

– Жан-жануар мен жәндіктердің ішіндегі ең өжеті қайсы? – деп сауал қояды. Анарыс хан ием:

– Ең тағы аңдар, себебі, олар өз бостандығы үшін жанын қияды, – деп жауап береді.

– Жан-жануарлар мен жәндіктердің ішіндегі ең әділетті өмір сүретіні қайсы? – деді. Анарыс хан ием:

– Ең әділетті тіршілік ететіндер де тағы хайуандар. Олар заңмен емес, табиғаттың ырқымен өмір сүреді. Табиғат – құдайдың жаратқан жаратылысы, ал заңды адамдар өз қолымен жасаған. Сондықтан да адамның шығарған заңынан Тәңірдің ақ жолы әлде-қайда әділетті, – дейді. Крез патша Анарысты мазақ ету үшін:

– Осы жыртқыштар даналықтың да негізгі мәйегі болып жүрмесін, – дейді. Сонда Анарыс хан ием:

– Заң негізінен гөрі табиғаттың ұлылығын мойындаудың өзі – даналықтың белгісі, – деп тауып айтты.

Сол уақыттарда Крездің патшалығы дәуірлеп тұрған еді. Еліне келген қонақтарына байлығын көрсетіп мақтанып, өзін ең бақытты адамдардың біріне қосатын. Сол дағдысы бойынша Крез патша бұл қонақтарына да сән-салтанаты тасыған сарайын аралатып, асыл тастар мен алтын-күміске малынған қазынасын көрсетеді. Содан кейін ол қонақтарынан:

– Сендер көп елді аралап көрдіңдер, көңілге көп нәрсе түйдіңдер. Шындықтарыңды айтыңдаршы, бұл дүниеде менен бақытты адамды көрдіңдер ме? – деп сұрайды. Сонда Солон дана:

– Иә, көрдім, – дейді. – Ол Телл деген менің жерлесім. Ол рухы биік, ақ көңілді, ер мінезді кісі еді. Артында қалған балалары да өзі сияқты ер жүрек те батыл, ашық-жарқын жігіттер болып жетілді. Оларды жеткілікті мал-дүниемен қамтамасыз етіп, өзі бір соғыста қаһармандық пен отаншылдықтың үлгісін көрсетіп қаза болды. Міне, сол азаматты мен бұл дүниеден бақытты өтті деп санаймын.

Солон Крезге есі дұрыс емес, тым жадағай сияқты болып көрінеді. Сонда да ол бір үмітпен:

– Телден басқа тағы бір бақытты адамды білесің бе? – деп сұрайды.

– Білемін, – дейді Солон. – Олар Клеобис пен Битон деген бір-біріне сондай бауырмал, аналарын да төбелеріне қойып құрмет-тейтін ағайындылар еді. Бірде олардың өгіздері жайылымнан ұзақ күттіріп келмей қояды. Содан олар арбаға өздері жегіледі де, аналарын отырғызып алып, сонау қияндағы Гера храмына апарады. Ондағылардың бәрі аналарына «Балаларыңызды үлгілі тәрбиелепсіз. Қандай бақыттысыз!» дейді сүйсініп. Аналары да көңілі көкке жеткендей қуанады.