ТҰРАН БАҺАДҮРЛЕРІ НЕМЕСЕ ЕР, БИ, НАРДЫҢ ЕРЛІК ЖОРЫҚТАРЫ - страница 4
***
Үшеуі Қарамерген жайлауындағы Жұмабай аталарының үйіне бір күн қонып, ата-әжелеріне деген сағыныштарын басып, ертеңіне олармен бірге таңғы шайға отырған. Шай үстінде Би:
– Ата, әже, біз жыл сайын жазғы демалысымызды сіздердің жанда-рыңызда өткізіп, жылқы бағуға қолқабыс тигізуші едік қой. Бұл жолы жоспарымыз өзгеріп, жайлауға шыға алмайтынымызды ескерткелі келдік. – деді ата-әжелеріне еркелей қарап.
– Бізге бәсіреге берген аттарыңыз – Ақбоз, Көкбоз, Тоқбоз атты мініп қайтсақ деп едік. Соған қалай қарайсыздар?
– Иә, тай-құлын кезінен мініп өскен өздеріңнің тұлпарларың ғой. Өздері де елеңдеп, сендерді сағынғандай елегзіп, күтіп жүрген. Аттың жайын білетін жылқышы балалар емессіңдер ме, мініңдер, рұқсат, – деді аталары мейірленіп. – Бізге көмекшілікке өзге неме-релеріміз де жетеді.
– Ой, шалым-ау, бұлардың орны бөлек емес пе? Не деп кет-тің?! – деді әжелері жік-жаппар болып. – Әне бір жылы бұл айна-лайындар ала жаздай бағып жүрген бір үйір жылқыңды түз тағы-ларына бермей, аман алып қалған жоқ па? Өзге немерелерім бұлардың орнын баспақ түгіл, тырнақтарына да татымайды, – деп, әжелері осыдан екі-үш жыл бұрынғы бір оқиғаны еске түсірді.
– Әрине, әрине, бұл немерелерімнің орны бөлек қой. Оған дау жоқ, – деп жатыр аталары да қауқылдап. – Менің айтпағым, «орнын жоқтатпайтындар бар, шүкір», дегенім ғой.
– Ә, солай демейсің бе, – деді әжелері де көңілденіп.
Ал, әжелері айтқан әлгі оқиға былай болған: Жазғы каникулдың жайма шуақ күндерінің бірі еді. Қариялар сол күні бір жұмыс-тарымен ауылға кетіп, жылқы басында Ер, Нар, Би үшеуі қалған. Олар қыр басында өздерінше алысып ойнап, жұлмаласып жүрген. Бір кезде сай жақтан бабымен жайылып жүрген жылқылар шұрқырай кісінесіп, дүрлікті де қалды. Көк айғыр да әрі-бері ойқастай шапқылап, ақырып-кісінеп, мазасы кетті. Балалар елең етіп, «не болды екен» деп анықтап қарап еді, қой тастардың арасынан қараң еткен бір қасқырды байқап қалды.
– Қасқыр! – деп үшеуі дереу төңіректерінде оттап жүрген ат-тарына қонып, «ит-құс келіп қалса» деп аталары сақтықпен қалдырып кеткен бұзаутіс қамшыларын көкке үйіріп, «қиқулап», сайға қарай жөңкіле шапты. Жақындағанда байқаса, қасқыр біреу емес, бес-алтау екен. Балалар сол екпіндеген күйі қасқырлардың алдынан кесіп өтіп, төбелерінен қамшы үйірді. Айналып келіп, үсті-үстіне соққылап, жасқап, соңдарынан түре қуып, екі бөлтірігін соғып алған.
Ауылдан түс ауа қайтып келген атасы мен әжесі немерелерінің бұл ерлігіне риза болғаны сондай, үшеуіне үш құлынды бәсіреге байлап берген. Соғып алған қасқырларының терілерін де «ауылға апарып көрсетіңдер, өздерің түсірген олжаларың ғой!» деп беріп жіберген. Сол еншілеген бәсірелері биыл дөнен болып, үшеуін Ақбоз, Көкбоз, Тоқбоз деп атап, әр келген сайын жандарына серік етіп, шапқылап мініп жүрген. Бүгінгі келістерінің жөні мынау.
Олар жолға жиналарда аталарынан бата сұрады.
Аталары:
– Ал, балаларым, қолдарыңды жайыңдар, – деді де:
Бір Тәңірім жарылқасын,
Кімді жарылқаса, соның жағында қылсын.
Жортқанда жолың болсын,
Жолдасың Қыдыр болсын!
Адассаң, жолға салып жүрсін,
Сүрінсең, құлатпай алып жүрсін.
Мың бәле, жүз қатерден,
Аман-сау қағып жүрсін!
Ақ батам қабыл болсын,
Қабылдаушы қадір қылсын!
Әумин! —
деп, немерелерін бір-екі бел асырып шығарып салды.
Олар жолда келе жатқанда, Би кенеттен мынадай сауал қойды:
– Біз «Кеңістік сағаты» арқылы батыр бабаларымыз: Алып Ер Тоңға, Тұмар ханым, Мөде қаған, Шырақ батырлардың заманына жорық жасағалы жүрміз. Бірақ біздің бойымызда олар елеп-еске-рердей қандай ерекше күш-қасиет бар? Немесе олардың сый-құр-метіне бөленердей қандай ерлік жасамақпыз? Міне, соны ойла-дыңдар ма, бауырлар? – дегені.