Қанатты сөз – қазына. 1-кітап - страница 11
Жол бойы өзіне қанағаттанбаған жігітті бір топ ұры қолға түсіреді.
– Не мақсатпен, қайда барасың? – деп қыспаққа алады. Қалтасындағы азын-аулақ ақшаны шығарып, бар шындықты айтады. Шынайы жауапқа риза болған ұрылар мейірімі түсіп, анасына алып бара жатқан нанын қайтарып, өзін бостандыққа жібере салады. Үйіне бет алған жігіт сапар барысында ойда жоқта адам етімен қоректенетін қарақшыларға тап болады. Қарақшылардың тұтқынында мұнан өзге бірнеше адам бар екен. Адамжегіш жауыздың алдында тұтқындарды кезегімен бауыздап беріп отыратын жандайшап болатын. Кезек әлгі жігітке келеді, амалсыз жандайшаптың алдына қадамын санап басып келе жатқан сәтте алыстан талып жеткен құран даусы құлағына шалынады. Сол-ақ екен жігіт отыра кетеді. Аштықтан өзегі талып отырған жауыз жеңсік асының кешеуілдегеніне тағатсызданып, себебін білмекке шыға бергенде, аңдаусызда жандайшаптың қолынан жан тапсырады. Басшылары мерт болып, абдыраған қарақшылар өзара керілдесіп, берекесі кеткен сәтін пайдаланып бірнеше тұтқын бас сауғалап қаша жөнеледі. Біршама уақыт өткенде әлгі қашқындар аштыққа душар болады. Арып-ашып келе жатса да, жігіт өзіне аманат етіп тапсырылған қойнындағы анасына арналған нанды қайтсе де аман-есен жеткізбек. Көп қиындықтан соң жігіт анасымен қауышады. Аманат-нанды анасына тапсырады. Наннан ауыз тимекке ниеттенген анасы нанды үзсе, арасы алтын теңгелермен толтырылған екен.
Үлкен кісі, жақын дос-туысың немесе кез келген бір адам саған сенім артып, бір зат (мұра, өсиет) табыстаса немесе біреуге апарып бер деп өтініш, аманат етсе, ол аманатты міндетті түрде (өз басыңа қауіп-қатер төнсе де) орындауға тиіссің. Ол аманатқа немқұрайды қарап, орындамай қойсаң, біреуге табысталатын затты қараулықпен жымқырып қойсаң, әйтеуір аманатқа қиянат жасасаң, ол сенің ар-намысыңа үлкен сын, аманат алдында опасыз болғаның.
АНАНЫҢ АҚ СҮТІ
Жаугершілік заманда ері соғыста опат болған ана баласын бауырына басып қала береді. Ауыл ақсақалдары ақылдаса келіп, жесірді бір жақындарына қоспақшы болады. Қарияларға әйел шарт қойыпты. Ол тостағандағы ақ түсті қоймалжың сұйықтан бәрінің дәм татып көріп, оның неден жасалғанын тауып берсе ғана ақсақалдар ұйғарымына бас иетінін айтады. Үлкендер дәм татып, тамсаныпты. Бірақ, оның неден жасалғанын таба алмапты. Сонда жесір әйел:
– Уа, қадірменді қариялар, бұл – ананың ақ сүті. Ақ сүтімді таттыңыздар, сіздердің жастарыңыз үлкен болса да, баламдай болдыңыздар. Ендігі тілегім: мені өзім қалаған жанға қосыңыздар, – депті. Ананың ақ сүтінен аттай алмаған ақсақалдар жесір ананың сөзіне тоқтаған екен.
Ананың ақ сүті – қасиетті, киелі, барлық асыл қасиеттер мен ата тектің бастауы деген ұғымды білдіреді.
АҢДАМАЙ СӨЙЛЕГЕН АУЫРМАЙ ӨЛЕР
«Аңғармай сөйлеген ауырмай өледі» деген нұсқасы да бар. Алды-артын ойлап-пішіп алмай, жеңілтек сөйлеген адам ұятсыздыққа қалады, ағат сөйлегеніне қатты опынады деген мағананы білдіреді.
Өмір, Темір, Қайыр, Естемес атты төрт ағайынды болыпты. Ажал жетіп, ағайындылардың біреуі қайтыс болады. Оған көңіл айтуға келген келіндердің бірі былай депті: «Өлмейтін өмір жоқ, үзілмейтін темір жоқ, арты қайырлы болсын». Бұны естіп жеңгелері беттерін шымшып, келген қонақтардың алдында не айтарларын білмепті. Келіндері онымен қоймай: «Ой, есте жоқ, есімнен шығып кетіпті», – деп ақталыпты.
Осылайша келіні төрт атасының атын атап жеберіпті. «Аңдамай сөйлеген ауырмай өлер» деген сөз содан қалыпты.