Қанатты сөз – қазына. 1-кітап - страница 26
Одан кейін жігіт өз қателігін түсініпті. Дүниені босқа шашқанын қойып, жұмыс істеп, еңбек етіп, бай-бақуат, дәулетті өмір кешіпті.
Әке ақылы – өмірлік тәжірбиеден өткен, көрген-түйгені мол ақыл. Әке ақылы адастырмайды, адасқанды түзу жолға салады. Сондықтан балалардың әке ақылын тыңдап өскені жөн.
ӘКЕ БАЛАҒА СЫНШЫ
«Тұмсықтыға шоқытпай, қанаттыға қақтырмай» бағып-қағып өсірген балаларының мінез-қасиеттері әкеге бес саусағындай белгілі. Бұл – дәлелденбейтін қағида. Олай болса, әке сол мінез-қасиеттеріне қарап, қай баласының қандай шаруа, іске икемді, қандай өнер-білімге бейім екенін де алдын ала бағамдап, дұрыс сын-баға бере алады. Әкенің балаға сыншы болатыны да сондықтан.
Қыстау қораға көшуге әлі ерте деп жайлаудан күзеуге жұрт аударып қонған мал баққан қазақ ауылының қынаулы отыны сиырдың қу жапасы да, тамызығы қурай, көкпек, қоңыр жусан тағы басқа ғой. Жауын-шашын жиілеген шақта бұндай «жалпылдақ отын» өз-өзінен ылғал тартып, қазандық астында маздап жана қоймайды. «Ашқа тартқан кешке тартып» дегендей, үй іші телміріп, астың пісуін, қазанның түсуін күтіп отырған сондай күндердің бірінде бір үйлі жанның анасы балаларының біреуіне «Қазан қайнады ма екен, қарап келші!» – депті. Сонда әкесі тұрып: «Жоқ, ол емес, анау қарап келсін!» – десе керек, басқа баласын нұсқап. Бұның себебін түсінбей аңырып қалған әйеліне үй иесі: «Ақылды балам астына қарайды, ақымақ балам үстіне қарайды!» – деген екен. Себебі, баланың біреуі қазанның тек қақпағын ғана ашып қарап келеді екен де, екіншісі қазан қайнамай жатса, астындағы отын көсеп, тағы да тезек қалап, әйтеуір қазанды қайнатып келеді екен. «Әке балаға сыншы» деген сөз осыдан қалыпты.
ӘКЕНІҢ КӨҢІЛІ БАЛАДА,БАЛАНЫҢ КӨҢІЛІ ДАЛАДА
Бұл мақал көбінесе «Ананың көңілі балада, баланың көңілі далада» деп айтылады. Бала ата-ананың қалауынсыз, рұқсатынсыз іс-қылық көрсеткенде немесе күткен тілек, сенімдерін ақтамаған жағдайда үлкендердің аузына осы нақыл оралады.
Қалада оқу оқитын баласының аман-саулығын біле келген қария:
– Балам, көрдің бе, жұрт әне аялдамада да қағаз жазып отыр. Сен ақша керек болып қалғанда болмаса, «қол тимейді» деп, амандығыңды да білдірмейсің. Бәрінен де бұрын салған ақшаны алған-алмағаныңды біле алмай дал боламыз…
– Әке, сол салған ақшаң өзіңе қайтып бармады-ақ, мені аман екен деп санай бер, – дейді баласы.
Әке басын шайқап: «Әкенің көңілі балада, баланың көңілі далада» деген осы екен-ау, – дейді.
ӘКЕҢ ӨЛСЕ ДЕ,ӘКЕҢНІҢ КӨЗІН КӨРГЕН ӨЛМЕСІН
Ертеде кемпір мен шал өмір сүріпті. Олар айта қалғандай дәулетті, малды екен. Ал, Жәнібек деген жалғыз ұлдары шөп басын сындырмаған кер жалқау болыпты. Әке сөзіне көңіл аспапты. Әкесінің қартайғанын да елемей, осы дүниеге ие болып қал деген сөзіне де көңіл қоймай жүре беріпті.
Күндер өтеді. Шал пен кемпір дүние салады. Олардан қалған мал-дүние біткеннен кейін Жәнібек жыртық шапанын иығына салып, жолға шығады. Жұмыс таппай көп қиналады. Сөйтіп жүргенде бір кісіге кез болады. Сұраса келе, ол әкесінің көз танысы екен. Ол Жәнібекке көп көмек көрсетеді. Оның ат жалын тартып, азамат болуына жәрдем етеді.
«Әкең өлсе де, әкеңді көрген өлмесін» деген ескі қағида содан қалса керек.
«ӘЛӘУЛӘЙІМ» ТАУСЫЛСА,
«ХӘЛӘУЛӘЙІМ» ТАҒЫ БАР
Бір іс-шаруа (әңгіме, ән) жуық арада біте қоймай, созылып, ығыр қылғанда, осы әзіл, кекесінді сөз тіркесі ауызға түседі.
Бірде Алдар көсе мен Түлен, Құлан деген шайтандар сапарлас болады. Ай жүреді, жыл жүреді. Бір жерге келгенде, үшеуі де шаршайды. Демалып отырып Құлан айтады: