Қанатты сөз – қазына. 1-кітап - страница 30



– Байлық жақсы ма, бақ жақсы ма, бала жақсы ма? – дейді әлгі.

Сонда Шойынбет:

– Байлық – қолда ұстаған мұз, бақ – ұзатылған қыз, бала – адамнан қалған із, – деп жауап қайырыпты.


БАҚ ҚАЙДА БАРАСЫҢ – ЫНТЫМАҚҚА БАРАМЫН


Өзараынтымақты, тату, сыйластығы жарасқан отбасының береке-бірлігі де мызғымайды, ырысы молайып, бақ-дәулеті артады, деген мағынаны береді.

Төле би жас кезінде талай жасы үлкен атақты абыз билердің алдынан өтіп, батасын алады.

Бірде Төле бала Әнет бабаға барыпты. Жасы жүзге келген Әнет баба ынтымақ, ел бірлігі жөнінде әңгіме айтып отырады. Төле «Қалай еткенде бірлік болады, оның күші қандай болмақ», дегенді сұрайды. Сонда Әнет баба әуелі жауап айтпас бұрын бір бума солқылдақ шыбық алдырады.

– Балам, мынаны сындырып көрші?

Төле буылған шыбықты олай-бұлай иіп сындыра алмайды.

– Енді сол шыбықты біртіндеп сындыршы?

Төле ортасынан буылған шыбықты шешіп, біртіндеп оп-оңай сындырып береді. Әнет баба:

– Бұдан не түсіндің, балам? – дейді.

Сонда Төле бала:

– Түсіндім, баба, бұл мысалыңыздың мәнісі: Ынтымағы, бірлігі мықты елді жау да, дау да ала алмайды. «Саяқ жүрген таяқ жейді» демекші, «бірлігі, ынтымағы жоқты жау да, дау да оп-оңай алады» дегеніңіз ғой.

– Бәрекелді, балам, дұрыс таптың. Ел билеу үшін алдымен елді ауызбірлікке, ынтымаққа шақыра біл. «Бақ қайда барасың – ынтымаққа барамын» дегеннің мәнісі осы, – депті.


БАҚ ҚАРАСЫН, ҚЫДЫР ДАРЫСЫН


Ертеде Бақ пен Қыдыр Қаратаудың жотасымен келе жатқан екен. Оларды көріп жетім-жесір, ғаріп-кесір, бай-манаптар шапағат етуін сұрап, жабылады. Бәрі Қыдырдың шапанына жармасады. Біреулері аса таяғын ұстап, енді бірі бөркін сипап тілектерін айтып жатады. Қасында келе жатққан Бақты ешкім елемепті. Ол кезде жұрт Бақты танымайды екен. Үстіне ескі шапан, жыртық қалпақ киген оны жұрт менсінбепті. Бақ ат жақты келген, қасының түктері көзіне түсіп, көп нәрсені көрмейді екен. Айналасындағы у-шуды түсінбей:

– Мына шуылдақтар кімдер? – деп қалың қасын жалп еткізіп, басын жоғары көтеріп қалғанда, қыр басындағы кемтар қызға көзі түсіпті. Оны көрген Қыдыр ақ таяғын кемтар қызға қарата нұсқайды да, қаумалаған көпшілікке:

– Бақ қарамаса, мен дарымаймын. Бүгін бақтың көзі қырдың басында тұрған қызға түсті. Сендер бақтың киімін қомсынбай, соған жақындағанда, мен сендерге назар салар едім, – дейді де, Бақ екеуі көзден ғайып болады.

Бақ қарап, Қыдыр дарыған кемтар қыз ауруынан сол сәтте сауығады. Артынша тұрмысқа шығып, үйлі-баранды болған екен. Алла бір басына жететін дәулет беріп, мұратына жетіпті.

Ел арасында «Бақ қарасын, Қыдыр дарысын» деген тәмсіл осыдан қалған екен.

Бата, тілек құрамында көп кездеседі, ырыс-несібелі, бай-дәулетті, жолың болсын, мақсат-мұратыңа жет деген жақсы лебіздердің жиынтық-түйіні іспетті.


БАЛА ӨСІРСЕҢ,ШАЛА ӨСІРМЕ


Баланы ешкімнен кем қылмай ішіндіріп, киіндіріп, тұмсықтыға шоқытпай, қанаттыға қақтырмай, мәпелеп өсіріп келем, енді одан артық не керек деп, оның тәрбиесіне көңіл бөлмейтін немесе немқұрайлы қарайтын ата-аналарға балаңды шала өсірме, оның тәрбиесіне, рухани жан-дүниесіне де ден қой дегенге меңзейді.

Қабыланның* күшігі қызылшақа, әлсіз болып туылыпты. Оны көрген аю, жолбарыстар «Сен бала емес, құбыжық таптың» деп мазақтай беріпті. Аңдардың келемежіне намыстанған қабылан тау шатқалындағы аңойнақтан безіп, мал өрісін сағалап жүреді екен.

Бір күні мал соңында қозысын емірене жалап тұрған қара саулыққа кез келіпті. Құлақтары салпиып, аяқтары маймиып тұрған кішкентай қозыны көрген қабылан: