Қанатты сөз – қазына. 2-кітап - страница 12
Бір қауым ел деген мағынаға жақын.
АЛТЫ ЖАСАР БАЛА ЖОЛ ЖҮРІП КЕЛСЕ,
АЛПЫСТАҒЫ ШАЛ БАРЫП АМАНДАСАДЫ
«Жалпы ауыл адамдары ұзақ сапардан келген ағайынға жиылып келіп амандасу немесе алыс сапарға аттанғалы жатқан адамға жиылып барып» «жол болсын»деп тілек айту дәстүрі болған.» Алты жасар бала жол жүріп келсе, алпыстағы шал барып амандасады» деген мәтел соның айғағы. (С. Қалиев, М. Оразаев, М. Смайылова, 75.34.)
«Алыстан қонақ келсе – ауыл адамдары оған міндетті түрде сәлем береді және үйіне шақырады. „Алыстан алты жасар бала келсе – алпыстағы адам барып сәлем береді“ деген қазақтың ғажап әдептілік мәтелі бар». (С. Кенжеахметұлы, 43.).
АЛТЫН КҮРЕК
«Алтын күрек – көктем желі. Арқа жұртында көктем желінің бірнеше атауы бар. Көктемгі қар ерітер қатты желді тұтастай Өкпек жел дейді. Оның аса қатты, екпіндей соққан сәттерін Атанжығар деп те атайды. Бұл жел өткір, салқын болғанымен, қарды қатырмайды, ерітеді. Өкпек жел кей мезгілде қар аралас жаңбырлы да болып келеді, кейде қара жаңбырлы болады. Осы желдің сәл жұмсақтауын Ебінің желі дейді. Арқа жұрты көктемгі күн мен түннің теңесуін „Самарқанның көк тасы еритін күн“, көктемнің басы деп, осы кеште наурыз көже деп көршілік қонақасы береді. Міне, нақ осы тұста оңтүстіктен соғатын жылы желді – Алтын күрек деп атайды. Бұл атау қарды өндірте ерітуіне қарай қойылған. Алтын күрек желі шынында да, күреп тастағандай, жерді қардан тез-ақ аршып тастайды». (С. Шүкірұлы, 9. 23.08.2001.)
Бұл сөз тіркесін негізінен оңтүстік өлкенің адамдары қолданады, соған қарағанда оңтүстікке тән жылы, қарды күреп ерітетін желдің түрі болса керек.
АЛТЫН АЗБАЙДЫ, ДАУ ШІРІМЕЙДІ
«Алтын азбайды, дау шірімейді», – дейді халқымыз. Яки, дәугерлер жеті атадан бергі дауды да қуып, биге жігунуге хақылы». (М. Тағыбергенұлы.).
Мұндағы айтылмақ ой, алтын – асыл металл, сондықтан ол бүлінбейді, тозбайды. Дау ескірмейді.
АЛТЫН ЕРІҢ АТҚА БАТСА,
АЛТЫНЫН АЛ ДА ОТҚА ЖАҚ
Қанша асыл, бағалы дүние болса да, біреуге немесе өзіңе зиян, залалы тиетін болса, одан құтыл, садақа, құрбандыққа бер деген мағынаны береді.
«Ел ағасы атанған сыйлы адамдарды ақындар:
Бір тайпа елдің басы еді,
Алтын елдің қасы еді, —
деп мақтаған. Кейбіреулері музейлерде сақталған ондай тұрман-дар нәзік шеберліктің куәсі іспетті. Алайда халықтың қастерлейтіні сәнді алтын тұрманы емес, аты болған. Сондықтан: «алтын ерің атқа батса, алтынын ал да отқа жақ» деген мақал қалған». (С. Мұқанов, 77. 126-б.).
АЛТЫН КӨРСЕ, ПЕРІШТЕ ЖОЛДАН ТАЯДЫ
«Алтын көрсе періште жолдан таяды». Бұл тәмсіл сонау заманда да бар екен. Біреудің дүниеқұмарлығын әшкерелегенде айтылса керек. Періште жолмен келе жатады. Жол жиегінде алтын жатыр екен. Соны алмаққа бола періште жолдан шығады дейді. Жұрттың бәрі осылай түсінеді. Ал бұдан 60—70 жыл бұрын атам Нұрсұлтан маған бұл тәмсілді мүлде басқаша айтып еді.
Періште келе жатады. Жолында алтын жатыр. Алтынды алмау, оған жоламау үшін періште жолдан таяды. Меніңше тәрбиелік мәні бар нағыз тәмсіл осы болмақ». (Ж. Нұрмахан, 9. 25—31.08. 2011.).
«Зерделей келгенде, бұл мақал алтын көрген періште оны айналып өту үшін тура жолынан бұрылуға мәжбүр болады деген мағынаны береді екен. Шындығында да жолда жатқан алтынның бәрін құшақтай құласа, оның қай жері періште?
Сондықтан да ақиқат жолынан ауытқып жүргендер осы мақалды малданып, өздерін періштеге апарып теңеп әуре болмай-ақ қойсын…» (Қ. Әбіл, 31. 30. 07. 2008.).