Қанатты сөз – қазына. 2-кітап - страница 16
Бұл сөз тіркесі өзіміздікінен садаға кетсін немесе өзіміздікіне еш нәрсе жетпейді деген мәнде айтылады.
АРҒЫН АҒА БАЛАСЫ
«Қазақтың этноқұрылымдық жүйесінде қалыптасқан дәстүр бойынша, жүздік деңгейдегі ноқта ағалары: Ұлы жүзде – жалайыр, Орта жүзде – тарақты, Кіші жүзде – табын тайпалары. Дәл сол сияқты, аға балалары: Ұлы жүзде – ошақты, Орта жүзде – арғын, Кіші жүзде – әлім (қаракесек) тайпалары. Ал, қара шаңырақ иелері: Ұлы жүзде – албан, Орта жүзде – қыпшақ, Кіші жүзде – шөмекей тайпа-лары. Осындай мәртебелер рулық, аталық, әулеттік деңгейде де бар». (А. Сейдімбек, 93.143-144-б.).
Бүгінде мәні ескірсе де, бұл тіркестердің мән-мағыналарын ұғын-дыра кеткенді жөн көрдік.
Ноқта ағасы – ел ішінде жол, жөн бастауға құқылы деп, олардың орнын ерекшелеп, көтермелеп, арнайы сый-сияпаттар көрсетіп отырған.
Оған С. Мұқановтың мына түсіндірмесі дәлел: «Ат басына ауыз-дықсыз кигізілетін тұрман – ноқта. Оған шылбыр бау ғана… тағылады да, тоқтағанда, атты онымен байлайды. Қазақта (ноқта ағасы» – үлкен, басшы мағынасында қолданылады. Олай дейтіні, көне заманда әке балаларына енші бергенде, көш алдында жүретін ноқталы түйені үлкен ұл жетектеген.
Содан «ноқта ағасы» атанған». (С, Мұқанов, 77. 125-б.).
Аға баласы – үлкен (қара) шаңырақтың үлкен ұлынан тараған ұрпақ. Жасы үлкен-кішілігіне қарамай, жолы үлкен деп ерекше құрмет көрсетіп, көтермелеген.
Шаңырақ иелері – үлкен (қара) шаңырақтың кенже ұлынан тараған ұрпақ. Әдетте қара шаңырақ кенже ұлға мұраға қалған. Жасы үлкен-кішілігіне қарамай, келген кісі, қонақтар алдымен солардың үйіне түсіп, үлкен шаңырақ деп құрмет көрсетіп, дастарқандарынан дәм татуды міндет тұтқан.
АРҚАЛАНЫП КЕТТІ
«Соңғы кездерде, әсіресе, өнер адамдары туралы айтылғанда немесе жазылғанда, «аруақтанып кетті», домбыраны немесе қобызды «біраз тартқаннан соң аруақтанып шыға келді» деген сөз тіркестері жиі айтылатын болды. Мұндай кезде «арқаланып кетті», «арқаланып шыға келді» деу жөн. Тегінде өнер адамдарын «арқасы бар екен» демейтін бе еді?
Шынында «аруақ»* деген сөз өлген адамның рухы деген ұғымды бермей ме? Дәріптеп отырған адамымыз «аруақтанып кетсе», өліп қалғаны ма? Осы тіркесті тек адамға ғана емес, малға да қолданатын болдық.
Қазақ үлкен бір іс бастарда аруаққа сыйынатын, медет сұрағанда, аруаққа табынатын, жапа шеккенде аруақ шақыратын. «Аруақ» деген сөзді орынсыз қолданбайық, аруақты сыйлайық, аруақпен ойнамайық, ағайын». (Е. Бейсенбек. 9. 18.11.1993).
Иә, расында да «Аруаққа сиынды, табынды», «аруақ аттады», «аруақ (ұрды) атты», «аруақ қысты», «аруақ қолдады», «аруақ (демесін, жебесін) қолдасын», «аруаққа шет болма», «аруақ жар бола көр» және т.б. тіркестер ата-баба аруағын меңзеп тұрған жоқ па.
Аруақ* – араб сөзі, «рух» дегеннің көпше түрі: діни сенім бойынша, көзге көрінбейтін, табиғаттан тыс күштер, өлген кісінің, ұлы адамның (әулиенің) «жаны» мағынасында қолданылады. Ата-бабамыздың аруағы, аруақ қонған кісі тәрізді тіркестер де бар.
АРМЫСЫЗ!
«…Біздің қазақта да, меніңше, әр заманда әрқалай амандасып жүрді. Мәселен, Ислам діні біздің даламызға жайылмас бұрын бізде «ассалаумағалейкум!» «уағалейкумассалам!» деген амандасу түрі болған жоқ, әрине. Өздеріңізге мәлім, «ассалаумағалейкум!» деген сөз «саған Алланың нұры жаусын!» деген сөз. «Уағаллейкумассалам!» дегені «сізге де Алланың нұры жаусын!» дегенді білдіреді. Демек, бұл – таза дінге байланысты амандасу. Ал оған дейін көшпелі халықтар, оның ішінде қазақтар: «Армысыз!» деп амандасқан екен.. Сіз ақсақалға: «Армысыз, ақсақал!» деп амандассаңыз, ол кісі сізге: «Бар бол, балам!» деп жауап қайтаратын болған.