Бақыт жолы - страница 25
Немесе, басқаша айтайын. Егер сіз өміріңізде бақыттырақ бола түссеңіз, сіз тіпті жаман нәрселерді жақсы деп қабылдайтын боласыз, ал жақсы нәрселерден одан да керемет нәрсені көре бастайсыз.
Мен мұны неге айтып отырмын? Мұнымен мен сізге адамның психологиялық күйін жақсартудың экологиялық таза әдісі бар екенін айтқым келеді, оның мәні – бір жағымсыз оқиғаны бірнеше рет қарастыруда не қайталап айтып беруде. Сонда бұл оқиғаның ішінде жаманның бәрі жақсыға айналады, ал жақсысы, одан да керемет болмақ. Ақыр соңында сіздің жадыңыздағы естеліктер жарқырай түседі!
Түсінген боларсыз, ескі бейнелерді өзгерте отырып, қалған векторларды да өзгертесіз! Эмоциялар шкаласымен жоғарылағанда, сіздің жағымсыз ойларыңыз, позитивті ойларға айнала бастайды.
Бірақ, өкінішке орай, әрқашан бәрі біркелкі бола бермейді. Жаман бейне ешбір жолмен жақсармайтын кездер де болады, сіз оны көп рет қарастырсаңыз да, оның ішінде қандай да бір жаман кейіпкер, сол күйі жаман болып қала береді. Сондай-ақ, эмоциялар шкаласында да, бір деңгейде тұрып қаласыз және жағымсыз ойларыңыз жақсы жаққа өзгермейді. Неліктен бұлай болады?
Бұл жағдайда түпсана басқа бір нәрсені, бұның алдында болған оқиғаларда жасырын жатқан түп тамырды көреді. Мысалы, бір қыз жігітімен айырылысып кетті делік. Сіз одан бұның қалай болғанын сипаттап беруін сұрайсыз. Ол жігіттің «бізге айырылысу керек» деп хабарлама жазғанын, басынан өткерген барлық сезімдерін, іс-әрекетін, ойларын айтады. Алғашында ол жылап жібереді. Ол шкала бойынша сәл көтеріледі де, кенет ашу деңгейінде тұрып қалады. Бейне де өзгермейді. Оған бұл айырылысу жаһандық апат тәрізді және жан азабы басылмайтындай көрінеді. Сіз одан оқиғаны тағы да қайталап айтуын сұрайсыз, бірақ ол, сол бір нәрсені айтады. Осы кезде сіз оған осының алдында болған, осыған ұқсас оқиғаны есіне түсіруге көмектесуіңіз керек! Сонда осы жолы, сіз нысанаға дәл тиесіз.
Бұл жас қыздың шкаламен жоғары көтерілмеуінің себебі, ол түпсанасында айырылысқандықтан емес, осы айырылысу бұрынғы жағымсыз естелікті қозғап жібергендіктен азап шегуде! Мүмкін ол, бұрын басқа бір жігітінен айырылған болар не болмаса, әкесі не атасы қайтыс болған шығар. Енді оның қауіпсіздік қызметі ескі жан жарасын күшейтіп тұр!
Мен қауіпсіздік қызметі алманы апельсинге шатастыруы мүмкін екенін алдында түсіндірген болатынмын. Бұл жағдайда, қауіпсіздік қызметі, қазіргі оқиғаның қыздың әкесі қайтыс болып, бұл қыз үшін үлкен апатқа айналған бұрынғы оқиғамен ұқсастығын көріп тұр. Осы кезде қауіпсіздік қызметі «Адамнан айырылдық – бұл үлкен апат» деп қатты айғайлайтын «қызметкерді» дереу іске қосты. Бiрақ ол бiрiншi оқиғада туған әкесi екенін, ал екiншiсiнде үш рет қана кездескен, көшедегі бөтен жiгiт екенiн түсiнбейдi.
Енді не істеу керек? Сіз бұрынғы оқиғаға оралып, қыздан оқиғаны бірнеше рет қайталап айтуын сұрауыңыз керек. Содан кейін ол жылай бастайды, қайғырады және әкесінен айырылу оған қаншалықты ауыр тигенін, әкесі ол үшін қаншалықты бағалы жан болғанын айтады, осы кезде кенеттен оның қауіпсіздік қызметі өше бастайды да, жағымды эмоциялары пайда болады. Ал енді сіз одан жігітімен айырылысу оқиғасын тағы да қайталап айтуын сұрайсыз, сонда ол бұны, енді басқа сезімдермен есіне түсіре бастайды. Ол осы оқиға үшін қайғырғанына күледі де, қайтадан өмірдің мәнін көре бастайды. Ол кенеттен бөлменің жарқырай түскенін, терезенің арғы жағындағы шөптің жасылданып, аспанның көгілдір бола түскенін байқауы мүмкін.