Бақыт жолы - страница 29



Психологиялық көмектің келесі жолы – жанашырлық. Кейбіреулерді таң қалдыратын шығар, бірақ жанашырлық таныту пайдасыз ғана емес, тіпті қауіпті құрал. Неге екенін қазір түсінесіз. Адамға жанашырлық танытқанда, оның бойында бала кезінде ауырып, әлсіз болғанда, оған өзгелердің танытқан аяушылығынан сезінген жағымды сезімі пайда болады. Сөйтіп оның түпсанасында: «Психолог маған одан әрі жанашырлық танытуы үшін мен көбірек ыңылдап, шағымдануым керек» деген ақымақ тұжырым орнығады. Нәтижесінде, адамды жанашырлықпен емдеуге тырысатын психолог оның зардап шегуші ретінде күйін одан сайын қаттырақ бекітеді, ал мұндай күйден шығу адамдардың көпшілігі үшін тым қиын болады. Көптеген егде жастағы мүгедек ерлер де, әйелдер де, өз дәрменсіздігі мен жағдайларынын құрбаны болып жүргендері, өзгенің назарын өзіне аударуға көмектесетін жалғыз «ілмек» екенін саналы түрде түсінеді, сондықтан олар өз-өздерін осындай әлсіз күйге түсіреді.

Негізі жанашырлықты қолданып, кез келген сарбазды, көшбасшыны және кез келген жеңімпазды жығып түсіруге болады. Ол үшін оған көп жұмыс істегені зиян екенін есіне салып, аяушылықпен дем алуға талпындырсаңыз болғаны. Дене қызуын үнемі тексеріп, анализдерін алып, стреске көп түсіп кеткенін аяп-мүсіркеп айтсаңыз болғаны. Сонда күндердің күнінде бұл сарбаздар рухын жоғалтады. Міне, сондықтан да мықты тұлғалар психологтарды жаратпайды. Иә, оларға іштей оңай емес, қолдау көрсетілгенін қалайды, бірақ аяушылық түрінде емес! Әрқайсыңызда сізді тым жиі аяп-мүсіркей берген адамды, тіпті сабап тастағыңыз келген кез болғанына сенімдімін. Бұл түсінікті жайт. Жанашырлық қатты қайғырсаңыз ғана пайдалы болады. Біреуге жанашырлық танытуды жалғастыра беру, оның жоғары көтерілуіне мүмкіндік бермейді. Бұдан ол қайғыға одан сайын батып кетеді. Сондықтан, қайғыдан жоғары күйде болсаңыз, жанашырлық сізді ызаландыратын болады Мынадай көріністі елестетіп көріңізші: сіз сатқындықтың кесірінен азап шегудесіз немесе балаңызға ашулысыз және мұндай күйден құтылғыңыз келеді. Ал психолог болса, сізге аяушылық танытып отыр. Мұндай көріністің сізге ұнамасы анық.

Психологиялық көмектің үшінші жолы – кеңес пен нұсқау беру. Біреудің өміріне араласып кеңес беру – үлкен жауапкершілік. Оның үстіне, кеңес алып жатқан адам үшін де, өте қауіпті. Клиенттерімнің арасында, психологтардан чемоданды жинап, күйеуін тастап кетуге бірнеше рет кеңес алған, тіпті психологтары солай етуге қоймай талпындырған әйел кісілер болды. Бірақ екі-үш рет пейнхантинг сеанстарынан кейін, бұл әйелдер мұндай шектен шығушылыққа бармай, қайта некелерін нығайтты, күйеулері де жақсы жаққа айтарлықтай өзгерді. Адамға кеңес берсеңіз, онымен не болады?

Ол жай ғана өз өмірі үшін жауапкершілікті сізге жүктейді! Бұдан ол күштірек, жауаптырақ және ақылдырақ адамға айналмайды. Қайта ол барлық проблемаларын сізге артып қоя беретін болады! Әрине, егер сізге адамға көмектесуден гөрі, ақша маңыздырақ болса, клиенттеріңізге кеңес беруді жалғастыра беріңіз, осылайша оларды үнемі сізден кеңес сұрап тұратындай дәрменсіз күйде ұстайсыз. Ал егер сіз пейнхантер болғыңыз келсе, адамдарға көмектескіңіз келсе, мына жайтты нықтап есте сақтаңыз: ешқашан кеңес бермеңіз. Пейнхантингтің мақсаты – сеанстардың соңында адам нақты шешім қабылдап, өз шешімі үшін жауапкершілікті сезіне алатындай, оны өмірдегі жағдайларға анағұрлым бейімделгіш ету.