Өмір – сынақ - страница 17



– Қазір Халық санағын жүргізіп жатқанымыздан хабарыңыз бар ғой?

– Әрине. Өте маңызды шара. Елшілікте де санақ уческесі болады.

– Санақ деректерін сақтайтын сервер сатып алып едік. Соны IT-қауіпсіз бөлмеге орналастыру қажет. «Бөлме» келді. Ал, соны құратын инженерге сіздер виза бермей қойыпсыздар.

– Неге ертерек хабарласпадыңыз?

– Сіздердің виза бермей қоятындарыңызды білмедім ғой.

– Тағы бір рет өтініш берсін. Міндетті түрде виза береміз.

Жоспарланған уақыт өтіп кеткен соң, инженердің басқа шаруасы шығып қалды. Ол Қазақстанға кешігіп келді. Сол уақытта ҰҚК әлдекімдердің түртпектеуімен бөлмеге сүргі қойып кетті. Енді бөлмені құрау мүмкін емес боп қалды. Ақырында бұл маған қатысты қылмыстық істің екінші «эпизодына» айналды.

Мен құрылғыны қабылдау актісіне, оны қолданбай тұрып қол қойғанмын. Елдегі бюджет желтоқсанның соңында жабылады. Актіге қол қоюым қажет болды. «Бөлмені» құру мәселесі созылып кетті. Бірақ, мәселе шешілді, мен одан еш проблема көрмедім. Алайда, «бөлмені» сүргілеп кету, оны құруды мүмкін емес етті. Сол бөлменің құрылмағаны маған қарсы айыптаудың бір бөлігіне айналды. Ақылға қонымсыз. Саналы адам үшін бұл қисынсыз нәрсе. Ал, құқық қорғау органдары үшін бұл – қылмыс.

Бюджеттік реформа басталып, ақырына жетпеді. ПӘ істеп жүргенімде бюджеттік жоспарлауды реформалау тәжірибелерін зерттеу тобымен бірге бюджеттік жүйесі тиянақты елдерге барып көргенмін. Сол елдердің тәжірибесі бойынша бізде де үш жылдық жылжымалы бюджет қалыптасуы тиіс еді. Яғни, бір жыл бойы жүргізілген іс-шара келесі жылға автоматты түрде (бұл қылмыс болып саналмайды) көше береді. Бір бағдарламаның ішінде қаржы қайта бөлініп (бұл да қылмыс емес) қарастырылады. Біздің елде үш жылдық бюджетті бекітті. Сонымен реформа бітті.

Актілерге желтоқсанда қол қойғаным да қылмыс болып шықты. Біздің бюджеттік жүйе заң бұзушылықты жасау үшін арнайы ұйымдастырылған сияқты. Неге өнім кешігіп жатса, актілерге қол қоюды келесі жылға заң жүзінде жылжытуға болмайды? Не сен жұмыс істейсің, не нұсқаулық бойынша қарап отырасың. Бюрократиялық жүйе адам амалсыз заң бұзатындай етіп жасалған.

Біржанның Агенттіктегі басты міндеті – ақпараттық технологиялар еді. «Халық санағы мен тұрғынүй қоры» іс-шарасында Біржан деректердің тек электронды өңдеуіне ғана жауапты еді. Санақ департаментінің дайындық жұмыстары созылып кеткендіктен, осы департаментпен жауапты хатшының нашар коммуникациясынан соң, Біржанға Санақты «құтқаршы» деп мен өзіне қатысы жоқ уческені басқаруын өтінген едім. Өзім де санақтың сауалдары мен санақ жүргізушілердің нұсқаулығын реттеуге қатыстым.

Ол санақ бланктеріне тапсырыс беретін тендердің техникалық тапсырмасын даярлаған. Оны сол үшін тұтқындап, соттады. Екі жарым жыл қарқынды жұмыс істеп кеп, марапатына – бес жыл түрмеге отырды.

Менің Канададан келгеніме бір апта өткен.

Дүйсенбі күні түстен кейін ол кезекті тергеуге кеткен. Сол жерден смс жазды: «Қаржы полициясы Баятовты тұтқындағаны туралы ақпаратты БАҚ-қа жариялапты».

Бұл өте жаман хабар еді. Санақты өңдеу әлі жүргізіліп жатқан. Қорытынды нәтиже әлі жарияланған жоқ. Мұндай хабар ел ішін дүрліктіріп, санақтың қорытындысына күдік тудыруы мүмкін.

Ақырында солай болды.

Кешкі жетіде смс жаздым: «Өзің тәуірсің бе?».

Жауап: «Иә».

Келесі күні таңертең сегізінші қабаттағы жеделсатының маңында оның жүргізушісі мені күтіп тұр екен. Бір нәрсе болғанын түсіндім. Жүргізуші жаныма жақын кеп: «Біржанды тұтқындады» деп сыбырлады.