Өмір – сынақ - страница 18
– Қалайша?
– Кешке таман тергеуден кейін босатқан. Түнгі 22.00 қайта шақырып алды. Содан босатпады.
Енді менің екі орынбасарым да тұтқындалды.
Президентке жазған бірінші хатым
Екінші орынбасарымды тұтқындаған соң жағдай мүшкіл бола бастады. Қызметкерлер дәлізге шықпауға тырысатын. Бәрі өз кабинеттерінде отырады. Агенттіктің ұзын дәлізінде өлі тыныштық орнады. Ең көңілшектері арасында жылап алады.
Күн сайын Агенттікті аралап, түсіндірме жұмыстарын жүргіздім. Өңірлік кеңселердің басшыларына ішкі пошта арқылы хат жаздым. Қызметкерлердің көңіл күйін қадағалаңдар, қолдаңдар, санақтың қорытындысын бітіру керек дедім.
Осы уақытқа дейін Премьер-министрге кіріп шыққанымнан бірдеңе өзгереді деп күттім. Тергеу бәрін дұрыс тергеп, мәселе шешілер деп үміттендім. Бірақ, ештеңе де өзгермеді. Сондықтан енді Президенттен көмек сұрайын деп шештім.
Хат жаздым – өте қысқа, бір беттік. Президентке қысқа да нұсқа, анық жазу керек. Көлемді хатты оқып отыратын уақыты жоқ.
«Құрметті Президент. Ант етейін, мен де, менің екі орынбасарым да санақ қаржысын ұрламадық, қаржыны қолма-қол ақшаға ауыстыру схемалары жөнінде ештеңе білмейміз».
Тағы бірнеше жол қостым. Хатты алып Премьер-министрге бардым. Хатты беріп жіберудің басқа амалы жоқ. Әзірге елдегі екінші басшының алдына бара алатын мүмкіндігім болды. Бұлай жалғаса берсе, одан да айырылатын түрім бар…
– Мен апарып беремін, – деді Премьер-министр.
Әйтеуір, маған сенетін шығар деп үміттенем.
Бір аптадан кейін маған Президент әкімшілігінің бір қызметкері келіп: «Президент жиналыс өткізді. Статистер кінәлі емес, бизнесмендердің сазайын беріңдер», – дегенді сыбырлап айтып кетті. Мұндай сәттерде елдің бәрі сыбырлап сөйлесуге көшіп кетеді. Немесе мүлде сөйлеспейді.
Сәл де болса, жеңілдеп қалдым. Осымен біткен болар деп ойлаппын. Қаржы полициясы бәрін анықтап, менің орынбасарларымды босатады деп күттім.
Бір ай өтті. Бәрі баз баяғыша. Жүйкем жүн болды. Президентке көлемді екінші хат жазуға оқталдым.
Бір бетке толық түсініктеме бердім. Санаққа дейін жарты жыл ғана қалғанын, елде қажетті көлемде қағаз болмағанын, басатын қуатты типографияның табылмағанын жаздым. Осы проблемаларды шешуге білек сыбана кіріскенімді, санақты орта жолда тоқтатып қоюға болмайтынын айттым.
Тағы да Премьер-министрге бардым. Ол хатты оқыды. Үстел үстіне қойды. «Егер сені тұтқындаса, мен осы хатпен Президентке кірем».
2009-жылы бұл хат адресатқа жетпеді. Мені тұтқындаған 2013-жылы да жетпеген.
Қақпанға түсу
Телефон тыңдалады, электронды пошта оқылады. Менің көлігімді органдардың көлігі аңдиды. Жаяу жүрсем, айналамда бірнеше адам мені бақылап жүреді. Олар көзге көрінбеуі тиіс. Бірақ, мен оларды көремін. Пәтерде отыра беру мүмкін емес. Сыртта қыдыру – үнемі бақылауда болу деген сөз.
Таңертең – Агенттікке жұмысқа келу. Күндіз – Үкіметте жиналыстар, санақ қорытындысы бойынша Ақпараттық-есептеу орталықтарымен жұмыс істеу, тұрақты түрде – Қаржы полициясына тергеуге бару. Сыртымнан бағып тұратын жұрттың көзқарасын байқаймын. Қызығып, абайлап, таңғалып, қорқып, аяп, сенбей, жаны ашып қарайды. Өзімді күтіп, бағып, жақсы жүріп-тұруым керек. Байсалды болуым қажет. Менің қазіргі ұсқыныма Агенттіктің бүкіл жұмысы тәуелді. Менің саспай, сабырлы жүргенім түрмедегі екі орынбасарыма жетеді деп ойладым – олардың да жүректері орнына түссін.
Жылауға болмайды. Көзім ісіп кетеді. Ұйқы қашты. Тамақ іше алмаймын. Пәтерде де тыңдайтын құрылғы болуы мүмкін.