Өмір – сынақ - страница 7
Статистика агенттігі
Сол кездері жасым – 38-де еді. Статистика агенттігін басқарғаныма – 2,5 жыл болған-ды. Екі жарым жылда агенттікті Алматыдан Астанаға (ел астанасы ауысқан соң тек екі мемлекеттік орган Алматыда қап кеткен – Статистика агенттігі мен Ұлттық банк) көшірдім. Агенттікте модернизация жасадым. Барлық қызметкерді қайта оқытып шықтық. Сол кездегі командамызбен бір туғандай боп кеткен агенттігімізбен көп нәрсеге қол жеткізген едік.
Бәрін оңтайландыру – менің мінезімнің бір парасы. Бұл жұмысқа да қатысты. Агенттікте ең алдымен статистикалық есептердің формасын қарап шықтық. Есеп беру формаларын қысқарттық. Қалған формаларда пункттер санын минимизация жасадық, нақтыландырдық. Параллельді тұрғыда формаларды электронды форматқа көшірдік. Біздің агенттікте оңтайландыруға мүмкін нәрсенің бәрі оңтайландырылды. Менен бастап.
Менде көмекші болған жоқ. Маған көмекші қажет емес деп шештім. Үкіметтің жиналысына папкамды өзім көтеріп апаратынмын. Қабылдау бөлмесіндегі хатшы канцеляриядан құжаттар қабылдайтын. Қажет адамға қоңырау шалатын. Хабарласқандарға жауап беретін. Келген адамдарды департаменттерге бағыттайтын.
Уақытты үнемдеу үшін қабылдау бөлмесі мен кабинетімнің арасына сөре қақтырдық. Хатшы сол сөреге күніне екі рет құжаттар қалдыратын. Мен құжаттарды сол жерден алып кететінмін. Қолымды қойып, тапсырмаларды тиянақтап, бәрін сөреге қайтаратынмын. Хатшы ары қарай тапсырмаларды орындаушыларға тарататын.
Әр министр кабинетінің түкпірінде демалыс бөлмесі болады. Ол бөлмеде диван, үстел, теледидар (маңызды делінген мемлекеттік не әлемдік жаңалықтарды көру үшін) тұрады. Мен жұмыс істеген кезімде теледидарды бірде бір рет қоспадым. Себебі, Үкімет жиындарына өзім баратынмын. Әлемдік жаңалықтарды кешке таман үйде көретінмін. Әдетте хатшының міндетіне министрге шай қойып беру кіреді. Уақытты оңтайландыру үшін осы бөлмеге бір шәугім қойдық. Шайымды өзім қойып ішетінмін. Хатшы қыз бұл міндетінен босатылды.
Жүргізушіден де бас тартып, көлікті өзім айдасам ба деген ойым болды. Бірақ, көлік айдап үйреніп үлгермедім. Жүргізуші болғанының үлкен пайдасы бар – жол-жөнекей көптеген құжатты оқып тастайсың.
Мен басқарған бірінші жылы көптеген жаңалық енгіздік. Приоритетте – статистикалық формаларды қайта қарап шығу, соларды электронды форматқа көшіру, статистиканы жасаушылар мен қолданушыларды оқыту, департамент директорларын жиі шақырып, осы тақырыптарды талқылайтынбыз. Жұмысты қалай істеу қажетін бәрі түсінген соң тапсырма беру үшін оны электронды желіге жазатынмын немесе департамент директорлары және мәселеге қатысты қызметкерлерді шақыратынмын. Қызметкерлер кабинетіме кіргенде отырмайтын – мен дереу не істеу қажетін түсіндірем, сұрақтарыңыз болса сұраңыздар деймін, сосын олар жұмыстарына қайтып оралатын.
Уақыт зымырап жатқандай еді. Модернизация күшіне енген кез. Халық санағын өңдеп бітірсек, мемлекеттік қызметтен кете берсем болады деп ойлап едім. Мен әркез басшыларымнан мемлекеттік қызметтен кетуді өтінетінмін, олар маған: «Мынаны реформалап тастайық, сосын кете берсең болады. Сосын, міне, мынаны реформалайық, сосын болады», – деуші еді. Солай он жыл өтті.
Агенттікте бір жыл істеген соң маған Үкіметтен бір адам келді. Өз мәселесін айта отырып, сөз арасында: «Сізді Парламентке депутат болып ауысайын деп жатыр дейді ғой», – дегенді қыстыра кетті.
Мен таң қалдым.
– Қайда? Жоқ, мен ешқайда ауыспаймын. Парламентке мүлде бармаймын. Мұндай жаңалықты кімнен естідіңіз?