Өмір – сынақ - страница 8
– Ел айтып жүр…
Яғни, бір жыл өткен соң біреу менен құтылғысы келген. Статистикалық есептің бәрін электронды форматқа көшіру, ведомстволық статистиканы біріктіру, салық есебін қоса есептеу реформалары біреуге жақпаған.
Қазір ғой, 2009-жылдың наурызы, Агенттік он жылда бір өтетін үлкен іс-шараны – Халық санағы мен тұрғын үй қорын есептеуді – 27-ақпан мен 6-наурыз аралығында өткізіп жатқанына мәре-сәре еді. Өңірлерде санақ бланктерін заманауи сканерлермен өңдеу басталған. Дәл сол бланктер – жеті түсті, әдемі, қалың қағазға, үш тілде – қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде басылған, реттік нөмірі мен қорғалатын штрих коды бар бланктер Агенттіктің тұтас басшыларының түрмеге түсуіне себепші болады деп кім ойлаған?
Халық санағы
Адамдар дүниеге келеді, оқиды, жұмыс істейді, отбасын құрады, тұратын жерін өзгертеді. Баспананы жалдайды, сатып алады. Зейнетке шығады, белгілі бір жаста қайтыс болады. Әр елдің статистикалық қызметтері осындай және басқа да көрсеткіштерді әлеуметтік-экономикалық даму үшін есептеп отырады.
Миграция – экономикалық және мәжбүрлі – дәл көші-қон кезінде есептелмеуі мүмкін, білім мен әлеуметтік жағдайдың да өзгеруі қалыпты.
БҰҰ әр он жыл сайын халық санағы мен тұрғынүй қорын есептеу бойынша жаңа раунд бастайды. Кейбір дамыған елдер санақ көрсеткіштерін электронды есептеуге көшкен. Бұл мәліметтер ай сайын түрлі тіркеу орындарынан енгізіліп отырады. Сондықтан Дания, Финляндия, Австрия және басқа да бірқатар елдерде халық санағы деген ұғым атымен жоқ. Дегенмен басқа елдерде санақ жүргізушілер әр үйге бас сұғып, әрбір тұрғын мен қонақтың санақ құжаттарын толтырып шығады.
БҰҰ Статистикалық комитеті халық санағы бойынша әдістемені жасап, соны барлық елге ұсынады. Әр ел өзінің сауалдарын анықтап, санақ бланктерін даярлайды. Мәліметтерді жинау бойынша ұйымдастыру мен ақпараттандыру жұмысын жүргізеді. Сосын оларды өңдеп, БҰҰ мен басқа да қолданушыларға қорытынды цифрларды ұсынады.
Әдетте санаққа дайындық екі жыл бұрын басталады. Оған арнайы институттар қатысады. Біздің жағдайда Статистика агенттігінің Алматыдан Астанаға көшуіне байланысты санақты жарым-жартылай жасақталған Халық санағы департаменті әзірледі. 2008-жылы оңтүстіктегі бір қалада пилоттық санақ жүргізіп көрдік. Мен ол кезде Агенттіктің модернизациясымен басым қатып жүрген. Сондықтан пилоттық санақ сол өңірдің тәжірибесіне сүйеніп өткізілді.
Санаққа бір жыл қалғанда Санақ департаменті директорының, Санақ бойынша орынбасардың да менің кабинетіме келістері жиіледі. Жарнама үшкезеңдік болуы тиіс, ол бәрін қамтуы керек; санақ бланктеріндегі сауалдар тізімі қызықты, нақты, жылдам толтыратындай болуы керек; санақ жүргізушілер мен қызметкерлерін бланктерді өңдейтін сканермен жұмыс істеуге үйрету керек. «Керек» деген ұзақ тізім – Санақ департаментінде онсыз да адам саны аз еді…
Ақырында бланктерге жазылатын сұрақтар тізімін жасауға, нұсқаушылар мен санақ жүргізушілерге арналған нұсқаулықты оңтайландыруға өзім атсалыстым. Санақтың логотипі, «Әркім маңызды» слоганы таңдалып, жарнаманың барлық бөліктері мұқият әзірленді.
«Әркім маңызды» слоганын мен ойлап таптым. Артынан әлемдік санақ үшін де дәл осындай слоган таңдалғаны белгілі болды. Бірақ, ағылшын тілінде. Мен елім үшін марқайып қалдым.
Санақ бюджеті 2007-жылы бекітілген. Ол кезде Агенттікке енді келгем. Статистика жүргізушілер жұмысының бүге-шігесін әлі білмейтінмін. Сондықтан, біздің алдымыздағы Агенттік қызметкерлері жасаған бюджетпен жұмыс істедік. Бланктер бағасы – 15 теңге, бұны Экономика және бюджеттік жоспарлау министрлігі ұсынып, бекітіп берді. Егер Экономика және бюджеттік жоспарлау министрлігі белгілі бір тауар не қызметке баға ұсынса, мемлекеттік органдар мүлтіксіз келісетін. Әйтпесе, министрлік бюджетіңізге қол қоймайды. Санақ сауалдары бұл кезде әлі жасақталмаған еді. Агенттік мысал болатын бланктің түрін ұсына алмады. Себебі, қызметкерлердің өзі бланкті қалай жасауды білмеді. Экономика және бюджеттік жоспарлау министрлігі мысал ретінде Орталық сайлау комиссиясы бланктерінің бағасын алды – ақ-қара түсті, жұқа қағазда, мәтіні жарты бет – 18 теңге. Министрлік біздің бюджет қызметкерлеріне 15 теңгенің ішіне тасымал және басқасы кірмейтінін айтқан. Келесі жылы үстіне қосамыз дейді. Келесі жылы бюджетке санақтың жарнамасына деп тек бір телевизиялық роликке жететін сома қосылған.