Сарман алты таңба кітабы - страница 6
Ерұлан біраз жүргеннен кейін тауға жақындап, қаланың шет жағына да келіп жетті, үйлер мұнда сирек және қаладағыдай зәулім емес, ал тасжол жай ғана топыраққа айналды. Тауға жақындай бере тау бөктерінде орналасқан үйлердің төбесі қалың ағаштардың арасынан көрінді, күн бұрынғыдай таудың артынан емес, төбесінен шуағын шашты, оның сәулесі жерді қыздырып, алмас сияқты шық қатқан шөптерді ерітіп, айнала таң атысымен ұяларынан шыққан құстардың әсем әуеніне толды. Ерұлан айналасындағы керемет тау көрінісіне қарап, бойы сергіп, санасындағы мазасыз ойлары да жоғалды.
Үйлердің арасымен жүріп өткеннен кейін ол тауға көтерілген сайын жол жасыл шөппен көмкеріле бастады, оңға қарай бұрылып, өзі баратын үйреншікті тау бөктеріндегі ашық алаңқайға беттеді. Көп ұзамай ағаштар қоршай өскен тар алқапқа келді де, жылқысын ағаштардың біріне байлап, қалың жасыл шөптің үстіне жайғасты.
Ерұлан алындағы үлкен қалаға көз тастады: ол Бұлақты қаласын тауға дейін қоршаған алып қорғанға, оның оңтүстігі мен солтүстігінде орналасқан екі үлкен қақпаға, ал батысқа қарай созылған жасыл далаға көз салды.
Батыста көкжиектен жап-жасыл ағаштың ұшы байқалды, бұл – Батыс ормандағы ең биік ағаш, оны адамдар Бәйтерек деп атайды, биіктігі бұлттарға дейін созылған алып ағаш аспанда қалқып тұрған жасыл бұлт іспеттес. Орман қаладан екі күндік жерде орналасқан. Онда әртүрлі өте қауіпті жануарлар мекен етеді, сол себепті адамдар онда бармайтын, ал Бұлақты қаласындағы адамдардың көпшілігі ет жемейтіндіктен, ондағы жануарларға тиіспейтін. Адамдар табиғатқа көзінің қарашығындай қарайтын болғандықтан, орманға тиіспеуді жөн санайтын.
Осы көрініске қарап Ерұлан өзінің бұл орынға соңғы рет келіп, қалаға соңғы рет қарап тұрғанын білген жоқ, тіпті олай ойламады да.
Ол жұмсақ шөпке шалқая жатып, ашық аспанда қалқыған бірнеше бұлттың қозғалысына назар аударды, осылайша бұлттарға қарап қалай көзінің ілініп, ұйқыға кеткенін де байқамай қалды. Тек арада ұзақ уақыт өткеннен кейін, күн тас төбеден ауып, ұясына жақындаған кезде ғана көзін ашты; Ерұланның бұлай ұйықтамағанына бірнеше аптаның жүзі болды, ол өзін керемет сезініп, барынша созыла керілді, осы сәтте оның құлағына түсінде көргендей қаладан шыққан әскери қоңыраулардың дыбысы етілді, бұл жолы дыбыс ешқандай түс емес – дыбыс шынында қаладан шықты. Зәресі қалмай Ерұлан орнынан атып тұрды да, қалаға қарады. Оған қаланың оңтүстік қақпасынан ішке кірген сарбаздардың қарасы байқалды, ал олардың біраз бөлігі қаланың қақпаларына қарай керуен сияқты тізіле келе жатты. Ол бірден ағаштың түбінде шөп күйсеп тұрған жылқысына қонды да, сарайына қарай шаба жөнелді.
Қалаға жеткен кезде қала көшелерінде толған сарбаздарды көрді, бұл жайт Ерұланға түсініксіз көрінді, әлгі сарбаздар қаланың солтүстігінде орналасқан әскери қонысқа бет алды, ал қала халқы көшелердің екі шетінде, кейбіреулері үйлерінің терезесінен оларды бақылады. Ерұлан жанында тұрған бір адамнан:
– Мыналар мұнда не үшін жүр? – деп сұрады, әлгі адам Ерұланға қарамастан, «білмеймін» дегендей басын шайқады. Ерұлан атының басын бұрып сарайына қарай шаба жөнелді. Сарайына келген соң атынан түсіп, қақпаның алдындағы сарбаздан:
– Сұлу қайда? – деп сұрады.
– Сарайда, – деп жауап қатты сарбаз аттың ноқтасын ұстай.
Ерұлан жылдам сарайға барып:
– Сұлу… Сұлу… – деп айқайлай бастады.
– Не болып қалды, Ерұлан? – деді Сұлу ас үйдің ашық тұрған терезесінен сыртқа қарай. Ерұланның көңілі орнына түсіп, ас үйге қарай ақырын жүрді. Ол ас үйге кіре салысымен: