ТҰРАН БАҺАДҮРЛЕРІ НЕМЕСЕ ЕР, БИ, НАРДЫҢ ЕРЛІК ЖОРЫҚТАРЫ - страница 11



– Рақмет, – деді де Би дәлізге қарай аяңдады.

Ер сол уақытта күзетшіге байқалмай сытылып шығып кетеді.


***

Ала көлеңке бөлме. Бөлменің екі жағына ұзынынан қойылған сәкілерде тұрандықтар сұлап-сұлап қалың ұйқыда жатыр. Бір бүйірде жатқан бауырлар орындарынан тұрады да, Алып Ер Тоңғаның жанына жетіп барады. Қорылдап, қатты ұйқыға берілген оны үшеуі үш жақтан тартқылап, әрең оятады да, ақырын сөйлеп бар жағдайды түсіндіреді.

– Мүмкін емес! – деді Алып Ер Тоңға таңданып. – Біз тірі қалдық емес пе!

– Өйткені, біз улы құмыраларды ауыстырып қойдық. Содан тірі қалдыңыздар.

– Түк түсінсем бұйырмасын! – деп, Алып Ер Тоңға басын шайқайды.

– Көп кешікпей қаруларын жалаңдатып, парсылардың өздері де келіп қалуы тиіс. Сонда бәріне түсінесіз. Ол үшін біздің адамдар ояу күйде қаруларын сайлап, дайын жатулары керек.

– Онда бәрін оятыңдар! – деді Алып Ер Тоңға бір сілкініп. – Дайын болыңдар десеңдер, дайын жатайық.


***

Бір уақытта сырттан адамдардың топырлап жүрген дыбысы естіледі. Жатын бөлмеге соңына қарулы нөкерлерін ерткен Кейхосрау шах кіріп келеді. Қолдарындағы май шамның жарығын үйдегі жатқан адамдарға түсіріп, барлап қарайды.

– Әне, бәрі тарақан құсап тырапай асып қырылып жатыр, – деді бас уәзір қуанышты үнмен. – Демек, кешегі жеңімпаз жауларыңыз бүгін табаныңыздың астында, шах ием!

– Қайран, Афрасиаб! – деді Кейхосрау шах масаттанып. – Сен осылай қор өліммен жер жастанам деп ойлаған да жоқ шығарсың. Мен әкемнің кегін, халқымның кегін қайтардым! Бүгіннен бастап сақтардың, тұрандықтардың күні өшті. Ұлы парсылардың күні туды! Бүгінгі күнді мен «Сақалардан құтылған күн, Сақа байрамы!» деп жариялаймын. Ал, әскерім, қылыштарыңды қындарынан суырың-дар! Жайрап жатқан сақалардың басын аламыз!

Дәл осы кезде Алып Ер Тоңғаның да жолбарыстай айбынды, арыстандай айбатты дауысы шығады:

– Ал, арыстарым, алдаспандарың мен наркескендеріңді көтеріңдер! Парсылардың пасық бастарын біз домалатамыз!

Осыны айтуы мұң екен, сұлап жатқан тұрандықтар орындарынан ұшып-ұшып тұрып, қылыштары мен айбалталарын жарқ еткізіп, көкке көтереді. Парсылар не болғанын түсінбей, ауыздарын ашып, қалшиып тұрып қалғанда, тұрандық баһадүрлер оларға лап қояды.

Алып Ер Тоңға шах Кейхосрауды лақ құрлы көрмей жұлмалап жат-қанда, Ер, Би, Нар бас уәзірге бас салып, үшеуі үш жақтан жабылып, оны кескілеп тастайды.

Парсыларды баудай түсірген жеңімпаз тұрандықтар көп өтпей аттарына қонады. Ал атқа тақымдары тигеннен кейін оларға ешқандай жау төтеп бере алмайтыны белгілі емес пе.


***

Үшеуі сарай сыртында тұрандық сайыпқырандардың ат үстінде әрі-бері ойқастап, парсының аттылы, жаяу-жалпылы әскеріне «әңгір-таяқ» ойнатып жатқанын көріп, кеуделерін бір түрлі мақта-ныш па, әлде биік рух па, бір керемет күш билеп кетті.

Қайратты шашы тікірейіп кеткен Ер бауырларына кезек-кезек көзі ұшқын ата қарап қойып:

– Біздің де қолдан бірдеңе келеді екен ғой! – деді лепірген көңілмен.

– Иә, келеді екен! – деді екеуі оны қостап. Үшеуі әдеттегідей бір-біріне жұдырықтарын түйістіріп, артынша түйілген қолдарын көкке көтерді.

«Скиф Анахарсис Гнурдың ұлы және скиф пат-шасы Кадиудтың бауыры еді; оның шешесі грек қызы, сондықтан да ол екі тілді де білетін. Ол

скифтер мен эллиндықтардың дәстүрі, өмірді

жеңілдетудің жолдары туралы жазды және әскери айла-тәсілі жөнінде сегіз жүз өлең шығарды. Ерекше шешендігімен көзге түсті, «скифтік сөйлеу мәнері» деген мәтел оның осы қасиетіне байланысты қалыптасқан».