ТҰРАН БАҺАДҮРЛЕРІ НЕМЕСЕ ЕР, БИ, НАРДЫҢ ЕРЛІК ЖОРЫҚТАРЫ - страница 12



Диоген Лаэртский, «Әйгілі философтардың

өмірі, тағылымы және шешендік сөздері туралы».


«Ұзақ сапардан соң Анахарсис Скифияға

оралып, өз тумаларына эллиндер тұрмысын үйрете бастады. Бірақ іс атқарып, сөзін аяқтағанша оққа ұшып, мәңгілік өмір сүрушілер қатарына қосылды».

Диоген Лаэртский.

Анарыс – жеті ғұламаның бірі

Би мен Нар алаңдағы күрес жаттығуынан кейін үстеріндегі күрткелерін шешіп, жеңіл футболкаларын киіп алды. Екеуі орын-дыққа сұлап, әлгі киімдерін бастарына қойып жастанып, айқаса жатқан күйі алқынған демдерін, терлеп-тепшігендерін басып, біршама үнсіз дамылдады. Нар ұялы телефонына жармасып, ғалам-тор желісінен мәліметтер қарауға кіріскен. Ал, Би орындық жақтауындағы сөмкесінен жазба дәптерін алып парақтап, сондағы жазғандарын саралап оқып отырып, бір қиялға кіріп кеткенін байқамай қалды.

– Не ойлап отырсың? – деді Нар басын көтеріп.

– Ертедегі эллиндер Анарыс бабамызды – Анахарсисті айтамын, құрмет тұтқандары сондай, қабірінің басына арнайы ескерткіш белгі орнатып, тұғырына «Тіліңе, құлқыныңа және он екі мүшеңе ие бол» деп, өз сөзін ойып жазыпты. Сол ұлы бабамыз жайлы ойлап кеткен екем.

– Иә-ә, қалай еді… – Нар маңдайын ұстап, бір жайды есіне түсіріп әуреленді.

– Би, олар мына өлең-жырымен бабамызды аза тұтқан екен:

Жат жерді кезген Анарыс скифтерге оралды,

Туғандарын эллинше оқытуды қолға алды.

Алайда данышпанның тіл, ақылы кесір боп,

Қауырсынды сұр жебе арқасына қадалды…

Екеуі осы өлеңнің мән-мағынасын терең ұққысы келгендей біраз үнсіз жатты. Аздан соң Би:

– Со-ла-ай, – деді Нарды қоштап. – Эллиндер бабамызды әлемдегі жеті данышпанның қатарына қосып, оның айтқан қанатты сөздерін «Скиф осылай дейтін» деп ауыздарынан тастамай айтып жүргені де сол құрметтері емес пе.

– Би, сен сол жеті ғұламаны атап шыға аласың ба?

– Есімде қалса, қазір көрейін, – деді ол көзін жұмып. Ішінен қайталап, еске түсірді де, – көне замандық тарихтың атасы Геродот пен Страбон, Секст Эмпириктер өз еңбектерінде Анарыс бабамызды «Әлемдегі жеті ғұламаның» біріне жатқызыпты. Олар бабамызды Фалес, Солон, Периандр, Клеобул, Хилон, Биант, Питтактармен қатар атайды, – деді мақтанышпен.

– Анарыс бабамыздан қалған мына сөздер бүгінгі заманымызға да келеді емес пе: «Ең ақылды адам – ел билеуден аулақ болған адам», «Татымсыз мың досың болғанша, татымды бір досыңның болғаны артық», «Базар – бір-біріңді алдауға, тонауға әдейі жасалған орын», «Бір ғажабы, Элладада жарысқа өнерпаздар түседі де, оларға өнері жоқтар баға береді», «Элладада мені ақыл-парасат қорғап еді, өз елімде қызғаныш құрбаны болдым…»

– Иә – ә, – деп күрсінді Би. – Бабамыздың қызғаныш құрбаны болғаны қандай қиянат!

Дәл осы кезде олардың жанына танауы делдиіп Ер келді. Ол қолындағы сөмкесін орындыққа қойды да, жейдесінің етегін ышқы-рынан шығарып, желпінді:

– Ой, мына күннің ыстығын-ай, терлеп, пысынап кеттім ғой. Ана «Сарыағашты» берші, аңқам да кеуіп кетті.

– Іздегеніңді таптың ба? – деді Нар «Сарыағаш» минералды суын Ердің қолына ұстатып жатып.

– Біз таппай қоямыз ба. Біздің үйдің үстіңгі жағында екі орамнан кейінгі көшеде тұратын Мұрат бар емес пе. Соның әкесі инкассатор ғой. Әкесінің ескі броножилеті бар екен, соны алып келдім, міне, – деп, сөмкені ашып көрсетті.

– Ой, бәрекелді! – деді Би қуанғаннан.

Үшеуі әдеттегідей жұдырықтарын түйістіріп, бір-біріне қарап жымыңдасты.

– Енді сәтін салса, ертең таңертең сапарымызға аттанайық, – деді Нар алақанын ысқылап.