ТҰРАН БАҺАДҮРЛЕРІ НЕМЕСЕ ЕР, БИ, НАРДЫҢ ЕРЛІК ЖОРЫҚТАРЫ - страница 24



– Ер, Нар! Садақтарыңды оқтаңдар! – деді бұйырып.

– Иә, неге?! – деп, аң-таң болған Ер, Нарға:

– Шарап көзелерін атамыз! – деді Би әудем жердегі қос арасындағы қаз-қатар тұрған көзелерге қарата садағын көздеп.

– Ә, иә! – деп, бауырлары түсіне қойып, олар да садақтарын көздеп, үшеуі бірінен соң бірі көзелерді дәлдеп атып, қирата бастады.

Әуелгіде не болғанын түсінбеген Спаргапистің жігіттері аңтар-ылып тұрып қалған. Ең алдымен Спаргапистің өзі есін жиды:

– Әй, сендерді жын ұрған ба?! Тоқтатыңдар бассыздықты! – деп ақыр-ған. Бірақ бауырлар оның айқайына тоқтаған жоқ, көзелердің бәрін жайратып салды.

– Әй, басбұзарлар! – деді Спарагапис ашу-ызадан түтігіп. – Егер жай күндері болса, менің бұйрығымды орындамағандарың үшін үшеуің де өлім жазасына кесілер едіңдер. Дегенімен, сендердің жанқиярлық ерліктеріңді ескеріп, жазаларыңды жеңілдетем. – Жанындағы жасақтарына қарап. – Үшеуінің де қару-жарақтарын жинап алып, аяқ-қолдарына бұғау салып, тұтқындап, үйқамаққа алыңдар! – деп ақырды.

– Дат, тақсыр! – деп Ер сөз сұрайын деп еді, Спаргапис:

– Жабыңдар ауыздарыңды! Көзіме көрсетпей тез алып кетіңдер бұларды! – деп, жасақтарына өктемдікпен бұйырды.

Жасақтар үш бауырды аттарынан жұлып алып, дедектете сүйреп, алып кетті.

– Ал, сайыпқырандарым! – деді Спаргапис сап түзеген әскеріне барлай қарап. – Сендердің жанқиярлық ерліктеріңнің арқасында бүгін шарапатты жеңіске жеттік. Жарайсыңдар! Енді сендерге жеңіс тойын тойлауға рұқсат берем. Парсылардың мол дастарқанын көріп тұрсыңдар ғой. Тойғанша ішіп-жеңдер, күліп-ойнаңдар. Тек, әтте-ең… – деп аз бөгеліп барып, сөзін қайта жалғады. – Бар шарапты әлгілер қиратып, төгіп, рәсуа еткенін қарашы! Амал нешік, енді өздеріңнің жанторсықтарыңдағы қымыз, шалап, шұбатпен ғана сусын басарсыңдар. Ал, жақсылап дем алыңдар! – деп, ер жүрек жауынгерлерін еркіне жіберді.


***

– Енді қайттік?! – деді қызуқанды Ер бауырларына қарап. – Біз парсылардың алдауына түсіп, қоршауда қалып, қырылатын бол-дық қой.

– Оларды қоршауда қалу қаупінен сақтандыратын тек біз едік, біздің де көрген күніміз мынау.

– Бұл жерде Бауыржан атамыздай мықты қолбасшы керек шығар, – деді Ер бауырларына кезек көз тастап. – Александр Бектің «Арпалыс» кітабы естеріңде ме?

Сонда Бауыржан ата Мәскеу түбіндегі қаланы қорғау соғысында батальонымен бірге бес рет немістердің қоршауында қалып, бесеуінде де қоршауды жарып шығады. Соның алғашқысында ол асып-сасудың орнына батылдық пен тапқырлықтың үлгісін көрсетіп, қоршауды «ромб әдісімен» тас-талқан етеді. Яғни, соғысқа жарамды сарбаздарды ромб тәрізді сапқа тұрғызады да, ортасына жаралылар мен санитарларды тиеген арбалар мен зеңбіректерді, басқа да ат-көліктерді орналастырады. Сөйтіп, немістердің сақадай сай әскери-техникалық колонналарын күтпеген жерден сына сияқты бұза-жарып өте шығады. Бұл да әскери тапқырлықтың бірі.

– Иә, осы әдісі кейін әскери оқулықтарға енгізіліп, арнайы тактика ретінде оқытылып келеді емес пе.

Бауырлар біршама серпілгендей болып еді, бірақ өз баста-рындағы жау қоршауы естеріне түскенде, қайта қалың ойға беріліп, үнсіз қалды.

Кенет Нар үнжұрғалары түсіп кеткен баурыларын иықтарынан қағып:

– Эврика! Мен таптым! – деп айқайлап жіберді.

– Иә, нені таптың?

Ол жауап орнына қойнынан қойын дәптер, қаламсап алып, алдына қойды.

– Кімде металл теңге бар?

– Менде жүз теңге бар, – деді Би қалтасынан шығарып көрсетіп.

– Бәрекелді! – деді Нар жанары ұшқын атып. – Енді хат жазып, теңгені астына мөр етіп басамыз да, Спаргаписке беріп жібереміз.