ТҰРАН БАҺАДҮРЛЕРІ НЕМЕСЕ ЕР, БИ, НАРДЫҢ ЕРЛІК ЖОРЫҚТАРЫ - страница 27



Сөйтіп, Тұмар ханым мен оның ұлы Спаргапис бастаған ұлы сақ ордасы «Азия әміршісі» Кирдің үш жүз мыңдық қалың қолын қирата жеңіп. Ұлы жеңіс тойын тойлады. Сол тойда Тұмар ханым Кирдің кесілген басын ызалана түйреп тұрып:

– Іздегенің қан еді, ал қанғаныңша іш ендеше! – деп, сабадағы шүпірлеген қанға найзаға түйрелген патшаның басын матырып —матырып алады да, әудем жерге жиіркене лақтырып жібереді.

«Бұл – аңыз емес, тарихи шындық».

Полиэн, «Соғыс тактикасы» кітабынан,

б.з. б. II-ғасыр.


Әскер жина сақтардан —

Қанжармен қақ қапталдан.

Жарылқасын аруақтар,

Артсын арай, ақ таңдар!

Тұлпарға туды байлаңдар,

Садақтарды сайлаңдар!

Сүңгіні жауға сұғыңдар,

Ата жауды қуыңдар!

Соқыр жырау Саксафардың сақ

жауынгерлеріне берген батасы, В. Янның

«Финикия кемесі» кітабынан.

Дарийдің «зәмзәм суы»

Жаздың жаймашуақ күнінің бірі. Ер, Би, Нар сауыттарын киіп, қажетті заттар мен жолазық салынған қоржындарын аттарына өңгеріп, үшеуі «Ерлік алаңына» келді.

– Айтпақшы, Бетпақдаланың картасы мен тұсбағдарды алдыңдар ғой? – деді Би.

– Алдық, олар менің қоржынымда, – деді Нар.

– Біз бұл жолы елсіз, сусыз дүз даламен, жыртқыш тағылары, улы жәндіктері жыртылып айырылатын шөл даламен жол жүреміз ғой, – деді Ер. – Сол қиындықтардың бәріне төтеп беруіміз керек.

– Соның бәріне дайындалып, қамданып шыққан жоқпыз ба.

– Иә, дұрыс айтасың. Енді тек, жорығымыз сәтті болсын!

– Сәтті болсын!

– Ал енді, бауырлар, «Кеңістік сағаттарыңды» біздің дәуірімізге дейінгі 517 жылғы сақ дәуіріне, Бетпақдала шөліне туралаңдар, – деді Би.

– Иә, тураладық! – деді Нар.

– Тураладық! – деді Ер. Үшеуі:

Біз – Тұранның ұлдарымыз,

Ерлік – басты ұранымыз!

Жорыққа сай, дайынбыз,

Текті елдің қыранымыз!

Сол сәтте кеңістік өзгеріп, үшеуі ежелгі дәуірдегі Сақ даласынан шыға келеді.

Айнала иен дала, жапан дүз. Ұшы-қиыры жоқ жазық даланың әр-әр жерінен боз жусан, қызғылт бұйырғын мен сораң көрінеді. Көкте құйқылжыта сайраған бозторғай даусы болмаса, айнала атырапта тіршілік белгісі байқалмайды…


***

Қыр жонындағы үш асыр еңселі көрінеді. Айналасына ақ боз үйлер мен тегелендер, жорық шатырлары жыпырлай орналасқан. Үй арасында қаран-құран етіп жүрген елдің ішінде әскери сарбаздар басым. Ақ боз үйдің біреуінің алдында үлкен тай қазанда буы бұрқырап ет пісіріліп жатыр.

Үш елдің игі жақсыларының бәрі ортадағы асырда бас қосқан. Еңселі үш тақытта үш елдің тәңірқұты – Омар, Тамыр, Сақұстар отыр. Олардың айналасында уәзірлер мен билер, қолбасшылар. Тәңірқұттар кеңесі қызу жүріп жатыр.

– Ел іргесі сөгілді, – деді Омар. – Батыстан мидиялық Дарийдің 700 мыңдық қолы көкті жапқан қарғадай қаптап, баса көктеп келеді. Кешегі күндері олар Томиристен ойсырай жеңілгендерін, патшалары Кирдің басы осында қалғанын ұмытпаса керек. Енді көрмейсің бе, парсылар бұл далаға бұлтты шегірткедей тағы төпеп, кеткен кектерін, жіберген еселерін еселеп өндіріп алуға өңмендеп келеді. Топан судай ойран салған бұл жауға қандай қайран көрсетеміз? Қалай тосқауыл болмақпыз?

– Біздің бүгінгі кеңесіміздің мақсаты да сол емес пе. «Бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып», үшеуміз қол біріктірейік. Сөйтіп, күшімізге күш қосып, бір жұдырық болып, сол топанға төтеп берер тас қамал, қасқайып қалқан болайық, – деп қостады оны Тамыр тәңірқұт.

– Е, мұныңыздың бәрі бос қиял, – деді Сақұстар. – Үшеуіміз біріксек те, бар болғаны екі жүз мыңға жетер-жетпес қол құрамыз. Қара құрттай қаптаған Дарийдің қолына қандай қамал, тосқауыл болмақсың? Қайта сені жан-жағынан қаусырып, бір уыс насыбайдай алақанға салып, бір атып жоқ қылмай ма. Одан да үшеуміз жеке-жеке әрекет жасайық. Жауды көкжал бөрідей әр тұсынан «шолақ соғыс» тәсілімен жұлмалап-жұлмалап, жүйкесіне тиіп, әлсіретейік. Содан басқа, содан ыңғайлы жолды көріп тұрған жоқпын. Менің ұйғар-ымым – осы.