Труды III Республиканской научно-практической online-конференции «Образование XXI века: проблемы, тенденции и перспективы» - страница 12
Жүрек-қан тамырлары аурулары әртүрлі себептерден туындауы мүмкін: туа біткен ауытқулар, әртүрлі жаман әдеттер (алкогольді, темекі өнімдерін, есірткіні пайдалану), дұрыс тамақтанбау, отырықшы өмір салты, демалу режимінің бұзылуы т.б. сондай-ақ, мұндай аурулардың пайда болуының ең көп таралған маңызды себебі энергетикалық сусындарды қолдану болып табылады. Энергетикалық сусындар жүрек-қан тамырлары жүйесіне теріс әсер етіп қана қоймайды, сонымен қатар жүйке жүйесінің бұзылуына әкеледі. Мұндай сусындардың осындай жағымсыз әсерінің себебін анықтау үшін энергетикалық сусындардың құрамына кіретін ең көп таралған заттарды қарастырдық.
Кез келген энергетикалық сусынның құрамында кездесетін негізгі компоненті әдетте таурин мен кофеин болады. Ал, олардың көп бөлігі сахароза немесе глюкозадан тұрады. Таурин жүрек бұлшықетінің әрекетіне әсер етсе, глюкоза мен сахарозаның көп мөлшері қант диабетінің, асқазан-ішек жолдары ауруларының даму қаупін арттырады [2].
Қазіргі таңда энергетикалық сусындардың еркін сатылуына байланысты мектеп жасындағы жасөспірімдер көптеп тұтынатыны байқалады, яғни 11—15 жас арасындағы жасөспірімдердің 40%-дан астамы энергетикалық сусындарды күнделікті тұтынады. Бұл дегеніміз бұғанасы қатпаған жасөспірімдердің денсаулығына орасан зиян келіп жатыр.
Энергетикалық сусындарды аяғы ауыр әйелдерге, балаларға, жасөспірімдерге, жүрек-қан тамырлары ауруымен ауыратын адамдарға мүлдем пайдалануға болмайды. Сонымен қатар энергетикалық сусындар адамға күш-қуат береді деп ойлау да қате ұғым. Былайша айтқанда, сусын ағзаға сырттан күш-қуат әкеліп құймайды, адамның денесіндегі барын ұқсатады. Ол керісінше адамды шаршағанын өзі сезбейтін күйге ұшыратады. Нәтижесінде адам ағзасы шамадан тыс энергия жұмсап, ағзасына үлкен зақым келтіреді. Алдамшы сергектік сыйлайтын сусынның әсері шамен 2—3 сағаттан соң қайтып, адам ағзасы қатты шаршаңқы күйге ұшырайды.
Сонымен энергетикалық сусындар тұтынушылардың денсаулығына қауіп төндіреді деген қорытынды жасауға болады. Сусындардың бұл санаты жасөспірімдер үшін тартымды болып көрінуі мүмкін, бұл уақыттың жетіспеушілігімен, энергияны тез, қарапайым жолмен толтыруға деген ұмтылыспен байланысты. Алайда, жасөспірім жастардың көпшілігі энергетикалық сусындарды тұтынудың жағымсыз салдарын және мұндай сусындарды үнемі тұтыну кезінде болатын зиянның ауқымын толық түсінбеуі мүмкін.
Энергияның жетіспеушілігін шешу үшін жасөспірімдер қалыпты жұмыс және демалыс режимін, ұйқы режимін, сондай-ақ тамақтану режимін сақтау керек. Еңбек және демалыс режимі адамның жұмысына үлкен әсер етеді. Еңбек және демалыс режимі дененің жеке ерекшеліктерін, әлеуметтік факторларды ескеруі оның жұмысын жеңілдетуге мүмкіндік береді [3].
Ұйқы-бұл психикалық және физикалық стрессті жеңілдетуге мүмкіндік беретін күнделікті демалудың міндетті және толық түрі. Ұйқы кезінде дененің өмірлік белсенділігі өзгереді, қалпына келтіру процестері белсендіріледі, энергия шығыны азаяды, шамадан тыс жұмыс жойылады және жүйке жасушаларының сарқылуына жол берілмейді. Жасөспірімдер үшін 7—9 сағатқа созылатын ұйқы оңтайлы деп саналады, ал ең физиологиялық кезең- 23:00-ден 7-8-ге дейінгі кезең. Егер жасөспірім жүйелі түрде ұйқысыз болса, оның ақыл-ой қабілеті 7—15% – ға төмендейді. Сондай-ақ, толық ұйқыны қамтамасыз ететін бірқатар жағдайларды сақтау қажет: тыныштық, терезелердің қараңғылануы, таза ауа қажет [4].