Қанатты сөз – қазына. 2-кітап - страница 25



Ән-күй тарту, өнер көрсету кезегі меймандарға берілгенде, оны «қонақкәде» деп атайды.


АУЫЛ ИТІНІҢ ҚҰЙРЫҒЫ ҚАЙҚЫ


«Қазақ ұғымында: „Ит жеті ырыстың біреуі“, „Итті тепкен – ырысты тебеді“, „Иесін сыйлағанның итіне сүйек сал“, яғни тамақтандыр, т.б. айтылады. Итті бұлай қадірлеу мал шаруашылығымен шұғылданған көшпелі елде қажет-ақ. Өйткені, ит – адамның үйде де, түзде де сенімді серігі. Сондықтан „итті иесімен қинасын“ деген. Ал „Ауыл итінің құйрығы қайқы“ деген мақал әр ит өз ауылында күшті деген және басқа да астарлы ұғымды білдірген». (С. Мұқанов, 77.).

Бүгінде бұл мәтел көбіне кейбір адамдардың ерекше мінез-қасиеттерін сипаттағанда айтылады.


АЯЗ ӘЛІҢДІ БІЛ,

ҚҰМЫРСҚА ЖОЛЫҢДЫ БІЛ

(Екінші нұсқасы) *


«Аяз би өзінің зеректігі, тапқырлығы, ақылдылығы арқасында уәзір болады. Халық аузында Майқы бидің қасынан орын алған екі бидің біреуі (екіншісі – Құмырсқа) деген аңыз бар. Оның даналығын, достыққа адалдығын сертке, беріктігін, әділдігін хан да, қара да мойындаған. Хан болған Аяз би өзінің қой баққандағы жыртық шапанын хан сарайы босағасына іліп, соған көзі түскен сайын тәубесіне келген дейді. Содан халық аузында: „Аяз әліңді біл, құмырсқа жолыңды біл“ деген дана сөз қалған». (54.).

Әркім ең алдымен өзін-өзі кеше кім еді, бүгін кім болып отырғанын, билік-мансапқа қолы қалай жеткенін, яғни өз өмір-болмысына сын көзбен қарап, өткенін естен шығармауын ескертіп тұр.


* «Қанатты сөз – қазына», 1 – кітабын қараңыз.

Ә

ӘДЕТ ӘДЕТ ЕМЕС, ЖӨН – ӘДЕТ


«Көнеден келе жатқан жөн-жоба, әдет (заң) бойынша Керей ханнан кейін хандық биліктің тізгіні аға баласы ретінде Мұрындыққа тиесілі болған. Солай деп Мырза Мұхаммед Хайдар да жазады. (Мұхаммед Хайдар Дулати „Тарих-и Рашиди“ – Алматы, 2003, 306 бет). Алайда Қазақ хандығының шаңырағын көтерісіп, туын қадасқан тұтқа ретінде жол Жәнібекке берілген. Мұрындық даланың жазылмаған заңы – жөн-жобаға тоқтаған. „Әдет, әдет емес, жөн – әдет“ дейтін мақал сөз осындай қисында айтылған. Қазақтың қария сөздері, шежіре деректері осылай дейді». (А. Сейдімбек, 93. 326-б.).

Бүгінде ежелден қалыптасқан әдет, дәстүрді кейбір адамдар жағдайына қарай өзінше құбылтып, бұзып-бұрмалап, кейде барлығын, байлығын танытып әспеттеп жіберетіні жасырын емес. Сондай жағдайларда жөн білетін адам оларды осы мәтел арқылы жол-жобаға салады.


ӘЗ БОЛМАЙ, МӘЗ БОЛМАЙДЫ


«Халқымыздың таным-наным болжамы бойынша күн мен түн тепе-теңдікке жеткен кезде әуеде ғажайып бір діріл мен гуіл естіледі, сол үнді „әз“ дейді. Әз өткенде бүкіл жан-жануар, күллі өсімдік дүниесінде, жалпы тіршілік әлемінің бойына қан жүгіріп, қайта түлеп жаңарады, ескінің ауырлығы кетеді. Әздің жүргені әдетте байқала бермейді, оның өткенін қой алдымен сезеді екен. Қой аспанға қарап жамырай маңырап, тұрып қалатын көрінеді. Соны көрген малшы „жаз хабары келді“ деп қуаныпты. „Әз болмай, мәз болмайды“ немесе „Әз болмай жаз болмайды“ дейтін нақыл сөз содан шығыпты». (З. Ахметова, 16. 326-б.)

«Қазақ тілінің түсіндірме сөздігінде» (1-том, 583—584б. «Ғылым» баспасы, 1974ж.) «әз» деген сөздің екі түрлі мағынасын беріпті. Бірінші мағынасы – соқыр, көр, екінші мағынасы – ғазиз, ардақты, жақсы. Ал, жоғарыдағы мәтелдегі «әз» сөзінде осы екі түрлі мағынаның арасындағы бір құпия белгі бар сияқты көрінеді. Ол қандай белгі, қасиет-қуатына тереңдей бойлау, түсіну қиын.

Әздің 22-наурызға дейін өтетіні күн мен түннің теңелген сәтін байқатса керек. Содан кейін күн бірте-бірте ұзарып, ауа райы жылына бастайды. Ендеше, мәтелдің мағынасы күн мен түн теңелмей, ауа райы жылынбайды, мәз болмайды дегенді аңғартса керек.