Қанатты сөз – қазына. 2-кітап - страница 26
ӘЗ ТӘУКЕНІҢ «ЖЕТІ ЖАРҒЫСЫ»
«…Аталған екі заң („Қасым ханның қасқа жолы“, „Есім ханның ескі жолы“) ұлы хан әз Тәуке тұсында (XVIIғ. аяғы мен XVIIIғ. басы) одан әрі жетілдіріледі, жаңа құқық тараулары енгізіледі. Ол бүкіл қазақ жұртына белгілі әділетті заң ретінде „Жеті жарғы“ деген атпен танылды. Әз Тәуке Хан кеңесі мен Билер кеңесін құрды. Жыл сайын Құрылтай өткізіледі. Осындай мемлекеттік, құқықтық, азаматтық ережелер негізін жасауға атақты үйсін Төле би, арғын Қаздауысты Қазыбек би, алшын Әйтеке би, Әнет бабалар қатынасты. Бұрынғы бес тараудан тұратын Ережеге жесір дауы мен құн дауы қосылады. Аталған заң қағазға түскен, түспегені әлі белгісіз. Бірақ мұны елдің батыр, билері, ақсақалдары, шешендері құрандай жаттап, кейінгі ұрпаққа жткізді». (С. Кенжеахметұлы, 43.8-10-б.).
«Қасқа жол» мен «Ескі жол» заңдары 17-ғасырдың аяқ кезі мен 18-ғасырдың басында қайта толықтырылып, елеулі өзгерістер енгізіліп, дамытылды. Тәуке хан (1680—1718) тұсында «Күлтөбенің басында күнде кеңес» өткізіліп, «Қасқа жолдың» бұрынғы бес тарауына тағы да екі тарау қосылып, «жеті жарғы» («жеті заң») деп аталды. Бұл жаңадан қосылған екі тарау: жер дауы туралы заң мен құн дауы туралы заң еді. Тәуке хан тұсында Қазақ хандығының шығыс жағындағы жайылымдарды ойрат-жоңғар фоедалдарының басып алуына байланысты жердің таралуы, мал жайылымдарына таласқан жанжалдардан адам өлімінің жиі болуы себепті жер дауын мүлік заңынан бөліп алып, жеке-жеке тарау енгізуге тура келді.
«Орыс департаментінде» бұл заңдар «Тәуке ханның заңдары» деп аталды». (М. Қани, 55.319-б.).
Ел арасында бұл «жарғы» «Тәуке ханның жеті жарғысы» деген атпен танымал.
Бұл бүгінгі біздің Ата заңымыз сияқты хандық дәуірдегі мемлекет құрушы басты заң қағидаларының бірінен саналған.
ӘКЕ КӨРГЕН ОҚ ЖОНАДЫ,
ШЕШЕ КӨРГЕН ТОН ПІШЕДІ
«Қазақта: «Әке көрген оқ жонады, шеше көрген тон пішеді» деген өте орынды сөз бар. Бұл сөз мынадан шыққан: қазақ тарихы жаугершілікке толы. Сондықтан қазақ ұл дүниеге келген күні «бір сарбаз қосылды, жасақ молайды, жауды жайратады бұл» деп қуанған. Сондықтан да ұлдан күтетін алғашқы үміті – ел мен жерді жаудан қорғайтын бір батыр қазақтың маңдайына бітсе екен деу. Өйткені, оның әкесі, әкесінің әкесі арғы бабасы да оқ жонып, сайысып өткен. Ең негізгі мақсат отаншылдық рухқа тәрбиелеу болғандықтан, оқ пен сойылға, садақ пен бос мойын шоқпарға балаларын баулыған.
Енді «тон пішеді» -ге келсек – ертедегі қазақта мата тоқитын, киім тігетін өндіріс орны дегендер болмаған. Өрмек құрып, шекпенді тоқыған да, теріні илеп, тон мен ішікті тіккен де, киізді басып, баспананы жасаған да, жабағыны жіпселеп, көктеп, күпіні тіккен де —әйел. Былайша айтқанда, бұрынғы қазақтың үсті-басын бүтіндеген, сәндеген де —сол. «Ана көрген тон пішедіні» қазақ осыған бола айтқан». (А. Жүнісұлы. 9.).
Ер бала – әкесіне, қыз бала – шешесіне ұқсап, тартады, солардан көріп-тоқығанын істейді, меңгереді деген ұғымды береді.
ӘКЕСІ ҚҰРДАСТЫҢ БАЛАСЫ ҚҰРДАС
«Жездесі мен балдызының, жеңгесі мен қайнысының, бажалардың, құрдастардың арасындағы қалжың ерсі емес. Кейбір жігіттер әкесінің құрдастарымен де реті келген жерде үлкен адамның жасын сыйлауды ұмытпай зілсіз, жеңіл қалжыңдасып жүреді», «Әкесі құрдастың баласы құрдас» дегеніміз – осы». (М. Ниязбеков, 105.31).
«Құрдастардың әйелдері де құрдас болып есептеледі. „Әкесі құрдастың баласы құрдас“ деп, олардың балалары да әзілге араласып отырады. Құрдастық қалжыңдар басқа түркі халықтарының арасында кездесе бермейді». (С. Кенжеахметұлы, 43.217-218-б.).