Бақыт жолы - страница 2



Ал енді іске көштік.

Кітаптың төрт бөлімі бар.

Біріншісінде, «пейнхантинг» әдістемесінің мәні неде екенін білесіз, түпсанадағы ұстанымдарды қалай табуға болатынын және қалай оларды біржола өзгертуге болатынын түсінесіз.

Екінші бөлімде болса, бірінші бөлімде сипатталған әдісті қолдана отырып, жағымсыз сезімдермен қалай күресуге болатынын анықтайсыз.

Үшіншісінде, сіз жеке тұлғалық дамуда жетістікке жеткізетін және нағыз бақыт пен еркіндікке қол жеткізетін ауадай қажет өмірдің негізгі заңдары туралы түсінік ала аласыз.

Төртінші бөлімде сіз өмірде жиі кездесетін проблемаларға қатысты анықтамалықты таба аласыз, осы проблемалардың сипатын және оларды шешуге бағытталған іс-әрекеттердің нақты жоспарын түсіне аласыз.

Бұл кітапты ұсақ-түйегін терең зерттеп, аса тоқтала бермей, рет-ретімен оқығандарыңыз өте маңызды. Сонда адамның жан-дүниесінің бейнесін құрайтын бөліктерді, былайша айтқанда пазлдарды, тыңғылықты құрастыра аласыз. Ал кейінірек терең зерттеу жүргізу үшін арнайы тарауларға көшуге болады. Ал егер сіз бір тараудан екіншісіне секірсеңіз, қандай да бір нәрсені, оның ішінде кейбір қиын терминдерді дұрыс түсінбей қалуыңыз мүмкін, бұдан осы кітапты жаратпай, әрі қарай айтылғандарды қабылдамауыңыз мүмкін. Алайда мен бұл кітапты қиын терминдерді мейлінше аз қолданып әрі тәжірибемде болған мысалдарды барынша көп қолдана отырып, қарапайым етіп жаздым. Сондықтан бұл кітап кез келген дайындық деңгейіндегі оқырман үшін түсінікті болмақ.

Айтпақшы, бұл кітап дайындықтан өтпеген, психологиялық проблемалардан арылғысы келетін оқырмандарға ғана емес, сонымен қатар мамандарға – пәлсапашыларға, медицина қызметкерлеріне, эзотериктерге, сондай-ақ жаңа мамандықты игеріп, пейнхантер болғысы келетіндерге де пайдалы болады.

Егер өз проблемаларыңыздың қайнар көздеріне саяхаттауға дайын болсаңыз, егер өз-өзіңізді және адам жанын тереңірек танып-білгіңіз келсе әрі сұрақтарыңызға жауабын табуға ынталы болсаңыз, онда әрі қарай алға жүрейік!

1-Бөлім. «Пейнхантинг» әдістемесі жайлы

1.1 Тарау. Адамға қайғы-қасірет әкелетін не?

Өміріміздің өзі қайғы-қасірет болып табылады ма? Неге біреу кедейліктен жапа шегіп жатқанда, басқа бір бай кісі өмірінде қояр мақсатының жоқтығынан жапа шегеді? Неге адам қатты қалаған нәрсесіне қол жеткізгеннен кейін, азғана уақыт өте өзін қоярға жер таппай, қайтадан басқа жаңа нәрсені іздей бастайды? Осылай болғаны дұрыс па?

Неге данышпандар «бақыттың кілті – жай ғана бақытты болуда» деп айтады? Егер бұл осыншалық оп-оңай болса, неге дүниеде бақытсыз жандар көп? Әлде көп адамға бақытсыз болу ұнағаны ма?!

Кейбір рухани тәжірибемен айналасытатындардың айтуынша, бізге өз ойларымыз бен өз санамыз қайғы-мұң әкелетіндіктен, адам бақытқа тек медитация кезінде ғана қол жеткізе алады. Олардың сендіруінше, медитация кезінде адам ой-санасында өз-өзімен жүргізетін мәнсіз диалогын доғарып, тыныштыққа кенеледі. Ал сол тыныштық оны бақытқа жетелейді. Шындығына келгенде, бұл солай ма?

Ал Батыс өркениеті болса, адам бір кемелді арманға қол жеткізсе, міндетті түрде бақытты болады дегенді айтады. Адамдар бақытты боламын деген үмітпен жылдар, тіпті ондаған жылдар бойы сол арманға ұмтылады, жетістікке жетуден келетін қуанышты қайта сезінуді қалап, материалдық игіліктерге ие болу үшін қысқа мерзімді мақсаттарға қол жеткізеді. Бірақ күндердің күнінде бұл қуаныш әкелуден қалады! Адам есті болған сайын, материалдық жетістіктерге жетудің мәнсіз екеніне тезірек көзі жетеді де, рухани күйзеліске ұшырайды. Ал енді мәселенің төркінін табайық. Қазір сіз бақытты болудың қызықты да қарапайым сырын түсінесіз. Сіз мұны байқап та жүрдіңіз, бірақ аса мән бермеген боларсыз.