Бақыт жолы - страница 4
Пейнхантинг бейнелерді бір-біртіндеп өзгерту арқылы жан-дүниеңізді өзгертеді. Ал қараңғы бейнелер жарқын бейнелермен алмастырылғанда, сіз өзіңіз-ақ бақытты, мейірімді, дана, жайдарлы, жауапты да ынталы адам бола түсесіз. Тек жарқын бейнелер ғана сізге күш-қайрат, мотивация, ынта-жігер мен табандылық береді. Осы жарқын бейнелер ғана сізге анағұрлым белсенді болуға, жасампаз болуға, бірнәрсені ойлап-табуға, батыл түрде алға басуға көмектеседі. Тіпті құлдырап жатқан қоғамда өмір сүріп жатсаңыз да, тек жарқын бейнелер ғана сізге керемет болашақты көруге, өзгелерге көмектесуге, олардың қажеттіліктерін түсінуге, сәйкесінше табысты әрі өз ортаңыздың көшбасшысы болуға мүмкіндік береді.
Қараңғы бейнелерді алып тастап, жарқын бейнелерді қалпына келтіру. Неткен қарапайым да жеңіл түсінік! Бірақ неге адамзат ғасырлар бойы осы шындықты түсіне алмаған?! Ал егер түсінген болса, бәлкім, бұл жағымсыз бейнелерден арылудың жолын білмеген болар?!
Иә, шындығында бұл бейнелерді алып тастау – оңай шаруа емес. Ол үшін бұл бейнелердің неліктен бізге мықтап жабысып, оңайлықпен кете қоймайтынын түсіну керек. Дәл осы мәселеде мыңдаған психологтар бастарын қатырып, осы бейнелердің құлдырататын күшін азайту мақсатымен көптеген айла-амалдар ойлап тапқан. Осыған қатысты, өкінішке қарай, күтпеген бір жайт анықталды. Көп адам жан жараларынан айырылғысы келмейтін боп шықты. Өйткені ешкім де жан жарасынан толықтай арылта алмағандықтан, қоғам жан жарасынан зардап шегу пайдалы деген жалған сенім ойлап тапты!
Сондықтан санамыздан жағымсыз бейнелерді алып тастамас бұрын, біз мына жайттарды түсінуіміз керек: бұл қараңғы бейнелер мен жан азабы шындығында керек пе өзі? Олардан арылған дұрыс па? Өте көп адамға жағымсыз ойлардан арылуды ұсынғанда, олар бұл жағымсыз бейнелердің оларға өмірге қажетті ішкі күш беріп, төзуге көмектеседі деген қисынсыз ойларды айта бастайды. Не деген ақылға қонымсыз тұжырым?!
Қазір осы мәселені толығырақ қарастырайық.
1.2 Тарау. Қайғы мен қасіреттің пайдасы
Әрине, бұл ақылға қонымсыз жайт, бірақ қайғы-қасіреттің адамға пайдалы екеніне сенімді көптеген адамдарды кездестіруге болады. Азап пен қайғы-мұңның бізге дамып-өркендеуге көмектеседі дегенді айтатын жаттықтырушы, коучтар да жеткілікті. Сондықтан көптеген адамдар азаптан арылуға болмайды деп есептейді. Олар, нағыз мазохисттер сияқты, өз өмірлерін қиындатады, алдарына ауыр міндеттер қойып, қажытатын тәртіппен өздерін азаптайды, сондағы көздегені тек бір мақсат – ақыр соңында мықтырақ бола түсу үшін азап шегу! Сөйтіп олар «Адамды жеңе алмағанның бәрі де оны мықты етеді» дегенді мақтанышпен айтады.
Маған бұл мәселені тереңірек қарастыруға тура келді, себебі мұндай қисынсыз ой-пікір адамдардың бақытты болуына және жағымсыз ойларынан арылып еркіндікте болуына басты кедергілердің бірі болып табылады. Осының кесірінен адамдар бақыттан өз еркімен бас тартады. Кейбіреулер азап пен қайғы-қасірет бізді ақылдырақ, аса қырағы әрі сақ етеді деп санайды. Нәтижесінде олар пайда болған қарама-қайшылықтан қинала бастайды: олар бақытты болуды қалайды, сонымен қатар өмірдегі «пайдалы серігіне» айналған азапты жоғалтудан да қорқады! Сондықтан, азаптан құтылса, ақымақ болып қаламын деп қорқады, себебі даналыққа азап шегу арқылы ғана қол жеткізуге болады деп сенеді. Олар сондай-ақ, азап шегудің ересек өмірге жетелейтініне не барлық қайғы-қасіретті сәтті түрде бастан өткеру арқылы ғана бақытқа ие болатындарына сенімді. Ақыр соңында, олар себепсіз бақытты болу дұрыс емес деген ойға келеді. Ал бұл жер бетіндегі көптеген адамдарды бақытсыз етіп жатқан кең таралған қате түсінік болып табылады.