Бақыт жолы - страница 6



Бұл екі мысалда да адамдардың сәтсіздікке ұшырауының себептері – олардың білімсіздігі, өз-өзін дамытуға деген ықыластың болмауы және қиындық болмай тұрып қиялмен өмір сүргендері. Яғни, егер бірінші ер адам мейірімді, байқампаз және жігерлі болғанда, ол әйелінен айырылмас еді және қазіргі күйінен әлдеқайда бақытты өмір сүрер еді. Екінші жағдайда, егер кәсіпкер бастапқыда дұрыс жоспарлау мен қаржыны басқару қабіліетіне ие болғанда, банкротқа ұшырамас еді және жүйкесі мен денсаулығын сақтап қалар еді.

Міне, осылайша көптеген адамдар азап шегіп өмір сүреді. Олар өсіп-жетілу үшін өмірде таяқ жеу керек деп ойлайды. Айналадан белгі болар бір соққы алам деп күтеді. Ер адам мүмкіндігінше көп әйелмен қарым-қатынаста болу арқылы тәжірибе жинайм деп ойлайды. Кәсіпкер бизнесінде 7—10 рет күйреуге ұшыраса, миллионер боламын деп ойлайды. Тіпті кейбір кәсіпкерлердің «табысқа жету үшін көп рет құлау керек» деп ашық айтатындарын естиміз. Бұлай деу нағыз тұзақ қой. Бұл бұрыс көзқарасты бойыңызға сіңдіретін және сізді қайғы-қасірет пен сәтсіздікке ұрынуға итермелейтін қауіпті кеңес болып табылады!

Шын мәнінде, сіз білім мен даналыққа ие бола отыра, азап шекпей өмір сүре аласыз. Сонда әр сәтсіздіктен кейін қартайып-қажымай, денсаулығыңыз да нашарламайды. Баладай ақкөңіл болуды, ынта мен жан саулығын жоғалтпайсыз.

Өмір ақылыңыз кіріп, жетілуіңіз үшін бір күні төбеңізден төрт қойып ұратындай етіп жаратылған, ал ол уақыт келгенше ағыммен жүре беру керек деген ой – ақылға қонымсыз. Бұл алдымен пышақты қалай дұрыс қолдану керектігін білмей, тамақ дайындауды үйрену сияқты. Бұл медицина маманы болмай, ауырсыну мен сәтсіздіктер сізге хирургиялық отаны қалай дұрыс жасау керектігін үйретеді деген үмітпен өзгеге ота жасау сияқты. Осы жағдайлардың барлығында сіз түбінде жетістікке жететін де шығарсыз, бірақ қандай шығынмен?

Сол себептен де бұл үлкен қателік, кең таралған бұрыс түсінік болып табылады. Адамдардың 95% өмірге осындай көзқараспен қарайды десем қателеспеймін.

Қысқаша айтқанда, азап шегу өрге басып, дамудың қозғаушы күші емес! Адамзат тарихында ілгері қарай даму жойқын соғыстар болған кезде басталған жоқ. Даму, алға басу – сауаттылық пайда болып, ғылым дамығанда, әдеп негіздері енгізіліп, мәдениет өркендегенде басталды.

Жеңімпаз – көп қиындық пен азапты басынан өткерген адам емес, сол қиындықты жеңе білген, сәтсіздіктерді айналып өте алған адам. Осы бір айырмашылыққа назар аударыңызшы. Адамның көп қиындық пен азапты басынан өткергені оны көшбасшы етпейді. Себебі қиналған адам тығырыққа тіреліп, оқшауланып, ақымақ істер жасай бастайды. Ал жақсы көшбасшы бола білген адам азаптан арылу үшін дер кезінде дұрыс шешім қабылдайды, бұл оны одан да күштірек әрі мықтырақ етеді. Демек біз қиындық пен азаптың өзінен емес, оны жеңудің арқасында мықты боламыз! Бәрі де қиындық көріп азап шегеді, бірақ тек жүзден бірі ғана оны жеңіп шығады. Сіз қиналып азапталудың өзінен емес, оны жеңе білуді үйренгеннен сенімділікке, мол тәжірибеге және болашаққа деген берік сенімге ие боласыз! Білім, ұғымталдық, еңбек пен өмірлік күш-қуаттың арқасында сіз жеңімпаз бола аласыз!

Басқаша айтқанда, футболшыны жақсы ететін доп емес, оның ұмтылысы, еңбекқорлығы мен жақсы футболшы болуды армандағаны. Бұл орайда себеп пен салдарды шатастырып алмаңыз. Боксшыны шебер ететін жағына тиген өте ауыр соққылар емес, дұрыс техниканы қолданғаны, жеңіске жету арманы және жетістікке деген құштарлығы. Басшыны мықты ететін жүздеген банкротқа ұшырағаны емес, жүздеген компанияны өркендеуге жеткізе алғаны. Бұл ерекше жайтты есте сақтағаныңыз абзал. Егер достарыңыздың кейбірі болашақта бақытты болудың кілті – қиналып азап шегуде екеніне сенімді болса, оларға міндетті түрде осы тарауды оқуға беріңіз. Ақыл-ойды іске қосып ой жүгіртіп көрсін. Сонда азап шегу бізге дамуға көмектеседі деген пікір қайдан шықты?