Бақыт жолы - страница 22



Ал даму қызметінің, қауіпсіздік қызметінен айырмашылығы, біліне бермес айырмашылықтарды, ұсақ-түйек бөлшектерді анық көреді және жалпылауды ұнатпайды. Егер сіз өте бақытты адамдарды кездестірген болсаңыз, олар: «бәрі солай дейді», «барлық еркектер оңбаған» немесе «барлық әйелдер қаншық» деген сөздерді өте сирек қолданатынын байқаған боларсыз. Олар осылай айтқан күнде де, мүмкіндігінше нақтылап, шектен шығудан аулақ болуға тырысады. Мысалы, олар: «кейбір әйелдер онша мейірімді емес» немесе «әке тәрбиесін көрмей өскен ер адамдар көбіне сенімсіз болады» дейді. Олар: «ешқашан бұлай істеме», «сен өмірі кешігіп келесің», «сеннің ақымақ екеніңді бүкіл әлем біледі» немесе «сен өмірі сәтсіздікке ұшырайсың» деген тіркестерді сирек қолданады. Ал бұл тіркестердің барлығында да баламалап ұқсату бар екені анық. Адам бір рет қателесті, ал оның байғұс досы енді оған өмірі қателесіп жүретінін айтады. Бақытсыз адам біреуден досы туралы жағымсыз сөз естіп, оған: «Сені бүкіл әлем жамандап айтып жүр» дейді. Бақытты адам мұндай жағдайларда мәліметті асыра сілтемей, өте тура жеткізеді немесе бұл туралы мүлдем айтпайды да.

Кейбір адамдар «теңестіру, сәйкестендіру» дегенді дұрыс түсінбейді. Сондықтан мен бұл ұғымды аздап түсіндіргім келеді. Теңестіру не сәйкестендіру деген – белгілерді есепке алу, мәнін анықтау немесе бір фактілер тобын басқаларымен салыстыру арқылы сәйкестікті орнату. Мысал келтірейін: бір әйел Африкада болғанда безгекпен ауырып қалады. Осы кезде түпсана мынадай теңестіруді жазып алды: «Африка = безгек», немесе «Африкаға барлық сапарлар безгекпен аяқталады». Яғни, бір ғана жағдай әсіреленіп, жалпыланып, осыдан қате теңестіру пайда болады. Безгек – мың белгілердің бірі ғана. Бірақ енді түпсана Африканы тек безгекпен ғана сәйкестендіріп тұр. Немесе безгекті тек Африкамен теңейді.

Мысалы, ата-анаңыз сіз ән айтып, би билегенде сізге ұрысатын болған болса, сіздің санаңызда «Қуаныш = азап шегу» немесе «қуаныш = жаза» деген ақымақ теңдік жазылады. Міне, қате теңеу деген осы. Ал болашақта достарыңыз сізді дискотекаға шақырғанда, би кезінде немесе оның алдында, қауіпсіздік қызметі қате теңестіргендіктен, бір түсініксіз қорқыныш пен ауырсынуды сезінесіз.

Немесе егер бала туылған күні жақын адамынан айырылған болса, түпсана «туған күн = жақын адамынан айырылу» теңдігін жазады, сондықтан ол туған күнін жек көреді, сол күнді тойламай, ешкіммен араласпай оқшауланады. Туған күнінде ол жан дүниесінде түсініксіз азапты бастан кешіреді.

Ал пейнхантингтің көмегімен біз осы қате теңеулерді іздеп тауып, оларды жоямыз. Ең бастысы, теңестіру – дамыту қызметінің емес, қауіпсіздік қызметінің жұмысы екенін түсінуіңіз керек. Басқаша айтқанда, егер адам мұндай теңестіруге жүгінсе, оның қандай да бір жанға батқан ауруы бар екені сөзсіз, өйткені қауіпсіздік қызметі тек қауіп пен ауырсынудың «иісін сезгенде» ғана іске қосылады.

«Ұрып-соққаны – жақсы көргені» деген пікірдің кең таралуының басты себебі де осында. Мұндай адамда бір кездері бұрыс теңеу болған. Бала кезінде әкесі оны не елемеген, не ұрып-соққан. Үшіншісі болмаған. Яғни, әкесі оған ешқашан жылулық танытып, көңіл бөлмеген. Сондықтан да, әкесі оны ұрғанда, бала бұны сүйіспеншіліктің көрінісі деп ойлаған. Енді балаға әкесінің оны елемегенінен гөрі, ұрғаны ұнайтындықтан, ол «ұру = сүйіспеншілік» немесе «зорлық = махаббат» деген ақымақ тұжырымды жазып алады. Ол ұрыс-керіс пен зорлық-зомбылық сүйіспеншіліктің белгісі деген пікірмен өмір сүретін болады.