Дерт - страница 3
отырып.
– Сонда мен балалармен жұмыс істеуіме болмайды ғой? – деп, Бақыт тәтенің көздері бақырайып дәрігерге қарады.
– Жоқ, қорқпаңыз. Егер емделмесеңіз, дертіңіз асқынып кетуі мумкін. Сіз дер кезінде келдіңіз. Ересек балалармен жұмысыңызды жалғастыра беріңіз, еш уайымдамаңыз, бәрі жақсы болады.
– Жарайды, рахмет, – деп тәте дәрігердің кабинетінен шығып кетті.
Дертке шалдыққан адам үшін дәрігердің сөзі заң ғой. Сонымен, Бақыт тәте, дәрігер жазып берген дәрілерін үзбей қабылдап жүрді. Бірақ оның денсаулығы күннен күнге түзелер емес. Басына түскен мына жағдайға қарамастан ол кісі сабағын беріп жүре берді. Оқу орындарында қазақтың ана тілінде оқитын балалары үшін топтар ашылса да, қазақ тілінде жазылған бірде бір оқулықтар мен оқу құралдары болмады. Сондықтан, музыканың теориялық пәндеріне арналған оқулықтар мен оқу құралдарын қазақ тіліне аударып, Бақыт тәте өз дәрістерін ойдағыдай жүргізіп жүрді. Қазақ мектебін бітіріп келген балалар үшін бұл әрине тиімді болды. Мұнда, музыканың теориялық пәндеріне – музыка сауатының негізі, музыка теориясының негізі, гармония, полифония, музыка әдебиеттері (қазақ, шетел, орыс және кеңес дәуірінің әдебиеттері) жатады деп, жоғарыда айтып өткенмін. Былтырғы жылы, яғни 1996 жылы Бақыт тәтенің «Музыка сауатының негізі» атты оқу құралы баспадан шығып жарық көрді. Бұл Фридкиннің «Музыкальная грамота» оқу құралының аудармасы болып табылады. Мұнда ол кісі өз жанынан қажет деп санаған он тақырып енгізді, сонымен бірге, музыкалық жаттығуларына берілген мысалдарға қазақтың композиторларының шығармаларынан, қазақтың халық әндерінен және өз жанынан шығарған әндерін енгізді. Және бұл оқу құралы Құрманғазы атындағы консерваторияның ғылыми кеңесінің талқысынан өтіп, баспадан шығып жарық көрді. Бұл еңбек балалар музыка мектебінің, музыкалық колледждың, педагогикалық институтының музыка факультетінің және консерваторияның қазақ топтарында оқитын балаларға оқу құралы ретінде ұсынылды. Осы «Музыка сауатының негізі» – мен бірге Балалар музыка мектебінің 1 – 2 сыныптарының қазақ топтарында оқитын оқушыларға арналған «Сольфеджио» оқу құралы да жарық көрді. Мұнда, ол кісі қазақтың композиторларының шығармаларын, қазақтың халық әндерін және әлем музыкасын тиімді қолданана білді. Сонымен бірге, С. Елеманованың «Қазақ музыка әдебиеті» – нің бірінші бөлімі мен Ұ. Жұмақова және А. Кетегенованың «Қазақ музыка әдебиеті» – нің екінші бөлімін, сондай-ақ, оқу бағдарламасының талабына сай И. Дубовский бастаған бірнеше ғалымдардың «Гармония» атты оқулығын қазақ тіліне аудара бастаған еді. Өйткені, осы пәндерден дәріс беру үшін өтетін тақырыптарды орыс тілінен қазақ тіліне аударып, қарапайым жатық тілде оқушыларға түсіндіру қажет.
Сонымен, уақыт өтіп жатты, Бақыт тәтенің денсаулығы түзелер емес. Ел ішінде мынандай сөз бар «еврей халқы – аурамын-ау – деп дәрігерге барады екен, орыс халқы, жөтеліп қалса дәрігерге қаралады екен, ал біз, яғни қазақ халқы ұшып-жығылғанда ғана өліп-талып дәрігердің алдына барады екенбіз». Бұл әрине, бекер айтылмаған. Келе-келе Бақыт тәтеміз дәріс беріп отырып орнынан әзер тұратын жағдайға жетті. Бұл кезең 1997 жылдың
күз мерзімінің соңғы айы еді. Оқушы балаларға қарап, апайларына деген аяушылық сезімін көздерінен байқағандай болады. Оқушыларын орта жолда тастап кеткісі келмесе де, амал жоқ. «Қой, осылай жүргенім болмас, қалалық емханадағы учаскелік дәрігерге барып қаралмасам болмас,» деп бір шешімге келеді де «Халық аспаптар бөлімінің» меңгерушісін хабардар етіп қояды.