Дерт - страница 5
Бір жарым жылдан кейін Жамбыл облысы, Жаңатас қаласында тұратын Камалай деген қайынсіңілісі қан қысымы көтеріліп, 34 жасында дүниеден озды. Артында жолдасы Батырхан және балалары – Эльмира, Аслан, Жазира қалды. Қайнағасы Балхаш аға жолдасы Света (балалары – Гүлмира, Ардақ, Әділет) бала-шағасымен және аналары Зағила апа кенже ұлы Құрметпен Жансүгір ауылында, қара шаңырақтың түтінін сөндірмей, ел қатарлы тұрып жатыр. Ортаншы қайнысы – Бекет, жолдасы Гүлмира (балалары – Сандуғаш, Әділ, Ануар) бала-шағасымен Ақсу ауылында тұрады. Қайынсіңілісі Гүлнәр (баласы – Рүстем) 94 жылдың күзінде, қызмет бабымен Африканың орталығында орналасқан Бужумбури Бурунди мемлекетіне, өзіндей дәрігерлермен бірге кетті. Дегенменде, ол батыр қыз, қайда жүрсе де аман болсын. Біз үшін Африка – ол Сахара, ол джунгли, яғни ит мұрнын кіргізе алмайтын ну орман және қаралар мекен еткен жақ. Қайынсіңілісі Гүлшат, жолдасы Мұрат (баласы – Илиас) отбасымен ауылда ел қатарлы тұрып жатыр. Кейін, Бақыт тәтенің қайынсіңілісі Гүлнәр мен күйеу баласы Телжанның өз ауыздарынан естігендерін осы жерде айта кеткім келеді. 1994 жылдың күз айында, француз тілінің бір жылдық курсын бітіргеннен кейін Африканың орталығында орналасқан Бужумбури-Бурунди мемлекетіне қызмет бабымен Гүлнәрдің жүруі керек болды. Кезінде Орталық Африка мемлекеттері Фрация мемлекетінің отаршылығында болған (отар – империалистік мемлекет басып алған, езіліп, қаналып отырған ел), сондықтан ол ел негізінен француз тілінде сөйлеген. Бірге баратын дәрігерлер бірнеше ай бұрын Африкаға кетіп қалған. Ал Гүлнәрдің олардан қалып қалған себебі, осы жылдың мамыр айының он тоғызында Кәдірхан бауыры мезгілсіз бақилық болып кеткен еді. Енді осы күз айында Африкадан келген әріптестерінің бірінен Телжан Гүлнәрға ұшақтың билетін беріп жіберген екен. Алматы Аэропортынан ұшқалы тұрғандардың ішінде бұлардың дәрігер достары Мақсұт пен оның жұбайы Айман да бар. Бұл кісілердің қолдарында билет жоқ, сондықтан Айман билет алуға кеткен еді. Осы кезде аэропорттың теледидарынан Африкадағы Бужумбури-Бурунди мемлекетін жаңалықтардан көрсетіп жатты. Мұнда мемлекеттік төңкерістің нәтижесінде туындаған азамат соғысы басталып, теледидардың экранынан бір-бірін атқан елді көрсетіп жатты. Осы жағдайды көрген біреулер бұл сапарларынан бас тартыпты да, сол билеттер Айман мен Мақсұтқа бұйырған екен. Айман, әлгі билеттерді сатып алу үшін күйеуіне жүгіріп келіп:
– Билет бар, біреулер ұшпайтын болыпты, сол билеттерді біз алатын болдық, тез ақша бер! – деп, асыға сөйлеп, ештемені тыңдағысы келмейтінін байқатыпты.
– Айман, қара, теледидардан не көрсетіп жатқанын! Жағдай қиын, біз ол жаққа бармай-ақ қойсақ қайтеді!? – деп, Мақсұт дәрігер не істерін білмей қобалжып тұрды.
– Бол тез, ана билеттерді біреулер алып кетеді, ақша бер! – деп, Айман күйеуінің айтқан жаңағы сөздеріне мән берген жоқ. Ол ақшаны ала салып кассаға қарай жүгіріп кетеді. Әйел заты ер адамдарға қарағанда пысықтау келеді ғой деп ойлаймын.
Ал, Гүлнәрға келетін болсақ, оның билеті қолында, жаңағы теледидардан көргендерін ойлап, «мен осы қайда бара жатырмын? Бауырым болса қайтыс болып кетті, Рүстем баламды мектебінен шығарып алып ауылға жібердім, баратын жерімнің жағдайы болса мынау, не істесем екен? Бармай-ақ қойсам қайтеді?» деп екі ойлы болып тұрғанда Африкаға баратын әріптестерінің біреуі, «ты о чем думаешь, Телжан тебе выслал билет на самолет, он ждет тебя, ни о чем не думай, все будет хорошо, поехали?!» деп, Гүлнәрді жігерлендіріп жібереді.