Дерт - страница 4



Қалалық емханаға барып қан мен несептің жалпы сараптамасын жасатады да учаскелік дәрігеріне келеді.

– Мына сараптамадан сіздің жағдайыңызды сонша түсініп тұрғаным жоқ. Тағы сараптама тапсырыңыз, – дейді дәрігер.

Осылайша, дәрігер Бақыт тәтені сараптама тапсыруға бірнеше рет жібереді, бірақ айтарлықтай ештеме айта алмайды. Бұл кісінің денесінде, бет әлпетінде қызылала дақтар пайда болып, қол-аяғы ісіне бастайды. Жүргенде де, бір түрлі теңселіп жүргендей болып көрінеді. Дәрігеріне тағы бір келгенінде:

– Неғып теңселіп келе жатырсыз? – деп, аяқтарын әзер басып келе жатқан науқасқа күмәндана қарайды.

– Неге олай дейсіз? Мені мас деп тұрсыз ба? Мен мүлдем ішімдік ішпеймін, – деп Бақыт тәте дәрігерге қарап, ашу шақырғандай сыңай танытады.

– Жоқ, көңіліңізге алмаңыз. Қазір халіңіз қалай? – деп дәрігер өзінің байқамай айтып қалғанын жуып-шайғандай болды.

– Бүгін кешегіден жақсымын, рахмет, – деді тәте, жағдайы күннен күнге нашарлай бастаса да.

Сонымен, келесі жылдың көктемі де келді. Ол кезде дәрігерлер өзінің науқасын басқа дәрігерлерге жібермейтін және де басқа дәрігерлер де «өз дәрігеріңізге қаралыңыз» деп, басқа учаскенің науқасын қарамайтын еді.

Бірде үйге Алма деген құдашалары келді. Ол кісі Бақыт тәтенің Аймен әпкесінің абысыны. Алма тәте кезінде Құрманғазы атындағы консерваторияны бітіріп Тараз (бұрынғы Жамбыл қаласы) қаласындағы драма театрын басқарған. Кейін жолдасының жұмысы Талдықорғанға ауысқаннан кейін, осы қаладағы Н. Тлендиев атындағы балалар музыка мектебінің директоры болып қызмет атқарды. Қалада музыкалық училище ашылғанда ол кісіні осы оқу орнына директор етіп жіберді. Ал Алма тәтенің жолдасы Берік аға қалалық Ішкі істер министрлігінің бастығы болып қызмет атқарды. Бұл кісілердің қалада беделдері өте жоғары және өте сыйлы адамдар болды, сонымен бірге бұл кісілер өте әдемі жұп болды. Осы екі кісіге кез келген адам сүйсіне қарайды. Берік аға мен Алма тәтенің бір ұл, бір қызы бар және осы балаларынан немерелер сүйіп отыр. Ал бүгінгі таңда шөбере сүйген бақытты отбасы. Бақыт тәтенің отбасы осы кісілермен тығыз араласатын. Жаңа, жоғарыда айттым, Бақыт тәтенің үйіне Алма тәте келді деп. Ол кісі құдашасының жағдайын көріп, Алматыда тұратын абысыны, яғни Бақыт тәтенің Аймен әпкесіне қоңырау шалады:

– Ало! Аймен, халдарың қалай, жақсы ма? Мен Алмамын ғой.

– А, Алма! Аманбыз, халымыз жақсы. Өздерің қалайсыңдар? – деп, телефонның тұтқасынан Аймен абысынының дауысы естілді.

– Жақсымыз, рахмет. Мен Бақыттың жағдайын айтайын деп қоңырау шалып тұрмын.

– Оған не болды, аманшылық па? Ана жолы сөйлескенде ештеме айтпап еді, – телефонның тұтқасынан шыққан Аймен абысынының дауысы бір түрлі естілді. Ол кісі қорқып қалған тәрізді.

– Бақыт сіңілің ауырып жүр екен. Оны Алматыға апарып, жақсы дәрігерлерге қаратпаса болмайды. Мына жерде қанша рет сараптама өткізсе де учаскелік дәрігер дертін табар емес. Және де біздің ауыруханаларда айтарлықтай жағдай да жоқтың қасы. Еліміздің қазіргі жағдайын өзің де білесің. Енді Алматының аты Алматы ғой.

– Алма, телефон шалғаныңа рахмет. Осы жуық арада Талдықорғанға бұйырса барып қалармыз. Аманшылық болсын әйтеуір. Тағы да рахмет саған, сау болыңдар, – деді Аймен апай дауысы қобалжып.

– Сау болыңдар, бәріне сәлем айт – деп, Алма тәте телефонның тұтқасын қойды.

Осы жерде айта кетейін, Аймен тәте сіңілісінен бес жас үлкен. Ол кісі 56-да, ал Бақыт тәте 51-де. Бұл кісілер бір әке, екі анадан тоғыз еді. Ералы деген ағалары домбырашы болған екен, ол кісі 20 жасында ауырып өмірден озыпты. Ал басқалары, Құдайға тәуба, аман-есен ел қатарлы жүріп жатыр. Нұралы аға жолдасы Наушарбану тәте (балалары – Айымжамал, Айгерім, Жанғазы, Әділғазы, Әйкен, Ералы), Сердалы аға жолдасы Дәриға тәте (балалары – Ләйлә, Нариман). Осы кісілер бала-шағаларымен Жансүгір ауылында, ал үлкен әпкесі Қайшаш тәте жолдасы Болат аға (ұлдары – Марат, Азатбек, қызы – Сәуле) және інілері Нұрғазы жолдасы Меңзипа (балалары – Гүлекен, Азамат, Алма) мен Сәбит жолдасы Аққадиша (балалары – Еламан, Лаура, Елдос) өз отбастарымен осы қалада тұрады. Ортаншы інісі Серікқазы (Сергей атанған) жолдасы Мәкен (балалары – Жанар, Динара, Бота) Қырғызстанның астанасы Бішкек қаласында тұрады. Кеңес дәуірінің кезінде Аймен әпкесінің ортаншы ұлы Серік Ленинград (қазіргі санкт Петербург) қаласында ЛИТМО – ны ойдағыдай бітіріп, Бішкек қаласына жолдамамен жұмысқа тұрған. Кейіннен ол өз кәсібін ашып, жұмыссыз қалған Сергей ағасы мен бауыр-қарындастарына жұмыс беріп, өз қанатының астына алды. Бұл кісілердің анасы Бұлжан апа, кенже ұлы Сәбиттің қолында 96 жылдың науырыз айының 27 жұлдызында, 81 жасында бақилық болды. Ал Бақыт тәтенің қайын жұртына келетін болсақ, жоғарыда айттым, жолдасы Кәдірхан Бәкейұлы 1994 жылы мамыр айының 19 күні дүниеден озған деп. Одан сегіз жыл бұрын, яғни 1986 жылы мамыр айының 10 күні, осы әулеттің тірегі болған атасы – Бәкей Жидебаев ақсақал мәңгілікке көзін жұмды. Ол кісі кезінде «Чапай» атындағы колхоздың басқармасы болып, колхозын биік дәрежеге жеткізген және қол астындағы шаруашылығын ғана ойламай, колхозшылардың да жағдайларын жасап отырған. Мысалы, ауыл тұрғындары мәдениетті түрде демалсын деп, ауылдың орталығына киноклуб салдыртады. Ол клуб та «Чапай» атында болады. Осыдан кейін ол кісіні «Жаңа қоғам» колхозына басқарма етіп тағайындайды. Колхоз «Қапал-Арасан» ауылында орналасқан. Бұл колхозды да жоғары дәрежеге жеткізіп, колхозшылардың тегін емделулеріне жағдай жасап, санаторий салдыртып береді. Өкімет Бәкей Жидебаев атаның еңбегін жоғары бағалады. Бәкей ата да, ғұмырлық жолдасы Зағила апа да өте кең, кішіпейіл адамдар болды. Бұл кісілердің шаңырақтарының астына симаған ел жоқ.