Ел Шоңы. Сәскелік шақ. I кітап - страница 14



Енді олар қазақ тәртібімен қыз бен жігіті төсекте кездестіруге дайындала бастады. Соған орай Алдажұманның бәйбішесі келіндеріне нұсқау берді. Олар соған лайықты іс жасауға кірісті. Енесі айтқандай, қыз төсегін түгел жаңартты.

Жастар жағы бұл кезде алтыбақан теуіп, ақ сүйек ойнап тойдың басталуын өткізіп жатқан.

Шоң келгеннен бері өзін суықтау ұстады. Сол күйден өзін қанша зорласа да арыла алмай қойды. Қызға жақындамаған. Күміс те жігіттің бұл қылығын түсінбеді. Өзі расында есалаң шығар деген ойға берілген. Әйтпесе, қызға жақындап, көңіл-күйін білдіру жігіт міндеті ғой. Оның бірі жоқ. Керісінше қашқақтап жүр.

Ақыры күйеу жолдас Әлсен арқылы бүгін қыз бен жігітке оңаша төсек салынатынын қыздың жеңгелері жеткізген еді.

Жігітпен қыздың көңіл-күйіне ешкім қараған жоқ. Әкелерінің айтқаны орындалуда. Қыз үйіне жігіттің кіруіне дайындық жүріп жатты. Әлсен, бүгін қызыққа батасын деді, -Шоңға. Осының алдында екі ай бұрын Әлсеннің өзі үйленген еді.

– Несі қызық, егер сүймей тұрсаң…

– Алғашқы кезде солай, кейін сүйіп кетесің. Сен әлі үйренісе алмай жатырсың, мынау соның белгісі. Қыз төсегі ғажап дүние, одан қызық болмайды.

Шоң оның бұл сөзін түсінбеді. Қыз тартпай тұрса, онда қандай қызық болады. Бұл сөзді Шоң сыртқа шығарған жоқ.

Қазақ тәртібі бойынша жеңгелері Шоңды қыз үйіне кіргізді. Оны шешіндірмекші болып еді, ол бұған көнбеді. Өзі шешінетінін айтқан. Ақыры ырымдарын аяғына дейін жасай алмай қыз жеңгесі шығып кеткен.

Шоң барды да төр алдына қисайды. Артынан біраз уақыттан кейін кірген Кұміс білте шамның жарығынан Шоңның төр алдында жатқанын байқап қалды. Ол да ләм деместен төсегіне қарай өтіп кетті. Екі жақтан да бір ауыз сөз де, қимыл да болған жоқ. Содан таң атқан. Шоң ерте орнынан тұрып кеткен. Ол сыртта ұзақ жүрді. Бәрінен ертерек тұрған Малай сыртта жүрген ағасын көріп, келіп Әлсенге айтқан болатын.

– Шоң сыртта жүр. Сірә, қыз екеуі келіспей қалған болуы керек.

Әлсен оның сөзін жақтырмай:

– Келіспеді деген не сөз?

– Мен Шоңның мінезін білемін. Ол көңіліне ұнамаған адамға қатты айтып тастайды. Қызға да көңіліне келетін бірдене айтқан болуы керек…

Мына сөзді естіген Әлсен орнына жата алмады. Тысқа шыққан еді. Шоң анадай жерде ауыдан алшақтау жерде кетіп барады екен. Әлсен қуып жетіп қасына келді.

– Сенің таң атпай қыз қасынан қашып жүргенің не?

– Мен қыз қасына жатқам жоқ.

Әлсен не сенерін, не сенбесін білмей сәлтұрды да:

– Жатсаң да, жатпасаң да аласың. Жұрт енді Күмісті бүгіннен бастап қызға жатқызбайды, сенің әйелің деп есептейді. Мұның ұят болды…

Шоң Әлсеннің мына құбылмалы сөзіне түсінбеді. Келе жатқанда, қыз бүлінген екен деп айт деген болатын. Енді келіп айтып тұрғаны мынау…

Дегенмен, Әлсеннің мына айтқаны оның ойын енді басқа жаққа жетелегендей еді. Расында, менікі дұрыс болмады. Енді амал жоқ, кейін тоқал аламын ұйғарымына келген. Сол күні қызға жылы қабақпен қарауға тырысқан еді. Бірақ қыз сыр бермеді. Шоңның түндегі қылығына ренжіп қалған болуы керек, өзін тұйықтау ұстаған. Сонымен күн де өтті. Шоң мен Күміс бұл күні ешқандай тіл қатысқан жоқ. Шоң емес, бүгін мінез көрсетіп жүрген Күміс еді. Екінші күн. Жеңгелер келген жоқ. Барлық шаруаны өздеріне қалдырғандай. Күн ұзын дастархандас болып, алтыбақан теуіп, түрлі ойын ойнағанда екеуі жақындасу орнына алыстай берген еді. Әлмен мен Шоң тысқа біраз жүріп қыз үйінің манайына келген кезде Әлсен:

– Сен қызды ұнатпасан да жат, мінез көрсетпе. Енді бәрі де кеш. Көңілін табуға, Күміс тілегінен шағуға тырыс, – деген.