Читать онлайн Қанат Жойқынбектегі - Ел Шоңы. Сәскелік шақ. I кітап



Дизайнер обложки Анна Семенова


© Қанат Жойқынбектегі, 2021

© Анна Семенова, дизайн обложки, 2021


ISBN 978-5-0055-4947-1 (т. 1)

ISBN 978-5-0055-4948-8

Создано в интеллектуальной издательской системе Ridero

Сәскелік шақ

Бірінші кітап

Әділдік қусаң-Шоңға бар,

шариғат қусан-Алсай Кенежанға бар

(Би Тойымбек)

Шоңнын ауызға ілінуі

Қараағашта сонау 1834 Жылқы жылы, Тәңірбердінің Қорысбайының тоғыз болыс елінен адамдар келген, ел аузында қалған асынан кейінгі үлкен той осы болды… Бұл бас қосуды өткізіп отырған Ерназардың мықтысы, тоқсаннан асып бара жатқан Жанкелді би еді. Оның шөбересі Шоң Акмола қаласындағы үш жылдық орыс мектебінің бірінші жылын бітіріп келіп, бұл той соның құрметіне жасалып жатқан. Тойға исі Қуандық, Айтқожа, Барғана, Сатыпалдыдан тараған ағайындардың бәрі шақырылған еді, ал Қараағаштан отыз шақырымдай жердегі Балықтыкөл-Байатардағы отырған Елгелділерден ешкім шақырылмады, Бесімнен тараған ағайындар Елгелдіні ұмытып мәре-сәре болып тойға дайындалып жатқан. Сатыпалды балаларының ішіндегі үлкені осы Елгелділері еді. Баяғы заманда Сатыпалды Сыр бойынан келіп осы жаққа қоныс аударғанда аталары жаңа туған балаға Елгелді деп есім қойған еді. Сондықтан Елгелді ат тартып мінген шамада Қараағаш іргесіндегі Балықтыкөл жағасынан әкесі Сатыпалды баласына қоныс берген еді. Неге екенін кім білген, мал құтаймады. Сатыпалды балаларының ішіндегі ең кедейі осы Елгелді болатын. Қазақ әр уақытта байлықты қадір тұтқан халық қой. Бертін келе ағайындары Елгелділерді менсінбейтін болды. Мына тойға сол ағайындарының шақырылмауы соның бір белгісіндей еді. Елгелділіктерге айтпаса да, ұзын құлақтан Жанкелдінің Телқозыдан туған шөбересі Шоңға үлкен той жасап жатқанынан олар да хабардан болып отырған. Ал іргеде отырған туысқандары Ерназарлықтардың қылығына қарай-қылық жасауды көздеді. Кедей Елгелділіктер есе қайтаруды ойлады. Жанкелді балаларының үйір-үйір жылқыларын айдап әкетіп жаңадан қала болған Ақмола базарына апарып сатуды жоспарлаған болатын. Алайда, ауыл жастары үлкендерден ұялды. Ертеңгі күні олар біліп қалса үлкен жанжал болатынын түсініп, ақыры ауыл басшысы, Елгелділердің ең үлкені Таубаймен ақылдасуды жөн көрді. Оның тоғыз баласы болатын. Ақылымен де, батыл-жігерімен де бүкіл Сатыпалды руларының арасында аты шыққан адам еді. Шыққан тегі жақсы болатын. Балаларының есімдерін Айсары, Ақсары, Тоқсары, Еркесары, Тексары, Телсары, Ерсары, Байсары деп бір біріне ұқсас әрі ұйқас қойып еді. Таубай сонымен қатар батырлығымен де ел арасында танылған адам еді. Сонғы кезде жасы келіп қалған, қарт адамның ел алдында қанша қадірі бар екенін елемейтін, кейбір қазақтың мән бермейтін әдеті бар емес пе? Таубай да сондай күйді басынан кешіп отырған. Ерназарлық туыстарының жасап жатқанын естігінде, ол кісі де ренжіп қалған. Бірақ онысын балаларына да, ауылдастарына да сездірмеді. Ертеңіне, таңертең Таубай ауыл жастарын шақырып болы да:

– Сендер ертең бір-біріңді көрмейтіндей болмаңдар. Онда ағайын арасындағы туыстық кетеді. Шақырмаса шақырмасын, біз өзіміз барамыз, -деді. Ауыл ақсақалының бұл сөзіне ешкім қарсы келген жоқ. Түс ауа Таубайдың өзі бас болып жолға дайындалған еді. Жарысқа қатысатын жүйрік аттарын, әнші, күйшілерін қоса ала шыққан. Сол кезде ауылда аты ауызға ілінген Жәмке атты он үштегі баланы ертіп алған еді Тойға бара жатқандардың ішіндегі ең кішісі де осы еді.

Таубайдың батылдығы қазақ-қалмақ Аңырақай жотасындағы соғыстан кейін шыққан. Қалмақтар тас талқаны шығып жеңілсе де есе қайтару соғысын әлі қойған жоқ еді. Қазақтың да топ құрып оларға қарсы соғысып жүрген кезі. Тоқалардан шыққан осындай бір топты Таубай бастаған еді. Таубай он бес жасында атқа мініп, содан елуден асқанша аттан түспеген. Талай шайқастарға қатысып, батыр атанған. Қазір ел арасындағы құрметті ақсақалдардың бірі осы Таубай батыр еді. Жас келген соң ауру айналдырып, жүріс-тұрысы азайып отырып қалған болатын. Жанкелдіге өкпелі, барғысы келмей отырса да, жастар жанжалдасып қалмасын деген оймен өзі де атқа мінген еді. Шөбересінің құрметіне болып жатқан той атын естігені болмаса, басқасын онша біле қоймайтын еді. Кімдерді шақырып жатқаның толық білмейтін. Жолай келе жатқан кіші баласы Байсары естіген, оның айтуынша ағайындардың бәрі шақырылып, солардан өздерін қалдырғанын баласынан білді. Таубай түсініп болмайтын жағдайда беріліп келе жатыр еді. Содан соң барып сұрады.

– Осынша үлкен той не үшін жасап жатыр?

Баласы бәрін түсіндіріп айтты.

– Көке, мына Жанкелді замандасыңыздың шөбересі Ақмоладан орысша оқу оқып келгеніне той жасап жатқан көрінеді.

Баласының бұл сөзі оған ұнамады:

– Орысша оқығанға неге той жасайды? – Жақтырмаған сияқты.

– Кім білген, баланың оқуға баруына Жанкелдінің өзі себепші болыпты ғой.

Мына сөзге Таубай ойланып қалды да:

– Ол көреген, ертеңгі күнді болжап отырған шығар…

– Солай болса солай шығар. Кім білген, қазір Нұра бойына барсаңыз жер шолып жүрген орыстарды көресіз. Сол Жанкелді ауылынын іргесінде Басилий дей ме, бір орыс отырған көрнеді. Жанкелді балаларының көңілі сонымен жақын, -дейді елдегілер.

Мына сөзді естіп, Таубай реніш білдірді. Оның кәпірмен дос болғанынын түсінбеді.

Баласы әкесіне әрі қарай түсіндіре бастады.

– Осы жаққа орыстар көшіп келеді дейді біреулер. Солардың тілін білсін деген оймен оқытып жатқан болар.

Байсарының бұл айтқаны елдің алып қашпа сөзі еді, соны естіп әдейі не дейді екенін білу үшін әкесіне айтып отырған болатын. Баяғы заманы еске түсті ме, батырлығы ұстап кеткен болуы керек, айтқаны:

– Оларды қалмақтар тәрізді қумай ма?

– Орыстар қалмақтардан күшті дейді ғой.

– Күшті болғанда несімен күшті?

– Оқ+дәрімен атылатын мылтықтары бар көрінеді. Ал ол бізде жоқ. Есіл бойын жаулап алып, Ақмола атты бекініс салды ғой. Кенесарының өзін айдап шыққан жоқ па, бұл орыстарға одан кейін кімнің шамасы келеді.

Хан тұқымы Кенесарыны қуғанын естігеннен кейін Таубай басылып қалды.

– Ондай болса, орыстар шын мықты екен. Қап, әттеген-ай.

Оның неге өкініп отырғанын қасындағылар білмеді.

Жасының келіп қалғанына өкіне ме, әйтеуір, бір түсініксіз жай еді. Енді сөзін Жанкелдіге бұрып:

– Ойпырмай, ә-деді Таубай таңғалған рай танытып-Жанкелдінің мынасы қызық екен. Ең жақын туысқандарының бірі бізбіз. Үлкен той болса, бізге неге хабарламайды. -Өз айтқанына өзі мүшайман болып қалғандай. Баласы сөзін қоздыра түсті:

– Мына батысыңызда жатқан, ең ақыры, Темештерді де тойға шақырыпты. Олар таңертең кетті. Ал, іргеде отырған бізге айтпады, -деді Байсары тағы да.

Мына сөз ауыр тиіп тұрса да, Таубай енді Жанкелдіні ақтағандай етіп сөйледі.

– Жанкелдіні кінәламаңдар. Бәрін жасап отырған оның балалары. -Жас күнінен мінезін жақсы түсінетін ол Жанкелдінің олай жасамайтынына сенімді еді.

– Бәрін шақырыпты, бізді кедей болған соң көзге ілмейтін тәрізді. Осы манайдағы Алтай-Қарпық балаларына түгел хабарлапты. -Бұл сөзді айтып отырған тағы да кіші баласы Байсары еді. Тойға өздерін шақырмағанға ол қатты ренжіген.

– Казір адамнан гөрі, байлықты сыйлайтын заман туды ғой, -деді осы жастардың ішіндегі үлкені Ашықбай.

– Барып Жанкелдінің кез келген баласының бір үйір жылқыларын айдап алсақ, дұрыс болатын еді, -деді біреуі.

– Одан ел арасында жанжал туады, одан түк бітпейді. Ауыл арасы бүлінеді, ештеңе ұтпайсыңдар!

– Көке, сіз қалай түсінбейсіз, олар бізді кедей деп кемітіп отыр, -деді баласы Байсары тағы да.

– Олар кеміткенімен кем болмаймыз, Құдай кемітпесін, басқасы ештене етпейді…

Сатыпалды балаларының ішінде кедей болса да Елгелділер маңдайынан жүйрік ат арылған емес еді. Санрет ру аралық, аймақтық ат жарыстарында бірінші, ең бомағанда екінші орынды алып отыратын.1834 жылы өткен Тәнірбергеннің Қонысбайының асында «отыз желком» атанған Елгелдінің көкбестісі бірінші келіп, жарты жолдан қосылғанды шығарып сылтау айтып, басқарып жүрген Сапақ, Лау мен Телқозы билеп жүлде бергізбеген еді. Бұл да ұмытылмай іште жүрген өкпе болатын. Сондықтан бұл туыстардың арасында ауыларалық араздық бар еді. Содан бірімен бірі онша қатынаса қоймайтын. Жанкелді немересінің ішіндегі пысығы, барлық шаруаны басқарып жүретін Телқозыға өкпелері бар болатын бұлардың. Бір бірін суық ұстаудың бір сыры да осында жатыр еді. Бұл жолы да Елгелділер той жарысына ақ боз атты алып келе жатқан. Оның үстіне мінгізуге он үш жасар атқа мықты Жәмкені әкеле жатыр еді. Бұл бала атқа жақсы шабумен қатар, өлең-жыр айтуға шебер, ел арасында айтылып жүрген мың-сан қисаларды жатқа білетін. Әншілігі де күшті.

Ол кезде қай ауылда болсын үлкені де кішісі де қиса десе ауызынан суы құрып тыңдайтын. Елдің сондай қасиетін білетін Байсары әдейі елдің бетін өзіне қарату үшін Жәмкені алған болатын.

Елгелділіктер түс ауа Жанкелді ауылына жақындап келді. Айналасы қаптаған киіз үйлер. Жік жоқ. Жанкелдінің өзі келген қонақтарды төбе басында қарсы алып отыр. Төрт жағы ашық, күн түспесінмен төбесіне ши ұстатып, биіктеу жерде отырған. Бұлай етіп жасап қойған себебі, шығыстан да, батыстан да, оңтүстіктен де, терістіктен де келген қонақтарды Жанкелді бірінші көру үшін әдейі осылай жасаған еді. Кешеден бері осы жерде отырып қонақтарды қарап отырған. Таусылар түрі жоқ. Шығыстан Қаржастар, Каракесектер, оңтүстіктен Тамалар мен Наймандар, батыстан Темештер мен Нұра бойынан ағайындас Жабағы, Құлымбет, Тілен, іргедесі Тиес, Аққошарлар он-жиырма атты болып келіп жатыр. Әуелі биікте қырқа басында отырған Жанкелдіге сәлем беріп, бәрі төменде тігілген киіз үйлерге жайғасып жатқан еді… Бүгін соңғы күн еді, ертең той басталады. Күн бесіндіктен асқан кезде батыстан он шақты салт атқа мінген адамдар көрінді. Көруі нашарлай бастаса да Жанкелдінің кәрі көзі шалып қалып:

– Менің көзім онша анықтай алмай тұр, мыналар кім? -деп сұраған қасында отырғандардан.

– Бұлар дәуде болса «отыз желком» Елгелділер болар, -деді біреуі.

– Қой, олай демеңдер, естіп қалса бұл Елгелділер шамқой ел, жанжал шығаруы мүмкін, -деді Жанкелді. Алайда, іргеде отырып кешігіп келе жатқан Елгелділерге ренішті еді. Ең жақын туыстардың бірі ең соңынан келе жатқаны қалай екенін түсінбей отырған Жанкелді. Бірақ бұл туралы ешкімге ештеңе айтпады.

Ауыл сыртынан қонақтарды қүтіп алып жүрген жігіттер, Таубайларды қарсы алып Жанкелді отырған араға қарай бағыттап жіберді. Таубай келіп бірінші болып аттан түсті. Жасы келіп бойы біраз отырса да әлі бойшаң еді Таубай. Сондықтан еңкейіп келіп түкті кілем үстінде отырған Жанкелдіге сәлем берді.

– Таубай батыр, жер алыс болған соң кешігіп қалдың ба? Бұл сөзде ашу да, әрі өкпе де бар еді.

– Жәке, менің келмей қалуым да мүмкін еді. Дәл іргеде отырған бізге той болатынын неге хабарламаған?

Жанкелді қасына отырған үлкен баласы Зейнетке қарады.

– Сендер Елгелділерге алдымен хабарламайсыңдар ма?!

– Әке, ол жағын мен білмеймін. Хабарлау жағын басқа біреулер алып жүрген.

– Егер мына Таубай айтқандай, хабарламағандарың рас болса, ұят болған екен…

– Туыс адамдар шақыруды күтіп жата ма, өздері келе бермей ма? -деді тағы да баласы Зейнет.

– Міне, келіп отырмыз ғой, шақыру адамды сыйлау, қадірлеу болып табылады. Жасың бірталайға келді, өзің де біздей шал болдың. Сен бәрін біліп отыруға тиістісің, ол жағын ұмытпа, -деді Таубай Зейнетке.

Бұл Елгелдіктер енді сөзді көбейтіп жібереді. Алдияр тақсыр, кешірім өтінемін, -деді Зейнет. Оның мына сөзінде бір кекету, әрі кесірлік бар еді. Таубай оны сезді. Алайда, Жанкелді алдында дауласуды жөнсіз көрді.