Ел Шоңы. Сәскелік шақ. I кітап - страница 8
Бесімнің Дәулетбикеден тараған Барғана, Айтқожа, Сатыпалдының қайсы болмасын атқа шапқанда, жауымен соғысқанда Дәулетбикенің атын атайтын еді.
Қандарына сіңгені сонша, өздері де қалай Дәулетбикелеп кеткенін білмей қалатын. Бұл әдет Шоңға да ес білгелі кіре бастаған. Дәулетбике анамның аруағы қолда деді тағы да. Мына сөз атқа да күш бергендей екпіндеп келеді. Шоң Айтанға қатарласа бергенде ол бщз атты кеңсірік тұсынан бір тартты. Мұндайды көрмеген ат бейшара аспанға атылып тұрып қалды. Бұл кезде Айтан аты біраз жерге кетіп қалған еді. «Жануар, күшінді жина, бәрібір қуып жетеміз» деді де Шоң атына тағы қамшы басты. Бірақ Теңбілкөк жеткізбеді. Мәреге Сапақтың аты бірінші, боз ат екінші келді. Шоң аттан түскенде ғана көрді. Аттың тұмсығынан қан ағып тұр екен. Сапақта, ағайындарында ес жоқ. Айтанды ат үстінен көтеріп алып, Теңбілкөкті мойынан құшақтап сүйіп жатыр. Шоңның қаны қайнап кетті. Жүгіріп барып қамшымен Айтанды екі-үш рет тартып-тартып жіберді. Мұны көрген Сапақтың да ашуы қозып кеткендей.
– Мына Теоқозының тенгтегі қайтеді… Ұрып жібергісі келді. Бірақ қаптаған ел көзінше оны жасай алмады. Жұрт бұларға назар аударып жиналып қалған еді. Бір жағынан Таубай да келді. Шоң оған болған жағдайды айтты,
– Бұл қазақ сондай, қандай жағдайда болмасын бір қулығын жасап жүреді. Ештеңе етпейді, екінші орын да жаман емес. Сапақ қай жерде болсын, байлықтың арқасында мықтылығын көрсетіп жүреді.
Таубай амалы таусылғандай тұрып қалды. Шоң атты жетектеп қазылар алқасының алдына алып барды.
– Мына ат тұмсығынан аққан қанды көріп тұрсыздар ғой, мен озып бара жатқанымда Теңбілкөктің үстіндегі Айтан тура кеңсіріктен ұрды. Шауып келе жатқан атқа соны неге жасайды?
Айтан да беріспей:
Мен әдейілеп ұрғам жоқ, кездейсоқта қамшым тиіп кетті.
– Әй, имансыз, мен жанай бергенде әдейі жақындап келіп тартып жібердің ғой.
Мына жақтан Сапақ Телқозыға:
– Телқозы, мына балаңды қозғызбайсың ба, қалың жұрттың көзінше істеп тұрғанын қарашы…
Телқозы Шоңды алып кетпекші болып еді, бірақ ол болмады, әкесінің дегеніне көнбеді.
– Теңбілкөкке бірінші орынды берсеңіздер обал болады. Анық-қанығына жету үшін екі атты қайыра жарысқа салып қайсысының жүйрік екенін анықтау керек, -деді Шоң.
Қазылар алқасы бір сәт біріне қарап отырып қалды да, біреу тұрып:
– Қамшыға ат кеңсірігі жарылмайды, -деді.
Шоң қасында тұрған Айтан қолындағы қамшыны жұлып алды да қазылар алдына әкеп тастады.
– Ол қамшысына байланысты. Мына қамшыны салмақтап көріңіздер, қандай ауыр. Ішінде бірдеңе бар тәрізді.
Отырған қазылар қамшыны қолдарына алып салмақтап көрді. Қазылардың біреуі отырып:
– Баланың айтқанында бір шындық бар сияқты…
– Әлімбай, сен бос сөз сөйлемей отыр, – деді екіншісі.
Бұл Тәңірберген тұқымына күйеуі бала Тиестердің біреуі еді. Мына сөзден кейін отырғандар жым болды. Осы аймақтағы ең бай Сапаққа ешкім қарсы келе алмайтын.
Таубай шыдай алмады, сөйлеп кеткен:
– Ел сенген қазысыңдар. Сендердің қазылықтарың мына баланың айтқанына жетпей жатыр. Қайта барып оңаламыз…
– Тауке, ел арасында дау шығармайық. Екінші орында жетеді. Ат жарысы осымен бітіп жатқан жоқ. Алда талай жарыс болады. Елгелділер аттарының жүйріктігін сонда көрсетер.
– Дұрыс айтасың, Тиес Тойқожа бауырым, бірақ ат жарысы сайын осындай дау болып жатады. Сол қашан тиылды. Ат жарысы ауыл-ру намысы. Сол жағдайды ескеріңдер!
Мына жақтан Телқозы айтты:
– Тауке, менің тойымның сәнін бұзбай, қойыңыз.