Ел Шоңы. Шаңқай түс. II кітап - страница 10
– Бізді анау отырған Бекше, Жабағылар, Солтан, Аққошқарлар жуыта ма?
– Солармен бір ауыл болып отырасыңдар. Мен ол жағын келістірейін…
– Сонда біз оларға кірме болып отырамыз ба?
– Кірмелеріңіз не? Бәріңіздің негіздеріңіз бір, Тоқасыңдар ғой.
– Тоқа кім, біз кім? Шоң, олай бізді жақындатпай-ақ қой, – деді мына сөзге реніш танытқан Сәтек.
– Сіздердің жағдайларыңызға қарай айтып отырмын. Сіздер жыл сайын жаз айларында сонау Бекеш бойына жайлауға көшіп отырсыздар. Нұра бойына барсаңдар жақын болмай ма?
Айсары айтты:
– Шоң бауырым, мына айтып отырғанын ойының ба, шының ба?
– Мұндай ойын болмайды, шыным. Қазақ жеріне көптеп орыстар келіп қоныстанып жатыр. Ана Жабағылармен құдандалы, туыс адамдарсыздар. Солармен бір ауыл болып отырмайсыңдар ма?!
Мына сөзді естіп отырып, Таубайдың екінші баласы Ақсары қатты ашуланды.
– Шоң, өзің не айтып отырсың. Бұл ара жақсы болсын, жаман болсын ата қонысымыз. Бұл арада біздің аталарымыздың сүйегі жатыр. Өзің білесің, баяғыда атамыз Сатыбалды Елгелді атамызға осы жерді қоныс етіп берген. Бұл ара сонысымен ыстық. Біз бұл арадан ешқайда кетпейміз.
– Ағасы, мен оны біліп отырмын. Ол заман басқа еді. Енді, міне, орыстар келді, заман өзгеріп барады. Соны түсінулеріңіз керек. Нұра деген суы мол, маңайында шабындық көп, жақсы жер. Орыстар келмей тұрғанда сол жерге қоныстанып ал дегенім ғой. Енді біраз уақыттан кейін кеш болады. Сіздер көшіп барсаңыздар, ана қоныстанып жатқан орыстар сияқты тағы келеді. Ал олар қалың қазақ қасына жуымайды.
– Ана Жабағылармен қалай тіл табысамыз, осы жақтан бізбен ұрыссып кетті ғой.
– Олар ана орыстармен де тіл табысып отыр. Олар кім, сіздер кімсіздер…
– Біз олармен тіл табыса алмаймыз. Шоң, мынауың басы артық сөз болып кетті, – деді тағы да Сәтек сөзге араласып.
Мына сөзден кейін Шоң әңгімені қойған. Елгелдінің үлкендері біраз отырып кеткен. Ел тараған соң Айсары тағы бір әңгіменің шетін көтерді.
– Шоң бауырым, сенің ана әкең бізді ұры атап, жалпақ елге жайып жүр. Баяғыда бір үйір жылқысын біреулер ұрлап алып кеткен көрінеді. Соны бізден көріп бүкіл елге жайды. Өз туысымыз өзімізді ұры атандырды. Міне, түн жамылып отырмын ғой, Жанкелді балаларын былай қойғанда, біз исі Тоқадан мал ұрламаймыз. Жастардың ондай әдеттері бар, оны жасырмаймын. Мына жақта Қаракесектерден, онтүстіктегі Тамалардан ұрлайтынымыз рас. Өйткені, олардың өздері де ұрлайды. Содан кейін біз де қарап отырмаймыз. Ал әкеңнің Елгелділерді ұрыға қосып жүргені білместіктен болған жағдай.
– Айсеке, қазақтың бір-бірімен араздасып жүргені осы жылқы ұрлығынан. Содан шатақ шығып жатады. Одан барып ел арасындағы араздық күшейеді. Жалпы, жастарды Каракесектерден де, Тамалардан болсын жылқы ұрлаудан тиғызыңдар.
– Бұны шығарып отырған Елгелділер емес, баяғыдан дәстүрге еніп кеткен әдет. Оларда аянып жүрген жоқ. Сан жылқымызды ұрлап әкеткен. Біздікі есе қайтару болып табылады. Елгелді қойғанымен басқалар тоқтамайды.
Шоң Айсарының мына сөзін ұнатпай қалды. Бірақ үндеген жоқ. Ертеңіне Айсарыға айтқан болатын.
– Айсеке, әр атадан бір-бір адам алып біздің ауылға жүріңдер.
Айсары Шоңның мына сөзіне түсінбей қалды.
– Сенің аулыңнан не аламыз?
– Мен бабам Жанкелдіге құран оқытпақшы едім. Соның ішінде болыңыздар.
Айсары Шоңның бұл айтқанына қарсы келе алмады. Әкесі Таубайдың өмір бойы Жанкелдімен сыйласып кеткенін жақсы білетін. Ақыры Елгелдіден тараған төрт ата – Сегізбай, Төлекбай, Ізбасы, Бөлекбайдан бір топ адам атқа мінген еді. Шоңның бабам Жанкелдіге құран оқытамын дегені сылтау еді, ойы екі ру арасында көптен бері болып жүрген сөзді қойғызу болатын. Бас-аяғы жиырмаға жуық адамды алып келген. Бұлардың арасында жастары да, кәрілері де бар болатын.