Ел Шоңы. Шаңқай түс. II кітап - страница 19



Кешкісін Телқозы дастарханының басына Жанкелдінің тірі жүрген балалары Әнет, Қарақозыны шақыртты. Байқозы Түркістан жақта жүрген. Әлсенмен болған әңгімеден кейін Шоң көңіліне бір ой келген еді. Ертеңгі күні өзі ойлаған адамдарды би етіп сайласа, мына екі үлкен әкелері дау шығаруы мүмкін. Жанкелдінің бес баласынан тараған ұрпақтар толып жатыр, Әлсенді би болуға ояз алдына апарғанын естісе, біздің балалардың бірін неге би сайламайсың деп айтары анық. Шоң отырып дастархан басында сөз қозғады:

– Мен ертең Ақмолаға жүремін. Би болуға лайықты екі-үш адамды оязға апарып көрсетіп қайтпақшы едім. Жанкелді тұқымдарынан бір адамды би етіп сайлайық. Екеу етуге әзірге ертерек болады. Ертеңгі күні ел сөз етеді, ана жаңа болыс өз туыстарын би етіп жатыр дейді. Соған Жанкелді бабаның ұрпағынан кімді лайықты дейсіңдер?

Қарақозы мен Әнет отырып ана баласын, мына баласын айтып мақтай жөнелді. Әрқайсысы өзіне тартып отыр еді. Бұл адам жаратылысын қойыңыз, енді мынау бір қаннан жаратылып, бір жатырдан шыққан екеуі бөлініп әркім өзіне қарай тартып отыр. Есіне баяғыда Жанкелді бабасының айтқан сөзі түсті: «мал байлық, туысқандыққа қарамайды» дейтін. Атақ-дәрежені бөлуге келгенде сондай екенін ағайын екеуінің мына сөздері көрсетіп отырғандай еді. Бір мезгілде дастархан басында отырған Телқозы да әкелерімен жарыса сөйлеп кетті. Оны өзі де аңғармай қалғандай.

– Анау Жұман, Оң, Малайдың біреуіне билікті бермейсің бе? Бұл кісілер өз балаларын айтып отыр ғой. Сен, Шоң, мен айтқан үшеуінің бірін ояз алдына апар. – Шоң әкелерінің мына қылығына ренжіп қалды.

– Әрқайсыңыз өзіңізге қарай тартып отырсыздар. Ол болмайды. Би болу үлестіріп беретін дүние емес. Билік айту адамның ақылына, санасына байланысты. Сондықтан Жанкелді тұқымынан би болуға лайықты әзірге біреу болса, ол Қаспақ дер едім. Басқаларын қоя тұрыңыздар!

Қарақозы баласының атын атағанда «дұрыс, дұрыс» деген сөздің аузынан қалай шығып кеткенін де білмей қалды. Әнет Шоңның сөзін жақтырмаған күйде отырып қалған. Шоң оның бұл күйін байқады да, әдейі оны сөйлеткісі келді.

– Аға, сіз не айтасыз, Қаспақты ұсынғаныма? —деп сұрады.

– Сен болыссың, сенікі дұрыс қой. Мен не айтамын? – Әнеттің мына сөзінен оның ренжіп қалғанын білді Шоң.

– Сіз олай демеңіз, жөніне көшіңіз. Маған Жанкелді ұрпақтарының бәрі де бірдей. Мен ойымнан шыққанды айтып отырмын.

– Шоң сенің сөзіңде жан бар ғой, қалай қарсы шығамын, – деді Әнет. Шоң оның жүзінде реніш барып байқап қалды. Сонан кейін қайта сұраған:

– Бұл сөзді шын көңілден айтып отырсыз ба? Маған өз балаңның бірін биге ұсынбағаныма өкпелеп отырсыз ба? Олай болса Жанкелді тұқымынан ешкім би болмай-ақ қойсын!

– Жоқ, Шоң, бәрі дұрыс. Ақыл жастан демекші, дәл үстінен түстің, – деді Әнет.

Әнеттің мына айтқаны қорытынды сөздей болды. Бұдан кейін ешқайсысы сөзді әрі қарай дамытқан жоқ. Әңгіме осымен біткендей еді. Сол арада ауыл іргесіндегі Қаспақ ауылына ат шаптырып, оны шақырып алған. Ол келіп дастархан басына жайғасқан соң Шоң:

– Ендеше, Қаспақ балаларыңызға баталарыңызды беріңіздер, – деді. Бәрі бірауыздан бата берген еді, сол арада.

– Мен ертеңіне Ақмолаға жүруге дайындалып жатырмын. Мына әкелерің сені би болуға лайықты деп отыр. Сен де әкелеріңнің сеніміне лайықты болуға тырыс.

– Әкелерім сенім көрсетіп отырса, неге болмасқа!

– Мына сөзің көңілімнен шығып отыр. Ендеше, жолға дайындал, – деді. Ол көп отырған жоқ, жүзін қуаныш жайлаған Қаспақ үйден шығып кетті.