Ел Шоңы. Шаңқай түс. II кітап - страница 31



Шоң бәрін жақсылап келтіріп тұрып айтқан еді. Алайда, бұл айтқаны Карповтың көңілінен шықты ма, шықпады ма, біле алмаған еді.

– Шоң Телкозинович, егер ол адам атақты болса, сіздің елдің тарихында қалай сақталып қалмаған.

– Мен сізге кезінде Шығысхан ұрпақтары оған жау болғанын айттым ғой. Тіпті, оны тас-талқан етіп жеңіп, соғыста болған адамды түгел өлтіріп жіберген. Ол Отырар ханы Қайып ханнан кейін қыпшақтан шыққан, Шыңғыс хан тұқымдарына қарсы тұрған екінші хан. Египет жерін де бір кезде Бейбарыс атты қыпшақ билеген. Шыңғыс хан тұқымдары оның да көзін құртпақ болған. Египетке қарсы соғысқа аттанған. Ал сол Шыңғыс хан тұқымдарының әскері Бейбарысты жеңе алмаған. Бірақ ол туралы бір қазақ білмейді. Бәрі насихатқа байланысты.

– Менің таңқалғаным, сол аталған хандықтарды Шыңғыс хан ұрпақтары сол қыпшақтардан шыққан әскерінің күшімен қырды ғой.

– Арада пәлен жүз жыл өткен. Олар қыпшақ екенін қайдан білсін. Петр Константинвич, есіңде болсын, есімі жиі айтылмаса адамдар тегін тез ұмытып кетеді. Менің сізге айтып отырғаным – сол қыпшақ мемлекетінің адамдарын түгел дерлік қырып жіберген. Турасын айтқанда, Шыңғыс хан тұқымдарының бастауымен қыпшақтарды қыпшақтар қырған. Содан қалған бірен-саран адамдар қазақ атын атауға қорыққан. Ал олардың балалары тіптен қыпшақ екенін де білмеген. Сондықтан ол хан есімі біржола ұмытылып кеткен. Менің ойымша тарих әділдікті жақсы көретін болуы керек, қараңызшы, ақыры сол қазаққа жау Шыңғыс тұқымдарының өзі өз хандығын соның атымен атап отырғанын. Ешбір қазақ казір ол хандық туралы білмейді деуге болады. Хан аты қазақ бар да, ал ол туралы ел жадында сақталған ештеңе жоқ. Қазақтар ол кісінің кім екенін де білмейді Хан тұқымдары оны елге жаманатты көрсету үшін кезінде кәззап, жендет деген сөздермен жайған көрінеді. Шын мәнінде, біздер, қазақтар өзімізді қазақ емес, қыпшақ деп атауымыз керек еді. Шыңғыс хан мемлекеті қыпшақтардың арқасында жеңіске жеткен кезінде. Хандар оны болдырмау үшін өз елдерін билеген хандардың атымен атаған еді. Бұл нағыз тағдырдың тәлкегі шығарға болжаймын. Олай болмағанда, қазіргі Өзбек, Қазақ деген ел болмай, өз алдына үлкен бір қыпшақ мемлекеті болар ма еді, кім білген…

– Сонда менің таңқалатыным – сіздердің халықтарыңыздың негізі қыпшақ болса, елді неге «қыпшақ елі» деп атамаған.

– Петр Константинович, әр хан өз мемлекеті болуын қалаған ғой. Әрбір монғол хандарында кеуде бар, олар ешқашан қыпшақ атауынан өздерін аулақ ұстаған еді. Бір бірінен айыру үшін ел басқарған төрелер әрбір хандықты өз атымен атаған. Содан бөліне берген. Славяндарды қараңыз, кейін қалай болды: орыстар, украиндықтар, хорбаттар, тағы да толып жатқан славяндар бар. Сірә, халық өздерінің өсіп-өнуіне байланысты, бос жерлерді қоныстанудан бөліне берген болуы керек. Соған орай ел атауларына байланысты жаңа атаулар туындай берген. Кез-келген атау өзінен өзі шықпайды. Оның себеп-салдары болады.

Карпов Шоңның орысшаға сауатты болуымен бірге, тарихи мәселелерді өте жетік білетін адам екенін де жақсы зерделеді.

– Сонда сіз айтыңызшы, жалпы, осы жерді мекендеген халықтар қайдан шыққан?

– Бұл жерді мекендеген Арғын, Найман, Керей, Уақ, жаңағы мен айтқан Темір руы Барлас, басқа да көптеген рулар болған. Қазіргі қазақ жерінде тұратын тайпаларды біріктірген тіл еді. Хан тұқымдары осы үш жүзді үшке бөліп, үш мемлекет жасамақшы болған. Алайда, бірінен бірі қыз алып, құдандалы болып отырған халық бөлінбеген еді. Сол үш жүз осы уақытта дейін сақталып келеді. Менің ойымша, татар, башқұрт, өзбек, өзіңіз айтып отырған қырғыздар бір кезде бір халық болған сияқты. Сол кезде бізге мұсылман діні келген. Кейін әр тайпалардан өз мықтылары шығып, өз алдына ел болып өздерін өздері билей бастаған. Бәрінің үстінен қарайтын хандар болған. Мәселен, қазаққа ең жақын халық өзбектер анау ар жағында жатқан ирандықтармен жақындасып, қазақ пен өзбек Алтын ордадан бөлініп шықса да, кейін бірін-бірі түсінбейтін жағдайға жеткен. Тілдері бірінен-бірі алшақтап кеткен. Ал біз олардан бұрын бөлініп кеткен татарларды жақсы түсінеміз. Біздің осындай елдіктен айрылуымызға алдымен ел басқарған адамдар кінәлі. Олар ел туралы ойлаған жоқ, өздерінің беделін күшейтіп, билігін молайту қамында болды. Бір кезде негізі бір Орыс ханмен Тоқтамыс бірімен-бірі соғысты. Бір халықты біріне-бірін жау етіп қойды. Осылай біртіндеп бір тілді, бір дінді халық әр түрлі халықтар болып кетті.