Ел Шоңы. Шаңқай түс. II кітап - страница 36
– Оған дейін тілден, салттан түк қалмайды ғой.
Карпов Шоңның сөзінде де бір шындық жатқанын білді. Содан кейін:
– Бір халықтың өзіңіз айтқан салт-дәстүрлерін құртып жіберу оңай нәрсе емес, – деді.
– Менің ойым айтады – орыстар соны жасағысы келіп отыр. Тіл өлсе, бәрі де өледі. Қазіргі патша саясаты соған апара жатқан сияқты.
– Шоң Телкозинович, мен сізге айтып отырмын ғой, орыс саясатында шовинистік көзқарас қүшті. Сіздерді былай қойғанда, орыстар Шығыстан үйрендік демейді. Мен Конфуций философиясын ұнатамын. Ал біздің ғалымдар оған мән бермейді. Қазіргі орыстар өздерін батыстықпыз деп біледі. Ал шын мәнінде олай емес, кезінде шығыстан да үйренгеміз. Мен шығыстың философиясын ұнатамын. Орыс шығыс та, батыс та емес, бір дүбара халық. Бір кезде шығыс дамымаса батыс та дамымайтын еді. Біз мұны түсінуіміз керек. Сіздердің халықтарыңызды атымен атамай жүргені де содан туған. Бір кезде орыстар Алтын Ордаға бағынышты болды ғой. Сол мемлекеттің негізгі күші қыпшақтар болғанын мойындаумыз керек. Қазір тарихта көп нәрсе бұрмалап жазудан туып отыр. Бір кезде Шыңғысхан ұрпағының дізесі орыстарға батып қалды. Олар кімдер? Енді шын мәнінде сіздер екеніне түсіндім. Ал оны орыстар білмейді. Монғолдарды ғана біледі. Өйкені, тарихта, өзіңіз айтқандай, бұрмалау көп. Тарихты қанша өзгертіп жазғанмен одан түк шықпайды. Келер ұрпақ бәрін зерттеп, бәрін орнына қояды. Бұл босқа халықты шатастыру болады. Орыс өзін қанша ұлымын дегенімен ұлы болмайды. Оны ісімен дәлелдеуі керек. Ол үшін алдымен шындықты мойындаған дұрыс. Шоң Телкозинович, қазақтың артта қалып, орысқа бағынышты болуының себебі неде дейсіз?
Шоң өзімен өзі болып осы мәселе жайында сан рет толғанған еді. Бір пікірге келе алмаған. Қазір де соны айтты:
– Менің ойымша қазақ қана емес, жалпы, мұсылман халықтарын кейін тартып келе жатқан дін болуға тиісті. Мұхаммед пайғамбардан кейін келген хазіреттер діннің дамуына жағдай жасай алмады. Дін сан ғасыр бір қалыпта тұрып қалды. Қазақтарға дін көп жыл басшылық жасады. Сауатсыз молдалар өз ойларынан неше түрліні тауып, халықты шатастырды. Бұл кезде христиан діні дамып, алға кетті. Христиан дінін зерттеушілер бар. Ол орыс мемлекетінің дамуына да әсер етті. Мұсылман дінінде сурет салудың өзін күнә дейді. Ол өнер емес пе? Босқа өнердің дамуына керегар жағдайлар болды ғой. Бұл білместіктен туған жағдай. Дін де уақытымен таласып дамып отыруы керек. Жаратушы әуелінен солай жасап қойған болуы керек. Біздің хазіреттер оны түсінбейді. Шариғат туралы заң сонау пайғамдар заманындай болып тұрып қалған. Құранды зер салып оқыса, бұл туралы айтылатынын татар молдасының аузынан естідім. Бірақ соны түсініп, алға дамытқан мұсылман оқымыстылары болмады. Олар ел басшыларынан қорқып, діннің дамуына жағдай жасамайды. Дін бір кезде қозғаушы күш болған. Кейінгі Шыңғысхан ұрпақтары оған мән бермеді. Дін үлкен ұйымдастырушы күш екенін түсінбеді.
– Дұрыс айтасыз, Шоң Телкозинович. Дін басшыларында да оң мен солын айыра алмайтындар бар. Бір кезде жер күнді айналады дегені үшін дін сол адамды өлтіріп жіберді. Енді соған өздерінің көзі жетіп отыр. Жаратушы адамдардың көзі соған біртіндеп жетсін деп жасап қойған. Кейбір ғалымдар айтқандай дін догма емес, ол өмірдің өзі тәрізді дамып отыруға тиісті.
– Дұрыс айтасыз. Кейбір дін оқымыстылары өзінше ешқандай ақылға келмейтін діңді ойлап тауып, елді соған бағындырғысы келеді. Ондай адамдар христиан діні, мұсылман діні арасында бар. Солар діндерді біріне біріне қарсы қойып, адамдар санасын жаулап алғысы келеді. Шыңнғысхан табынған Құдай бар ма?