Ел Шоңы. Шаңқай түс. II кітап - страница 40



– Орыстар қазақтардың тарихын былай қойғанда, бізді дұрыс атымен атамайды. Сіз өзіңіз естіп отырсыз, бізді киргиз-қайсақ деді. Бұл халықты кемсіту болады. Соған қарсы патша үкіметі заң шығармай ма?

– Асықпаңыз, ол да болады. Әр нәрсенің өз уақыты болады. Бұл алғашқы қадам ғой. Сіздерден сіз тәрізді талай білгірлер шығады. Соларды түбінде орыс шовинистері де мойындайды. Амалсыздан соны жасайды олар.

Шоң парасат-пайымы жоғары адамның аузынан шыққан мынадай сөзге қуанып қалды.

– Қазақ тарихын орыстардың зерттеуі енді басталады. Шындыққа кейін көздері жетеді. Солардың бірі мен деп біліңіз.

Күн сайын Карповпен осылай жарасымды әңгімелер болып жүрді. Бір күні ол:

– Бірінші Петрден бері қарай бізде шовинистік көзқарас қалыптаса бастады. Өздері немістерден, француздардан үйрене отырып, әлі де өздерін солардан артық санайтындар бар. Шығысқа көзқарас өзгерді. Іргесінде жатқан шығыс халықтарын адамға санамайды. Бір кезде Шыңғысхан балалары басып алып, тас-талқанын шығарғанын ұмытты. Қазір орыстардың жоғары дәрежелі адамдарында неміс, француз, ағылшындардың қаны бар. Орыстардың өмірге өзіндік көзқарасы өзгерді. Мұның ақыры не болатынын келешек көрсетеді.

– Петр Константинович, монғолдардың орыстарды жаулап алғанын сіз мойындайсыз ба?

Бұл қитұрқы сұрақ еді. Алайда, Карпов әділін айтты.

– Мен енді түсіндім, орыстарды жаулап алған монғолдар емес, қыпшақтар ғой.

– Әскери күш қыпшақтар болғанымен басқарып отырғандар Шыңғысхан ұрпақтары болды ғой.

– Бұл айтқан да шындық. Олар дұрыс басқара білді. Содан кейін жеңіске жетті.

– Петр Константинович, тарихты халық жасайды, ал оны тек ақылды адамдар басқарғанда жеңіске жетеді. Шыңғысхан өз заманының ақылды адамы болды. Соның саясаты арқасында балалары сонау бір шеті Қытайдан бастап, Индияға, Ресейге билігін жүрді.

– Сондай адамның болғанын қалар ма едіңіз?

– Шыңғысханда жауыздық көп. Сондықтан оның саясатын қаламас едім.

– Ал Ресейге қалай қарайсыз?

– Мен Ресей туралы қазір түк айта алмаймын. Қазақ ұйықтап жатқан халық еді. Орыстар келді де оларды дүр сілкіндіріп оятты. Оның арты не болатынын білмеймін. – Шоң көкейде тұрған ойларын айтқан жоқ, жасырып қалған еді.

Уақыт деген жылжып өте берді. Аптасына бір-екі рет Шоң Карповпен кездестіп әңгіме-дүкен құратын. Жойқынбек Ақмоладан оралған сайын маған хат бар ма деп сұрайтын Карпов. Ақыры, қыс аяғына таман Жойқынбек Карповтың көптен күткен хатын алып келді. Ол қатты қуанған еді.

– Шоң Телқозинович, маған жоғары жақ қайыра Санкт-Петербургте тұруға рұқсат беріпті.

Содан ертеңінде Карпов Жойқынбекпен Ақмолаға жүріп кеткен. Кетер алдында Карпов: «Сізге ризалығымды қалай жеткізерімді білмей тұрмын. Әйімкүлдің күтуімен денсаулығымды жақсартып, сіздің қызықты әңгімелеріңіздің нәтижесінде қазақ өмірінен көп мәлімет алдым. Мен Санкт-Петербургке басқа адам болып кетіп бара жатырмын», – деген.

– Петр Константинович, мен де сіздей дос тапқаныма ризамын. Мен қазір өзіңіз айтқан, Мәскеу университетін сырттай бітіргендей күйде жүрмін.

– Шоң Телқозинович, мен сізге хат жазып тұрамын.

– Петр Константинович, байқаңыз анау Карбышевтің өзі де тексереді.

– Ондай әдет Ресейде бұрыннан бар, мен ол жағын жақсы білемін.

Карпов орыс әдетімен Шоңның бетінен сүйіп қоштасты. Шоң өзінің бір жақын туысқанымен қоштасқандай сезініп тұрды.

Сәнді пәуеске

Шоңның Қоңырқұлжа, Карбышевтердей пәуеске міну ойы бар еді. Файзуллаға тапсырғанына екі жылдың жүзі болды. Ол әлі созып келеді. Ақыры күдер үзіп қойған болатын. Соңғы кезде Ақмолаға барса да сұрамайтын болған. Тек, анда-санда Жойқынбектің құлағына салып қояды, ана татар менің шаруамды не істеп жүр екен дейді. Ал Файзулла саспасын, жасап беремін деуден танбайтын. Шоң соңғы кезде оның жасап беретініне күмән келтіре бастаған. Содан кейін өзі барып сұрамайтын. Файзулла жасамаса басқа біреуге жасатуды ойлап жүрген. Соңғы рет Жойқынбектен тағы да айтып жіберген. Ол Шоңның сәлемін естіп, «Шоңға айттым ғой, жасап беремін» – деді.