Ел Шоңы. Шаңқай түс. II кітап - страница 46
Шоң үндемей отыр. Әйімкүлдің есі шығып кеткендей болды.
– Әлсен, өлтіресің бе? Бәрінен бұрын қазір пәуеске аударылып, мына балаға жазым болады.
Әлсен оны тыңдар емес. Аттарға қамшыны тағы басты.
– Ештеңе етпейді, Шоң аман болса, әлі талай бала табасың!
Шоң әлі үндемей отыр. Әйімкүлдің жаны шығып кеткендей болды. Аузынан сөз де шықпай қалған бір сәт. Әлсен сол аттың бар жүрісімен айдаған қалпы өз үйінің қасына келіп бір-ақ тоқтады. Шөміш көксау болатын, үй іші қапырық деп қысы-жазы есік алында отыратын. Пар ат жеккен пәуеске екпіндеп келіп есік алдына тоқтағанын жақтырмай қалды. Бірінші пәуескеден Әлсен түскен.
– Әке, Телқозының баласы саған сәлем беремін деп келді.
– Ол қай баласы?
– Әлгі болыс болған баласы.
– Атты айдап келген сол ма?
– Тап өзі!
– Телқозының мына баласы есірік екен ғой. Мені басып кете жаздады…
Бұл кезде Шоң пәуескеден түсіп, асықпай басып, Шөміштің қасына келген. Сөздің шет жағасын естіп қалды ол. Дәнеңе де деген жоқ, келіп қолын алды.
– Сен өзің атты қалай айдайсың?
– Сізге сәлем беруге асығып айдадым.
– Болыс болғандарға есірік тиеді деуші еді, сенде де сондай қасиет пайда болған тәрізді.
– Сізге сәлем беруге асығып келдім деп тұрмын ғой.
– Осы уақытқа дейін қайда жүрсің? Мынауың болыс болудың қызуы ма?
– Иә, болыс болғандар солай жүреді. Мына балаң айтқан, әкем қалжау деген, содан кейін асығып келдім, сәлем беріп қалайын деп…
– Жоқ, мен өлмеймін. Қорықпай-ақ қой. Қартайған өлмейді, ажал келген өледі.
– Ерназардың үлкені менің бабам, қартайған адам жасы жеткен соң күнін санап отырады дейтін. Қартайғанға ажал жақын жүретін көрінеді. Бұлай сөйлегенді қойыңыз!
Шөміш Жанкелді қайтыс болғанда ауырып қалып топырақ салуға бара алмаған болатын. Мына ұлы атасының атын атап алыстан әдейі шолып айтып тұрға болжаған Шөміш. Сөз таусылып қалғандай болды. Дегенмен, мына жас болысқа тигізіп бірдеңе айтқысы келді де:
– Сені орыстар жайдан жай болыс қойып жүрген жоқ екен. Сен жеңдің, мен жеңілдім. Сөзіңнің қатесі жоқ…
Шоң мына сөздің арғы түп-мағынасын түсіне қалды. Бірде әкесі сұраған: «Сені осы болыстыққа ояз қойды дейді. – Телқозы бұл сөзді елден естіген сөзіне байланынысты айтқан еді. – Сол рас па?» Шоң әкесінің бұл сөзіне ренжіп: «Осында өңкей билер сайлады ғой. Оны өзіңіз көрдіңіз!». Телқозының көкейінде «билер сені ояздан қорыққанынан сайлады» сөзі тұр еді. Оны айтпады. Ел әдейі Шоң ояз қарамағында істегендіктен сол үшін сайлап отыр, бастығын сатып алды сөзін ойы-шыны аралас айтқанын естіген кейбір мықтылардан Телқозы. Шоң сонда әкесінің аузынан сол сөзді естігенде ренжіп қалған. Бұл менің дұшандарымның айтатын сөзі деп, әкесіне қатты өкпелеп қалғандай болған сонда. Шөміштің мына айтқанында да соған ұқсас бір мағына жатқанын түсінді Шоң. Соған орай:
– Мені орыстар емес, осындағы сіздердің билеріңіз қойды ғой. Сіз неге келмедіңіз?
– Мен барғанда болыс болып сайланбай қалатын едің!
– Әлі не кеш емес, Ақмолаға біраз билерді ұйымдастырып арыз жасаңыздар, орнымнан шығарады да тастайды.
Шоңның шындап бара жатқанын сезді де, Шөміш артықтау кеткенін білді:
– Тоқадан болыс сайланып жатса, неге ренжимін? Мен саған ойын үшін айтып отырмын ғой. Бұл басы артық сөзді доғар да, үйге кір.
– Басты шаруамды орындадым, сәлем бердім. Енді үйге кірмеймін.
Әлсен Шоңның әлгі өзінің ат айдағанына, әкенің мына сөзіне ренжіп қалғанын білді де:
– Әкей әзілдеп айта береді. Соны көңіліңе алдың ба?