Ел Шоңы. Шаңқай түс. II кітап - страница 51



Арада тағы екі күн өткен еді. Таңертенгі шақ болатын. Шоң өзінің үйреншікті әдетімен серуендеп есік алдында жүр еді, әкесінінің ауылы жақтан екі атты адам осылай қарай келе жатыр екен. Жақындағанда Шоң әкесі мен інісі Малайды таныды. Телқозы мұнда бұрылмай анадайдан өтіп кетті де, Малай ағасының қасына келді. Сәлем берді.

– Ана әкең қайда бара жатыр?

– Мына Аралбайлар аулына барып қайтамын дейді.

– Жайша ма? – деді Шоң.

– Ол жағын білмедім…

Шоң өзінен Малайдың бірдеңені жасырып тұрғанын білді. Телқозы не болса да Малаймен ақылдаспай жұмыс істейтін. Інісі әкесінің неге бара жатқанын білсе де айтпады, бұл да қазбалап сұрамады.

– Әйімкүлдің шайы қайнап түр. Үйге кіріп шай іш, – деді.

– Шай ішетін уақытым жоқ, асығыс шаруам бар. – Малай атына мініп, тебініп қалып жүріп кетті. Шоң да үй сыртына қарай серуендеп кетті. Әкесінің Аралбайлар аулына бара жатқанына көңілінде белгісіз бір күдік жатса да онша мән бере қоймаған. Өйткені, баяғы заманнан қатынастары бар, туыстай болып кеткен адамдар еді. Солардың біреуіне бара жатыр ма деп ойлаған. Шоң ел байқай бермейтін әр руға тән мінез-қылық барын білетін. Аралбайлардың өздерінікі қисық болып тұрса да, өздерін дұрысқа бағалайтын мінездері бар еді. Шоң сол мінезіндерін жақтырмайтын. Кешегі әкесінің сөзі есінде еді, содан ба, көңілін бірдеңе мазалағандай болып, есік алдына қайта оралғанда, үй алдында тұрған інісі Малайды көрді. Оның мына қайта оралуынан бірдеме айтқысы келіп жүргенін білді.

– Неғып тұрсың, үйге кір.

– Асығыс шаруам бар. Кетейін деп тұрмын.

– Әкенді күтіп тұрсың ба?

– Сол да бар…

Сөздің бетін тағы да Аралбайларға бұрды:

– Аралбай көп, кімдікіне кетті?

– Кеттебектікіне.

Кеттебек анау-мынау адамды менсінбейтін, оның үстіне тентектеу мінезі бар адам болатын. Соны біле ме, әкесі онымен онша жақындаса қоймайтын. Әкесінің сол Кеттебек үйіне кеткеніне таңқалды да қойды. Кеттебекте бір шаруасы бар ма деп, тағы да інісінен сұрады.

– Білмедім, – деді Малай.

Малай бір әке, бір шешеден туса да Шоңға ұқсамайтын, жаратылысы басқа еді, айналдырғаны алдындағы малы, сөзі аз, ешнәрседе шаруасы жоқ адам болатын. Әке сөзін екі етпей орындайтын мінезі барын және білетін Шоң. Содан ба, Шоң мен Малай бірімен-бірі онша ашылып сөйлесе бермейтін. Казір Малай сонысын жасап тұр еді.

Ағасының көніл-күйін сезді де, ол кетіп қалды. Әкесінің бірдеңе айтқанын Шоң сезді. Бірақ інісі үндемеген соң бұл да қазбаламады. Әдетте Шоң таңертеңгілік серуеннен келгеннен кейін жазуға отыратын. Бүгін оны жасамады. Әкесінің Кеттебек үйіне бара жатқандығы туралы інісінің сөзі ойын бөле берді. Серуендеп жүргенде Шоң жайдан-жай жүрмейтін. Жазатындарын ой елегінен өткізіп алатын. Бүгін үйреншікті сол әдет тартпады. Басқа жаққа кете берді. Кеттебек үйіне кеткен әкесіне көңілі ауа берді. Енді әкесі туралы, Кеттебек жайында ойлады. «Бұл Телқозы мен Кеттебекті жақындастырып жүрген қандай шаруа» деген ойға беріліп, өзінен өзі мазасызданған. Бұрын Кеттебек туралы әңгіме бола қалса, Телқозы: «Сол Аралбайды қойшы» деп отыратын. Шоң оны білетін. Әкесі Кеттебектің кекірік мінезін онша жақтыра қоймайтын, ашық айтпаса да, Шоң соны сезетін. Осындай екі адамды жақындастырып жүрген не екен, өзіне өзі сұрақ беріп, онысына іштей жауап таба алмады.

Кеттебек Шоңмен қатарлас еді. Осының алдында Аралбайлардың жартысы, Ортау болысы ашылып, соған қарап кеткен. Аралбайдан Құтжан би болыс болған. Құтжанның болысқа өтуіне Шон көмектескен. Кеттебек қанша талпынса да бола алмай қалған. Содан Құтжан үстінен жазу көбейді. Кейін ретін тауып ояздың аузын алды ма, Ыбырай қанша сүйесе де үстінен жазу көбейді. Ояз да сасып қалған сыңайлы. Бір барғанда Шоңмен ақылдасқан еді. «Мына Құтжан үстінен арыз көбейіп кетті, не істейміз» деп сұраған. Бұл айтқан: «Ел жайдан-жай жазып жатқан жоқ шығар, бір себебі болуы керек». «Ендеше, сол болысқа қайта сайлау өткізіп кел» деген ояздың ұсынысынан Шоң бас тартты. Аралбайлар арасында болыс сайлауын өткізсе өзіне пәле болатынын сезді. Содан ояз Шоңмен ақылдаса келіп, Герасимов пен Ыбырайды жіберген. Кеттебек пара берудің арқасында болыс болып алған. Содан өзіне қарсы болғандарға қырғидай тиеді. Бұл хабар Шоңға да жетіп жатады. Шоң Ақмолаға барғанда Ортау болысында болып жатқан жағдайды айтады. Ашуланған ояз Герасимовты жіберіп, Кеттебекті орнынан шығарып тастайды.