Ел Шоңы. Шаңқай түс. II кітап - страница 56



Түс кезі болатын. Шоңдар түскі тамақтарын ішіп жатқан. Қасында бір жігіті бар Кеттебек кірді. Анау-мынау шаруаға оның өзі жүрмейтін. Біреулерді жіберетін. Әкесін екі жылқы беріп жұмсап отырғанынан Кеттебектің мына шаруасы шатағы көп іс екенін, содан кейін әкесін жұмсағанын түсінген Шоң. Кеттебек Шоң көрсеткен жерге отырмай, одан төмендеу барып отырды.

– Кеттебек, жоғары шық, – деді Шоң екінші рет қайталап.

– Шоңке, осы жер де жетеді. – Кеттебек бұрын Шоңды Шоңке деп атамайтын. Бұл жолы басқаша болды. Шоңға «ке» қосып сөйледі. Бұл да өзіне қаратудың амалы екенін Шоң біле қалды. Мына сөз сөйлеу мәнерінен де Қаракесектерге қатты ренжіп келіп отырғанын ұққандай болды.

Аралбайлықтар, көрші отырғандықтан, Ерназарлармен қыз берісіп, қыз алысып, туыс болып кеткен адамдар еді. Бір жағынан сонысын да көлденең тартып келіп отырғанын сезді Шоң. Ертеңгі күні Шоң төрге шық деп айтпаса, қажетті жерінде әңгімеге айналдырып, талай жерде айтып жүретінін біліп, тағы да қайталап айтқан:

– Кеттебек, сенің орның неге төменде болады? Жоғары отыр. Біз құдандалы адамдармыз, – деген сөз Шоң аузынан тағы шыққан соң, болыстың өзіне ықыласы жақсы екенін білді де айтқан жеріне жайғасты.

Кеттебек негізгі шаруасына бармай, анау-мынауды әңгіме етіп біраз отырды. Әкесі айтқан әңгімеден соң болыс өз жағына шығатына сеніп келіп отыр еді. Шоң әкесінің аузынан естіген шаруаға бармаған, Кеттебек де шыдамдылық көрсетті. Шоң оның келген шаруасын ұзаққа созып жібергенін жақтырмай отырған. Мына отырысында шірену, өзін өзі құндау бар екенін ұқты Шоң. Ақыры Кеттебектен тезірек құтылуды ойлап, сөз бастаған:

– Кеттебек жай жүрген жоқ шығарсың, негізгі шаруанды айта отыр, – деді Шоң.

– Біріншіден, көптен бері көріскеміз жоқ, амандасуға келдім. Екіншіден, бір ойламаған жағдай болып қалды… Сөзінің жартысын жұтып үндемей отырып қалды Кеттебек. Бәрін әкесіне айтқан, соны Шоң аузынан есту ойы бар еді. Содан кейін бастамай отырған еді. Шоң отырып:

– Кеттебек бір шаруамен келген шығарсың. Келген шаруанды айта отырсайшы.

– Менің шаруамды сізге Телекең айтқан болуы керек.

– Сенің өз аузыңнан естігім келіп отыр.

Осы арада Кеттебек ағытылып кетті. Мына Қояншы-Тағайлар күн көрсететін емес. Таяуда бір үйір жылқымызды айдап әкетті.

– Ол сіздерге баяғыдан жақсы құдандалы адамдар емес пе, қалай айдап әкетеді?

– Дуанды мына орыстар басқарған соң күшейіп тұр ғой. Ыбырай уақыты болса көрер едім, ығымнан жүрмес еді. Орыстар билеген соң мықты болып барады.

Шоң мына сөзіне қарай қарсы сұрақ берді.

– Қояншы-Тағайлар басқа уездің адамдары. Ақмола орыстарымен қалай тіл табысып жүр екен?

– Қалтаға салған ақша тіл тапқызып жүр ғой.

– Сонда кімге берді деп ойлайсың?

– Кім білген? Қазір Ақмолада анау Герасимов деген орыс бар, содан бастап бәрі пара алады. – Кеттебек әдейі ояздың атын атамай отырған. Өйткені, Шоңның көңілі онымен жақын деп білетін. Содан кейін ояздың атын аузына алмай, тек Герасимовтың ғана атын атаған. Бұл Кеттебектің өзіндік саясаты еді. Өткен жолы Ақмолаға барғанда Ыбырайды салып еді, ол да оязға жол таба алмаған. Болыстарды сайлау билігін Карбышевтың өзі алған соң Ыбырай одан қорқа бастаған еді. Содан екеуі Герасимовқа барған еді. Герасимов отырып, «Ол жақта Телқозин бар ғой, соны саласыңдар ма, оны ояз қолдайды» – деген. Герасимов та бұл шаруаға араласса, Карбышевтен жақсы сөз естімейтінін біліп отыр еді. Содан кейін осылай сөйлеп отырған болатын. Әйтпесе, Герасимов та пара алудан қашпайтын. Ана жолы Ортау болысына Кеттебекті сайлап келгенде Карбышев жақтырмай Герасимовке біраз сөздер айтып тастаған еді. Сірә, ояздың мұнысы Шоңның айтқанымен болып отыр деп топшылаған еді сонда. Кейін Шоң Ақмолаға бір барғанда Герасимов Шоңның өзіне айтқан, анау Кеттебек атты киргиз маған пара берді, бірақ мен алмадым деген. Мұнысы Шоң арқылы Карбышевке жеткізіп қалудың амалы болатын. Алайда, ол туралы Шоң оязға айтпаған еді.