Мейрхан Абдильдин: Өнегелі өмір. Вып. 22 - страница 27



Ең бірінші жәйт мектеп туралы. Жәкең 1949 жылы, он алты жасында, осы колхоздың «Қазақстан» орта мектебін бітірді. Қателеспесем, осы жылы мектепті бітірген балалар тұңғыш рет мемлекеттік емтихандарды өз мектебінің қабырғасында тапсырған. Себебі: бұрын біздің мектептің оқушылары мемелекеттік емтихандарды Павлодарда, не болмаса Ертістің арғы жағындағы Қызыл қоғам деген колхоздың Қызыл-Әскер атындағы орта мектебінде тапсыратын. Мектепті бірінші рет басқа жаққа бармай, өз ауылымызда бітіру, біздің колхоз үшін, Май ауданы үшін бір елеулі жағдай болды. Сондықтан мектеп әдемі той жасап, бұл тойға көп колхоздардың бастықтары, ауданның бастықтары (райисполкомның бастығы Қабашев бас болып), елдің қадірлі ақсақалдары, ата-аналар баршасы қатынасып, салтанатты жағдайда кәмелеттік аттестаттар беріліп, балаларға жарқын болашақ тілеген болатын. Осы тойда Қабашев Жәкеңе бас ұстатқан. Мектеп бітірген балалардың саны бар болғаны жетеу болатын және бұлар сондай ұйымшыл еді. Осы мектептің атағын шығаруда мектеп директоры Шүлембаев Шапағаттың үлесі де мол. Бұл кісі Абай өлеңдерін, жалпы қазақ әдебиетін жетік білетін. Мектепте, елде әдебиетке, әнге, биге үлкен құмарлық болатын. Мектеп балаларының концертіне үлкенді-кішілі лық болып жиылатын. Мектеп оқушысы, апамыз, Хамитова Дәметкен әнші Мұхиттың «Айдайын» салғанда халық ду қол шапалақтап, мәз-мейрам болып, бір сергіп қалатын.

Сонымен не керек, Қазақстанның болашақ жалғыз академик философы, Қазақстан ғылым академиясының вице-президенті, сенатор Жәкеңнің өмір жолы осылай қуанышпен сәтті басталып, халықтың батасын алып еді.

Екінші жәйт ел туралы. 1945-1949 жылдары біздің Қызыл еңбек колхозында, жалпы Май ауданында, еліміздің өсіп даму бағытында бір үлкен дұрыстық бар сияқты еді. Бірінші – бұл еңбек. Жас та, кәрі де, жапа-тармағай еңбек ететін, адал еңбек ететін. Колхозға еңбегі сіңген Қопай, Бықия, Молдажан ақсақалдарды, әкелеріміз Дүйсенбай, Мүтәлда, насыбай Төкенді, ағаларымыз Тәукенді, шешелеріміз Күмісті бүкіл ел шын құрметтейтін, сыйлайтын. Екінші – ауылымызда Қайырбек атамыздай ауыл ақсақалы, жуан Шөкендей білімдар, әңгімеші адам, Дүйсенбай ағамыздай жомарт, кезінде Әйтейдің қара ұстасы аталған Хамит ақсақал сияқты талай қадірлі де, қасиетті де адамдар өмір сүрген еді. Үшінші – елдің оқуға, білімге, ән-биге, өнерге деген құштарлығы зор болатын. Абайдың: «Ғылым таппай мақтанба …», Лениннің: «Оқы, оқы және оқы» – деген өсиеттерінің өмірде орындала бастаған кезі еді. Жақсы оқитын баланың, әнші жігіт пен қыздың, балуан жігіт пен сұлу қыздың есімдері ел аузында көп айтылатын. Тоқа, Дәмелі, Жидебай, Мерғалым, Ерсайын, Қанапия, Амангүл т.б. аттарды ауыл жастары жақсы білетін. Төртінші – арақ деген пәле жоқтың қасы. Әсіресе, жастардың арасында болмайтын. Сондықтан ба, кішінің үлкенді сыйлауы, жастардың ара қатынасы, ауылдағы тойлар бір түрлі ерекше болатын. Міне, осы айтылған елдегі жағдайлар Жәкеңнің азамат болып қалыптасуына өз әсерін тигізгені сөзсіз деуге болады.

Үшінші жәйт – Жер, Су, мал туралы. Осы уақытқа дейін мен Жәкеңнің жас кезінде мектептің, елдің халқының жақсы болғанын сөз қылдым. Бұл шынында да осылай еді. Бірақ сол кездегі халықтың күнделікті өмірінің көп кемістігі, қиыншылықтары да болатын. Үстіне киетін киімнің тапшылығы. Электр жарығының жоқтығы, біздің электр – жетінші, оныншы шамдар болатын. Ауылда телевизор түгіл радио болмайтын. Бүкіл бір колхозда бір машина болған емес, техника деген атымен жоқ. Жегетіні ат, өгіз, тіпті сиырды да жегетін. Шөп машинаға өгіздерді жегетін.