Читать онлайн Бакыт Мадимова - Сөнбес сезім
© Бакыт Мадимова, 2019
ISBN 978-5-4496-4997-3
Создано в интеллектуальной издательской системе Ridero
Автордың беріліп отырған хикаясы өмірден алынған. Мұнда, жасы ұлғайған адамның жауапсыз қалған алғашқы маһаббаты, оның орындалмай қалған арманы және жасы жер ортасынан асқан кезде үмітінің әлі де болса жоғалмағаны туралы әңгімеленеді. Кейіпкерлердің есімдері өзгертіліп берілген.
Үй шаруасымен айналысып жүрген Нүрилә апайдың есіне бір нәрсе түсіп кілемнің үстінде жатқан көпшікке отыра кетті де: «апырау, осы мен биыл нешеге келдім? Өз жасымды да ұмытып қалыппын-ау шамасы.»
Өзімен өзі сөйлесіп отырған апай күліп жіберді де: «аңқылдап алпысым да келіп қалған ба? Бәсе, балаларымның, „туған күніңді атап өтейік“ деп жүргендері сол екен-ау. Айналайын алтындарым, менің туған күнімді ұмытпапты, жандарым. Әкелері осыдан бес-алты жыл бұрын бақилық сапарға аттанса да бәрі сыр бермейді, әкелерін жоқтатқысы келмейді. Бірақ, балаларым қалай айналып толғанса да отағасының орны толар ма екен? Қартайғанда қосағыңнан айырылған қиын екен, қонаққа барсаң да, тойға барсаң да жетімсіреп отырады екенсің. Жә, жарайды, ойламай-ақ қояйын, өмірдің заңы ғой, біреуге ерте, біреуге кеш. Бәрі бір Алланың қолында, бала-шағам аман болсын. Осылардың амандығын, осылардың тілеуін тілеп отырайын» – деп, апай өткен-кеткенді ойлап отырған еді.
– Әже, кіммен сөйлесіп отырсыз? Жаныңызда ешкім жоқ қой! – деді даладан жүгіріп келген он жасар немересі.
– Айналайын қошақаным, бері кел, бетіңнен сүйейін. Өткен-кеткенді ойлап отырғаным ғой – деп жымиды Нүрилә апай.
Нүрилә апай алпысты тамамдап қалса да, әлі ширақ, өңі де сыр бермейді, «асылдың сыры кетсе де сыны кетпейді» деген сөз бар емес пе. Бұл кісінің шашына ақ түссе де, бет әлпетіне әжім енсе де әлі әдемі. «Апа, сізді мал бағатын бір шалға қосамыз-ау деймін, әлі бір шалды күтетін шамаңыз бар» деп, келіндері қалжыңдап тисіп қояды. Нүрилә апайдың екі ұл бір қызы бар. Қызын қияға, ұлдарын ұяға қондырған бұл кісі бақытты ана. Заманымыздың ағымына сай балалары қызмет бабымен жан-жақта жүр. Қызы мен үлкен ұлы Астанада, кіші ұл Алматыда. Ал апайдың қолында жаңағы жүгіріп жүрген он жасар немересі бар. Міне, биыл үшінші сыныптан төртінші сыныпқа көшті, қазір жазғы демалыста. Нүрилә апай Талдықорғанда жеке жайда тұрады. Бұрын ауылда тұрған еді, заман өзгеріп жұмыссыздық бет алғанда бала-шағасымен осы қаланы жағалап келген жайлары бар. Отағасы жер алып үй салды. Балаларын оқытып, құтты орындарына қондырды. Енді осылардың қызығын көреміз дегенде жүрегі тоқтап бақилық болды. Оның көзі жұмылса да балалары әкелерін жоқтатпауға тырысады. Анда-санда үйлеріне келген сайын керек-жарақтарын үйіп-төгіп әкеліп береді. Қыстық отынды дайындап, көмірін түсіріп береді. Апайдың көрші-көлеңдері де жақсы, бәрі бір отбасындай араласып, жақсы-жаманды бірге көріп, қуаныштарына қуанып, қайғысын бірге көтеріп дегендейін, өте мейірімді жандар. Көршінің жақсысы туғаныңнан да жақын болып кетеді ғой, оған да тәубе.
Нүрилә апай жан-жағына қарады да, «үйді келістіріп салдың да өзің мәңгілікке аттандың. Құдай қосқан қосағым едің. Қайтейін. Үлкен кісілер немерелерін ертіп сая-жайда жүргендерін көргенде жүрегімнің шаншып кететіні бар. Егерде сен тірі болсаң біз де солай жарасып жүрер ме едік,» – деп, Нүрилә апай күрсініп қойды.
Апайдың үйі шынымен де келістіріп салынған екен. Қонақ күтетін үлкен бөлмеде осы кезеңде сәнге айналған қабырға шкафы тұр. Бір сөрелерінде кітаптар жиналып тұрса, енді бір сөрелерінде қонаққа ұстайтын әдемі ыдыстар орналасқан. Бұл сөрелер әйнектелген есіктермен жабылған. Ал ашық сөрелерде отағасының, балалары мен немерелерінің әдемі рамаларға салынған суреттері тұр. Апай жаңағы суреттерге қарап: «айналайындарым менің, өсіп, өніңдер, қайда жүрсеңдер де аман болыңдар» – деп, күбірлеп қояды. Апайдың мейірімге толы жанары нұр шашып тұр еді. Бөлменің екінші жағында жұмсақ диван мен екі кресло. Диван мен креслолардың үстінде апайдың өз қолымен тіккен көрпешелер әсем құрақтарымен көздің жауын алады. Диванның жоғарғы жағындағы қабырғада Нүрилә апай мен отағасының жас кездерінде түскен суреттері ілулі тұр. Адамның ең қызықты да, бақытты да шақтары жас кездері емес пе. Нүрилә апай осы суретке қарап, бір нәрсені есіне түсіріп күліп жіберді.
Ол кезде жас, аса ештемені ойламайтын жақсы кезең еді. Бір күні ауылдарына суретші келе қалды. Үй-үйді аралап, суретке түсеміз дегендерді суретке түсіріп жүр екен. Суретші Нүриләнің ата-енесінің үйіне келгенде отбасының мүшелерінің бәрі үйде еді. Үйдегілердің бәрі дұрыс киімдерін киіп, шаштарын тарап дегендей мәре-сәре болып жатыр. Нүриләнің ата-енесі инабатты, парасатты жақсы адамдар болды. Олар келіндеріне өз қызындай қарайтын. Отбасы болып, барлығы бірге суретке түсіп болған соң, енесі келініне қарап, – енді Қайрат екеуің бірге түсіңдер, жастық шақтарыңнан естелік болсын – деп, ұлына басын изеді.
– Апа, түспей-ақ қояйықшы – деп, келіні ұялып төмен қарады. Ол кезде өз баласын аймалап, бетінен сүюге де ата-енесінен именетін еді. Енді күйеуінің қасына бұл кісілердің көзінше қалай отырмақ.
– Болды! Болды, ұялмай-ақ қой! Отыр, бір біріңе жақын отырыңдар! – деп, үйдегілер күліп, екеумізді отырғызып қойған еді – міне, осылай түскен сурет еді. Сонда неменеге ұялып жүрмін? – деп, Нүрилә апай тағы күліп жіберді.
Бұл бөлмеден басқа екі жатын бөлме және ас үй бар. Барлық бөлмелер әдемі жиналған. Апайдың өз бөлмесінің еденінде киіз бен алаша төселген. Балалары, «кілем төсейік» десе де, өз анасынан қалған бұйымдарды тастағысы келмеді. Бұл бөлмеде екі төсек және сандық тұр. Бір төсекте апай өзі жатады, ал екінші төсек отағасынікі болатын. Отағасы бақилық болғалы бұл төсекте он шақты көрпе жиналып тұр. Қанша қонақ келсе де қысылмайды. Ал ас бөлмесіне келетін болсақ, бөлме кең, ортада үлкен, аласа дөңгелек стол. Жерде кілем, столдың жан-жағында жағалай төселген көрпеше, көпшіктер. Бөлменің есік жақ бұрышында қыстың күні от жағатын пеш. Үй түгелімен осы пештен жылиды. Терезеге жақын жерде газ пеші, одан әрі ас бөлмеге арнайы жасалған ыдыс шкафтары.
Бұл үйдің ауласы кең, моншасы да, жазғы ас үйі де бар. Алғашқы күзгі суықтар түскенше апай отбасымен осы жазғы үйде отырады. Тек жатарда ғана үлкен үйге кіреді. Апай жастық шағын есіне алып бір жасап қалғандай еді. Ол кісі көпшігіне отырып, біраз ойланып қалады, – көршіме барып, біраз әңгімелесіп қайтайын, – деп, орнынан тұрды. Ол кісі далаға шықты, күн дегенің әлі ысып тұр екен.
– Талғат-ай, қайдасың? Кешке жақын бақшаны суаруды ұмытпа!
– Ия, ұмытпаймын, – деді көршілердің балаларымен асық ойнап жүрген немересі.
– Бүгін суарып, ертең, бүрсүгіні түптеуіміз керек. Картобымыз да, ұсақ жемісіміз де жақсы көтеріліпті. Сен үйге кіріп біраз тынығып алсаңшы, немесе, анау алма ағашының түбінде көрпе жатыр, соның үстіне жатып ұйқтап ал. Мына шыжыған күннің астында жүргендерің не? – деді апай балаларға қарап.
– Қазір әже, алма ағаштың көлеңкесіне барып отырамыз, – деп балалар шу ете қалды.
– Әй, алманы жұлушы болмаңдар, әлі піскен жоқ, – деп апай ескертті.
Сонымен, толықша келген денесін тік ұстап, аяқтарын жеңіл басып Нүрилә апай көршісінікіне кетті. Көршісінің үйі де үлкен. Бау-бақшасы жайнап тұр. Үйдің ауласында ешкім көрінбеді, сондықтан, Нүрилә апай ауыз үйдің есігің ашып:
– Жамал, үйдемісің!? – деп, дауысын көтере сөйледі.
– Ә, тәте, сізбісіз, келіңіз, жоғары шығыңыз, – деп Жамал апай да бәйек болып жатыр. Жамал Нүрилә апйдан екі-ақ жас кіші болса да, ол кісіні сыйлап, «сіз» деп сөйлейтін.
– Мына күн де ысып кетті жарықтық. Демалып жатыр ма едіңдер, кірмей-ақ қояйын. Көлеңкеде отырып біраз әңгімелесейік, – деп, көршісін далаға шығуын өтінді.
– Жарайды, қазір шығайын, кішкене немеремді ұйқтатып жатыр едім.
Бұл Медет деген кісінің үйі. Жасы алпыстың мол ішінде, төрт баласы бар. Бәрі ержетіп, өз алдына бір-бір үй болып отыр. Кемпір-шалдың қолында ең кенже ұлы тұрады. Ол да үйленіп, кішкентай нәрестелі болды. Ұл мен келін қызметтерінде, ал кішкентай Аяулымға атасы мен апасы қарайды. Міне сол немересін Жамал апай ұйқтатып далаға шықты.
– Xалдарыңыз қалай, жайша жүрсіз бе? – деп Жамал көршісіне қарады.
– Е, үйде отырған кісіде не жұмыс болушы еді? – деп Нүрилә апай күліп қойды – кел отыр, біраз әңгімелесейік. Отағасы қайда, үйде ме?
– Жоқ, бір шаруалары шығып көше жаққа кетіп еді. Ал бұйымтайыңызды айта отырыңыз. Әйтеуір, аманшылық па?
– Құдайға тәубе, аманшылық. Балаларым, «алпысқа толасыз, соны атап өтейік,» дейді. Жамал-ау, баяғыда әке-шешеміз туған күнді тойлатпаушы еді. Марқұмдарым, жатқан жерлері жайлы болсын, бұрын қазақтар «күнім өтіп бара жатыр деп, жылаушы еді. Қазіргі жастар күндері өткен сайын қуанады» деп айтушы еді жарықтықтарым. Енді ол заман басқа, бүгінгі заман басқа. Сонымен, ұзын сөздің қысқасы, балаларым мейрамханаға тапсырыс берейік дейді. Оған мен көнбей отырмын. Құдайға тәуба, үйіміз кең, ауламыз да кең. Шақыратын меймандарымыздың бәрі де сыйяды, емін-еркін отырамыз. Қалай деп ойлайсың, Жамал? Менен бір-екі-ақ жас кейін тусаң да, көпті көрдің ғой.
– Тәте, сіздің де айтқан ойыңыз дұрыс, балаларыңыздың да айтқандары дұрыс деп ойлаймын. Жастар жастарша ойлайды ғой. Ең алдымен шақыратын қонақтарыңыздың тізімін жазыңыз, соған қарай мәселені шешуге болады.
– Сенікі ақыл екен, үйге барып ойланып көрейін, – деп, Нүрилә апай орнынан тұрды – Кейінгі кезде тізем ауратынды шығарды, келінім тізеге жағатын жақпа май әкеліп беріп еді, соны жаға қояйын барып.
– Ондай жақпа майды ұйқтар алдында, төсекке жатарда жаққан дұрыс болады. Аяғыңызды қыздырып жақсы болып қаласыз. Мен де соның біреуін жағып жүрмін, тәте, – деп Жамал апай да өз білгенін айтып жатыр.
Сонымен, Нүрилә апай үйіне келіп, немересінің кітап сөресінен бір парақ қағаз бен қаламды қолына алды. Кезінде бұл кісі дүкенші болып қызмет істеген еді, сондықтан есеп-қисапқа жүйрік болатын. Үйдің жанындағы дүкенге не базарға барып оны-мұны алып сауда жасағанда да сатушыдан бұрын есептеп қоятын.
– Ей балам, мына алған заттарым 815 теңге тұрады. Міне саған 1000 теңге, осыдан алатыныңды алып маған 185 теңге қайырасың! – дегенде жас дүкеншілер ішек-сілелері қатқанша күлетін.
– Ой апа, бізден бұрын санап қойдыңыз ғой. Біз санау білмейміз. Мына калькуляторға үйреніп алған да жаман екен, – деп, аса сүйіспеншілікпен үлкен кісіге қарайтын.
Енді мінеки, сол апамыз шақыратын қонақтарының тізімін жаза бастады. Ең алдымен туған-туыстарын, содан кейін жолдас-жораларын және көрші-көлеңдерін тізіп жазып қойды. Бәрін санағанда алпысқа жуық адам болды. «Балаларыма көрсетейін, не дер екен. Үлкен мейрамхана не керек. Күн жаз, жер кең. Үйде ұзын, ұзын столдар, ұзын-ұзын орындықтар бар, жетпегенін көршілерден алармыз. Қазан-ошаққа көмектесетіндер жетіп артылады. Құдайға тәубе, қазір дүкенде бәрі бар, ақшаң болса болды.» – деп, апайымыз далаға шықты. Күн еңкейіп қалыпты.
– Талғат, қайдасың? Бақшаны суаруды ұмытпа!
– Ия, әже, ұмытқаным жоқ, қазір арықтағы суды біздің бақшаға қарай бұрамын – деп, немересі жүгіріп кетті.
– Кішкене ғана қарғам-ау, осы бала болмаса не істеймін мен. Ертең үлкен ұлдың да ұл-қызы келеді, олар да жазғы демалыстарына шықты. Біреуі колледжде екіншісі универститетте оқиды. Жандарым адам болсын, адал болсын, қайда жүрсе де аман болсын, – деп, апамыз күбір-күбір сөйлеп қояды.