Сөнбес сезім - страница 5
– Ал енді жүн сабаңыздар, оны түтіңіздер, ұршық ұстап жіп иіріңіздер, – деп асаба би қимылдарын «бишілердің» естеріне салып тұр, – шапалақ қайда, шапалақ! «Бишілерді» демеп, шапалақты аямаңыздар!
Қарап тұрған жұрт күліп, шапалақтай бастады.
– Жарайсыздар, әжелер! Міне сіздерге сыйлық! – деп, Нүрилә апайдың қызы әжелердің иықтарына бір-бір жібек орамал жапты.
– Ал енді қазақтың халық биі «Қара жорға!» Бұл биді «Буын биі» деп те атайды, – деп, асаба жігіт жұртты тағы да биге шақырды. Бұл би той-томалақтың сәні болып табылады. Кейіннен қайта жаңғырған осы би кеңінен тарап кетті. Әуелі бала-бақшада да, мектепте де осы биді кеңінен насихаттап үйретеді. Мектептерде таңғы жаттығулардың орнына осы биді билейтін болыпты. Бұл қуантатын жағдай. Сонымен, «Қара жорға болмаса бидің сәні келер ме, бүрмелі көйлек кимесе қыздың сәні келер ме…» деп, би әуені осы тұрғандардың бәрін еліктіріп әкетті. Жасы да, кәрісі де билеп, көңілдері сергіп қалды.
– Ал ағайын, той сүйер қауым! Дастарханға шақырамын, тойымызды жалғастырайық, – деп, асаба бәрінің орындарына отыруларын өтінді. – Осы дастарханды Нүрилә апайымыздың құрбы-құрдастары, қызметтестері өз тілектерін айтып, бүгін «он сегізге» толып отырған апайымзды, туған күнімен құттықтауларымен бастасақ деймін. Осы мерей тойда Нүрилә апайымыздың Күлтәй деген қызметтес болған құрбысы отыр екен, сөзді сол кісіге бергім келіп тұр. Кәне, өз тілегіңізді айтып, артынан ән шырқатарсыз!
– Айналайын асаба, тілегімді айтайын, бірақ ән шырқамаймын – деді де, жымиып Күлтәй орнынан тұрды, – әнші мына Дәриға, тамылжытып сол шырқасын. Ал енді мына тойға келетін болсақ, той деген тамаша өтіп жатыр. Кезінде Нүрилә екеуміз бір мекемеде қызмет атқардық. Нүрилә өзінің адалдығымен, ақылдылығымен, көрегендігімен ұжымымызда өте сыйлы болды. Шешілмей жатқан мәселе болса осы Нүриләға жүгінетінбіз. Ол үшін шешілмейтін ешқандай мәселе жоқ, бәрін жіліктеп, орын-орнына қойып, түсіндіріп беретін. Енді міне бүгін Алпысқа толып, мерей тойын тойлатып отыр. Нүрилә, туған күнің құтты болып, ең бастысы денің сау болсын. Аллам бойыңа қуат беріп, балаларыңның қызығына тоймай жүре бер. Құдайға тәуба, немере сүйдің, енді шөбере, немене, шөпшіме сүй. Бүгін міне алпысқа толсаң тағы алпыс жаса деп тілеймін. Сол тойыңда осылайша бәріміз тойлатып, әндетіп отырайық…
Әрі қарай Күлтәйдің не айтып тұрғанын Медет ақсақал естіген жоқ. Ол кісі өзімен өзі болып, жүрегі тулап, бей-жай болып отыр. «Міне осы дауыс, менің Күлтәйімнің дауысы. Мен қалайша бірден танымадым екен? Ол мені танымағанға ұқсайды. Қайдан танысын, менің оған бала кезімнен ғашық болғанымды ол білмейді де ғой. Мен оған сырттай ғашық едім. Ол десе ішкен асымды жерге қоятынмын, оған ешкімді жақындатпайтынмын. Осы балалық алғашқы маһаббатым өмір бойы жүрегімде сақталып келді. Жүрегімнің бір бұрышынан орын алып «мен мұндамын» деп, лүпілдеп тұрғандай еді. Ол кезде он үш, он төрттегі боз баламын. Күлтәйлардың үйлерінің маңында үлкен қой тас жатушы еді. Сол қой тастың үстінде шошайып, «кеудесінде қызыл кәжекейі бар, шашын екіге бөліп бұрымдарына шолпы таққан қыз, шолпыларын сыңғырлатып қашан үйінен шығар екен, бір көріп қалсам-ау,» – деп отыратынмын. Бір күндері: «осы бала қашан көрсем де осы жерде отырады, анау қызыл жейде киген баланы айтамын, не қылса да біреуді күтіп отыр-ау, ә,» – деп Күлтәйдің апасының айтып жатқанын естіп қалдым. «Ол балада не шаруаң бар, отыра берсін, одан дағы дастарханыңды жай, мал да келетін уақыт болды,» – деген Күлтәйдің атасының дауысын естідім. Ол кезеңде балалар әкелерін «ата», аналарын «тәте» деуші еді. «Енді міне, сол Күлтәйім, қолым жетпеген менің арманым, алдымда, той иесіне тілектерін айтып, ағынан жарылып тұр.» – Медет ақсақал осылайша ойланып, толқып отырды.