Сөнбес сезім - страница 7



Аңқылдап алпысым да келіп қапты,
Жиырма бесте көңілім менің әлі.
Қартаймайды екен көңіл шіркін,
Байқамадым ұлғайып қалғанымды.
Кәрі деуші ек бала кезде қырық жасты,
Адамның қылшылдаған екен кезі.
Мойындап тұрмын міне артыма қарап,
Менің бүгін алпысқа толғанымды.
«Анасы бар адамдар қартаймайды», —
Деп, халқым айтқан екен дана сөзді.
Анам үшін әрдайым сәби болып,
Ойламадым анам бар да көп нәрсені.
Қандай үлкен дана сөз «АНА» деген,
Бүкіл әлем тіршілігі анада екен!
Мейірім, күш-қуат – бәрі анада,
Жаңылмаймын, сарқылмас бұлақ десем.
Келдіңдер мерей тойға міне бүгін,
Көп сөйлеп бастарыңды ауыртпайын.
Би билеп, ән шырқаңдар күліп-ойнап,
Келмейді алпыс деген күнде ағайыным!
Бас иіп айтайын мен рахметімді,
Сыйлап келген өздеріңе бүгін мені.
Осындай туыстарым, достарым бар,
Мақтанышқа бүгін менің жаным толы! —

– Денсаулықтарың мықты болып, әр отбасында осындай той бола берсін! – деп, Нүрилә апай сөзін аяқтады.

– Апай, өзіңіз ақын екенсіз ғой! Кәне, ду қол шапалақ! – деп асаба жігіт бәрін биге шақырды.

Тойдың қалай аяқталғанын онша сезбеген Медет ақсақал үйіне қарай жылжыды.

– Өзіңе не болған, көңіліңді көтеріп, жарқырап отырмадың ғой?! Анау Күлтәй деген әйелден көзіңді алмадың, – деп сөйлеп, Жамал апай да бір елі жанынан қалмай келе жатыр.

– Қойшы, не болса соны айтпай. Бәріне қарап отырдым ғой. Қан қысымым көтеріліп кетті ме, әйтеуір басымның ауырғаны басылмады. Одан дағы көп сөйлемей, үйге жүріп қан қысымымды өлше, – деп, Медет ақсақал өз жайын әйелінен жасырғандай болды.

– Басың ауырса барып дәріңді ішпедің бе, – деп Жамал апай да қояр емес.

Сонымен қойшы, тойдан кейін біраз уақыт өтті. Бір күндері Медет ақсақал бір нәрсені сылтауратып Нүрилә көршісінің үйіне барды. Нүрилә апай қоюлап шығарып, дәмдеп шай ішіп отыр екен.

– Аманбысың көрші, хал-жағдайың қалай? Тойдан кейін демалдың ба? – деп ақсақал көршісіне сұрақтарын жаудыртты.

– Рахмет, аманбыз, құдайға тәубә. Кел, менімен бірге шай іш. Өзім жалғыз шай іше ала алмай отыр едім, келгенің жақсы болды, – деп Нүрилә апай да бәйек болды. – Жамал қайда? – деп сөз арасында сұрап қояды.

– Жамал әлгі кішкентайды суға түсіріп жатыр. Ұл мен келін жұмыстарында. Менің саған айтар кішкене ғана бұйымтайым бар еді. Қалай айтарымды да, неден бастрымды да білмей отырмын.

Ана Жамал замандасыңа айтып қойма, ол түсінбей жүрер, – деп ақсақал ескерту жасады.

– Ол не бұйымтай еді? Сұрайын деп отырғаның адамның басы, аттың құны емес шығар? – деп, Нүрилә апай көршісіне қарап күлді.

– Мен айтайын, бірақ сен күлкіге айналдырма, – деп өтінді ақсақал – анау күні Күлтәй деген қызметтес құрбың келіп еді. Алдында оның әкесінің атын сұрап едім ғой өзіңнен, есіңде ме?

– Ия, ия есімде. Ол Күлтәйға не болыпты? – деп апай жұлып алғандай көршісіне қарады.

– Жо-жоқ, ештеме болған жоқ. Сол Күлтәй ма, жоқ басқа Күлтәй ма деп алдында сонша мән бермеп едім, анау күні көргенде өзін әзер таныдым. Бала кезімізде ауылда көрші, көрші болғанда да бір көшеде тұрып едік. Содан бері елу жылдан астам уақыт өтіпті. Ол, әрине мені таныған жоқ, тіптен шырамытқан да жоқ.

– Әрине, «елу жылда ел жаңа» деген сөз бар емес пе. Ол кезде бала болдыңдар, енді міне өстіңдер, өндіңдер, ұлғайдыңдар, біреуің кемпір, екіншің шал болдыңдар. Қайдан танысын ол, замандас-ау?! – деп апай көршісіне қарап қулана жымиды. Апайдың көздерінде бір от жалт-жұлт етіп сұрақ тұрды, – өзің сол кезде Күлтәйға ғашық болғаннан саумысың? – деп апай күліп жіберді.