Сарман алты таңба кітабы - страница 22
Ерұлан зеңбірегін оқтап, оны қақпаға бағыттап қойды да:
– Жылқыларыңды бекем ұстаңдар және сарайға жақын тұрыңдар, – деп сыбырлай сөйлеп, қолымен артқа шегініңдер дегендей жауынгерлеріне белгі берді.
– Сендер кімге қарсы шығып тұрғандарыңды білесіңдер ме? Қаруларыңды тастап, беріліңдер, баланы бізге беріңдер, осы істегендеріңе көз жұма қараймыз және сендер бұрынғыша өмір сүре бересіңдер; естіп тұрған боларсың, Ерұлан, бәрібір қаладан шыға алмайсың – барлық қақпалар жабық және сарбаздар саны да көп. Сенің тек бір-ақ таңдауың бар – баланы бізге бер, мен саған ойлануға уақыт берем, – деп Дат дауысын көтере сөйледі. Сосын Дат қасындағы жауынгерлеріне:
– Қақпа бұзғышты дайындаңдар, – деп бұйырды.
– Одан да бірден шабуыл жасап, баланы тартып алармыз, – деді сарбаз.
– Жоқ, бала бізге тірідей керек, сондықтан біз оларды көрмей жатып шабуылға шыға алмаймыз, көрейік соңына дейін не болатынын, бәрібір бізден қашып құтыла алмайды, олар торға түскен тышқандай, – деді.
Жауынгерлер көп ұзамай бұзғышты дәл Ерұланның табалдырығының төбесінде ұстап, онымен соққы жасауға дайын болды.
– Ерұлан, текке қан төгіп қайтесің, тыныш баланы бер де, осы жерде мына ақымақтықты тоқтат! – деді Дат, қолын аспанға көтеріп сарбаздарға күтуін ескерткендей.
Бір сәт тыныштық орнап, екі жақ та өздерінің қолбасшыларының бұйрығын күтті. Ерұлан қолына от ұстап зеңбіректі атуға дайын тұр, оның тынысы тарылып, маңдайынан суық тер бөлінді.
– Ерұлан, сенің уақытың тәмам болып қалды, мені қан төгіп, күш көрсетуге мәжбүрлеме, егер біреу зардап шегетін болса, онда ол сенің мойныңда – беріл! – деп Дат айқайлап, қолын ақырындап түсіре бастады. Ерұлан қақпаға қарап, терең тыныс алып:
– Ешқашан, – деп айқайлады, Ерұлан сарбаздарына бұрылып. – Мен мұны ешқашан адамдарға қолданамын деп ойлаған емеспін, – деп зеңбіректі атты, одан шыққан оқ артында сап-сары шоқ ұшқынын қалдыра, көз ілестірмес жылдамдықпен, қақпаға соғылып жарылды. Жарылыстан қақпамен қоса оның арт жағындағы сарбаздарды үйілген асықтарға келіп тиген сақа сияқты, жайратып салды.
Қақпаның оң жағында тұрған Датқа қақпадан ұшқан ағаш қалдығы, сол иығына қадалып, оны атынан ұшырып түсірді, бірақ үстіндегі ауыр сауытының арқасында, оның денесін ағаш тесіп өткен жоқ, тек бір елі ғана кірді, алайда құлағының шыңылдағаны соншалықты, айналасындағы бірде-бір дыбыс оған естілер емес, не болғанын түсінбей ол кішкентай бала сияқты жерде еңбектеп жүрді. Айнала көк түтінге оралып, мұрын жаратын оқтықтың иісі ауаны басты. Бұрын-соңды мұндай жойқын дауысты естімеген сарайды қоршаған сарбаздардың жылқылары қала көшелерімен жан-жаққа бытырай қашты, тіпті жауынгерлердің өзі оларды тыныштандыруға асыққан жоқ. Бұл көріністен кейін Ерұлан өз қаруының неге қабілетті екендігін көріп, жас балаша қуанды, бірақ бір жағынан қаруды адамдарға қолданғаны үшін ол өзін күнәлі сезінді.
Осы сәтте сарайдан бір шақырым жерде көпірдің жанында оларды күткен Батыра мен оның жауынгерлеріне жарылыстың дауысы естілісімен:
– Мынау Ерұлан айтқан белгі шығар, қызық, ақымақ не істеді екен? Әлгі өзінің айтқан қаруын қолданған шығар, – деп Батыра мұрнының астынан сөйледі де, – кәне жігіттер, олар бізге қарай келе жатыр, дайын болуымыз керек, – деді ол, ал сарбаздар артынша садақтарын дайындықта ұстады.
– Тоқтаңдар, күтіңдер, – деп Ерұлан айқайлап, екінші рет зеңбіректі оқтады, енді ол қақпаның сол жағын көздеп, тағы да бір от шашты, зеңбіректің оғы қабырғаны қиратып жарылмай, көшенің арғы бетіндегі қабырғаға соғылып жарылды, екінші жарылыс олардың жолдарын толықтай ашты, сарайды қоршаған аттар, жан-жаққа бытырап қашып кетті, жарылыстың толқыны онсыз да есеңгіреп отырған Датты шалқасынан түсірді.